Туризм және спорт министрлігі 2029 жылға дейінгі Туризм саласын дамыту тұжырымдамасын өзектендіріп, тиісті Үкімет қаулысын қабылдады, – деп хабарлайды 7-su.kz ақпараттық порталы.
Құжаттағы іс-шаралар саны 45-тен 66-ға артты. Жаңартылған жоспар инженерлік, көлік инфрақұрылымын дамыту, цифрландыру, визит-орталықтар салу және стратегиялық инвесторларды тарту сияқты басым бағыттарды қамтиды. Тұжырымдаманың маңызды жаңашылдығы – өңірлердегі туризмді дамытудың бірыңғай стандартын енгізу. Енді облыстық жоспарлар Туризм және спорт министрлігімен келісілгеннен кейін ғана бекітіледі.
Өңірлердің жұмысын шынайы бағалау үшін ұлттық рейтингтік жүйе мен салалық басшыларға арналған KPI көрсеткіштері іске қосылады. Бұл қадам мемлекеттік саясаттың тиімділігін арттырып, туристік инфрақұрылымды сапалы дамытуға жағдай жасайды. Сонымен қатар жеке саяхаттауды ынталандыру мақсатында Tourism Village, ат туризмі және «Жанды сабақтар» жобалары қолға алынады.
Тұжырымдаманы іске асырудың нәтижесі ауқымды. 2029 жылға қарай туризм саласының жалпы қосылған құнын 6,3 трлн теңгеге жеткізу, ал инвестиция көлемін 260 млрд теңгеге дейін ұлғайту көзделеді. Саладағы жұмыс орындарының саны 800 мың адамға өседі. Ішкі туристер ағыны 11 млн, шетелдік қонақтар саны 4 млн адамға дейін көбеймек. Сондай-ақ Қазақстан Саяхат және туризмді дамыту индексі бойынша үздік 50 елдің қатарына кіруді мақсат етті.
Туристік инфрақұрылымды дамыту және инвестиция тарту – ел экономикасының тұрақтылығына оң әсер етеді. Өңірлердегі туризм әлеуетін арттыру арқылы Қазақстанның әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігі нығаяды.





