Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бапи Президент Тоқаев айтқан отаншыл кадрлар Мәжіліс депутаттары арасында да бар екенін жеткізді.
Күні кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында отаншыл кадрлар керек екенін айтты.
«Алдымызда ауқымды міндеттер тұр. Оны алдағы бес жылда орындауымыз керек. Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз», — деді Мемлекет басшысы.
Осы ретте Мәжіліс депутаты Президент атаған кадр мәселесі тақырыбы өзекті екенін атады.
«Алдағы бес жылмен президенттік құзіреттің жеті жылдық мерзімі шектеледі. Яғни Президент Тоқаев — өз мойынына алған міндеттер орындалғаны жөнінде халық алдында рапорт беріп кетуге түбегейлі оқталған адам. Ендеше «оқталған адамның» талабы да, кәрі де қатты боларын үдірейген Үкімет қапер қылу керек! Бұл мақсаттың мүлтіксіз және сөзсіз орындалуы Президентке парыз болса, үкіметке үлкен міндет болмақ», — деді депутат.
Сондай-ақ бұндай кадрларды табу үшін Марстан іздеудің қажеті жоқ екенін алға тартты.
«Бізге, ең алдымен, білікті және ел мүддесін ойлайтын отаншыл кадрлар керек. Дәл осындай мамандарды тауып, оларды басшылық лауазымдарға тағайындаймыз» — деді Президент. Мұндағы тірек сөз – «табамыз»! Ал «басшылық лауазымға тағайындайтын» мұндай кадрларды алыстан немесе Марстан іздеу қажет емес. Олар біздің жанымызда жүр», — деді Бапи.
«Жанымызда жүр» демекші, халық қалаулысы олардың атын атап, түсін түстеп берді.
«Айтпақшы, ондай «сен тұр, мен атайын» дейтін жұлынып тұрған және өзінің елін Президентпен бірге өзгертуге құлшынысы қайнап тұрған жастар осы залда да отыр. Мен оларды өз көзіммен күнделікті көріп жүрмін. парламенттік партада қатар отырған Жанарбек, Елнұр, Ринат. Бұлар — нағыз президенттік талапқа лайық жігіттер!.. Ерлан Жақанұлы, ең бастысы былықпен былғанбаған, азаматтық ерік-жігері таза жас депутаттарды атқарушы билікке «делегировать» ететін кез келген сияқты. Оларды мемлекеттік органдардың шарығында шыңдап, оты мен шоғына қақтап алып, нағыз мемлекетшіл тұлға қалыптастыру — халықтық қажеттілік болса керек!» — деді ол.
Фото: parlam.kz