Ұлы Жібек жолының тарихы – адамзатқа ортақ құндылық. Батыс пен Шығысты жалғап жатқан қасиетті жол әлем елдерінің арасындағы алтын көпірге айналған. Сол арқылы өркениеттерге кең өріс ашылды. Экономикалық және рухани байланыстар қанатын кеңге жайды. Халықтар достығына зор ықпал етті. Оның бәріне кәрі тарих куә.
2013 жылдан бастап Оңтүстік Корея Республикасы өткенге тағзым ретінде «Ұлы Жібек жолы бойындағы достық пен әріптестік» деген жазуы бар ескерткіш-белгілер қоюды қолға алыпты. Бүгінгі таңда Қытай, Иран, Өзбекстан, Үндістан және Түркия мемлекеттерінде осындай белгітастар орнатылған. Сол игі дәстүр енді біздің елімізде жалғасын тапты.
Жақында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде ескерткіш-белгінің орнатылуына арналған салтанатты рәсім өтті. Оған Оңтүстік Кореяның Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен бастаған арнайы делегация өкілдері келді. Шетелдік қонақтарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастығы Ақан Әбдуали, аудан әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Құдайбергенов, «Есік» қорық-музейінің директоры Гүлмира Мұхтарова, белгілі тарихшы ғалымдар мен археологтар қарсы алды.
Кореялық қонақтар ең алдымен музейдегі экспозиция залдарын аралады. «Есік» қорық-музейі мен Оңтүстік Корея ғылыми мекемелері арасындағы әріптестік байланыстарға арналған фотокөрмемен танысты. Алтын Адамға қатысты жәдігерлерге зер салып, оның тарихына ден қойды.
Ескерткіш-белгінің ашылу салтанатында сөз алған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы айтулы шара екі ел арасындағы ынтымақтастықтың айқын көрінісі екеніне тоқталды.
– Қазақстан Оңтүстік Кореямен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан Орта Азиядағы тұңғыш мемлекет. Бүгінде кореялық және қазақстандық ғалымдар тарихи ескерткіштерді бірлесе зерттеу жұмыстарын жүргізуде.
Жібек жолы бойындағы ескерткіш-белгі осы музей ауласына бекер қойылып отырған жоқ. Өйткені, Алтын Адам адамзатқа ортақ құндылық ретінде ЮНЕСКО-ның тізіміне енген жәдігер.
Өткенді өнегелеудің үлгісін көрсеткен кореялықтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – деді министр.
Өз кезегінде Кенсанбук-до аймағының губернаторы Ким Кван Ен ежелгі Жібек жолы екі ел үшін ортақ тарих екенін тілге тиек етті.
– Бабаларымыз жүріп өткен жол бүгін болашаққа деген бағдаршамға айналды. Жол бойындағы тарихи ескерткіштер бәрімізге ортақ құндылықтар.
Дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстанның бүгінгі келбетіне қарап қуанамыз. Татулығымыз артып, ынтымағымыз жараса берсін. Ескерткіш-белгі соның басты дәлелі. Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Өскелең ұрпақ сол сабақтастықтың жібін үзбей жалғастырады. Біз оған кәміл сенеміз, – деді Ким Кван Ен мырза.
Шара соңында екі елдің өнерпаздары жиналған көпшілікке концерт қойып, өздерінің ұлттық дәстүрлерін паш етті. Оңтүстік Кореяның Кэменг университеті таэквондо командасының ұл-қыздары шеберліктерімен тәнті етсе, «Торпи» тобы мың бұралған билерімен көрерменге қол соқтырды. Қазақстандықтар да өз ерекшеліктерімен қонақтардың көңілінен шықты.
Еңбекшіқазақ ауданы
Болат МӘЖИТ




