Текелі қаласында тау-кен саласының ардагерлері мен мамандарының құрметіне арналған Кеншілер күні сән-салтанатымен атап өтілді, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Шараға ауыр өндірісті өрге сүйреген сала ардагерлері, қатардағы кеншілер, шаһар жастары мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты. Текелі моноқаласының өндірістік әлеуетін арттыруда, инфрақұрылымын дамытуда тау-кен өнеркәсібінің орны бөлек. Мерекелік кеш барысында кеншілердің қаланың қалыптасуы мен гүлденуіне қосқан зор үлесі, мамандыққа деген адалдығы және көпжылдық еңбегі ерекше атап өтілді.
Жетісу өңірінде өндіріс саласын жаңғырту мен жұмысшы мамандарды қолдау басты назарда тұр. Салтанатты жиында қала әкімдігі атынан сала ардагерлеріне ізгі тілектер айтылып, өндірісті өркендетуге сіңірген еңбегі үшін бірқатар азамат Алғыс хаттармен марапатталды.
Марапатталғандар қатарында Манап Әуесханұлы Туткушпаев, Ришат Аминұлы Кунафин, Сабыржан Сағидоллаұлы Галиулин, Анатолий Константинович Стрельцов және Евгений Трофимович Тарасюк бар.
Шалғай өңірлердегі еңбек адамдарын ұлықтау – кейінгі ұрпаққа өнеге. Мерекелік шараның мазмұнды бөлімдерінің бірі жастар мен сала ардагерлері арасындағы ашық диалог болды. Кездесуде аға буын өкілдері кеншілік мамандыққа келген алғашқы жылдары, жерасты жұмысының қиындығы, еңбек жағдайы мен ұжымдағы өзара қолдау жөнінде сыр шертті. Жас буын өкілдері өзгеше кәсіптің қыр-сырына қанығып, көкейдегі сауалдарына тұщымды жауап алды.





