Ұлт ұстазы Ахаңның «Газет – халықтың құлағы, көзі һәм тілі» ұлағаты әлі мәнін жойған жоқ. Жазғаны уақыт тынысымен үндескен, мақаласы қоғам дертін тамыршыдай дөп басқан, «өзі бір күндік, сөзі мың күндік» облыстың ата басылымы «Jetіsý» газетінің тілшілер қосыны әдеттегідей ел ішін аралап келді. Бұл жолғы бағыт – Күреңбел топырағы. Оқу һәм көңілге тоқу кемшін қалған уақытта газет жанашырларын молайту мақсаты да көзделді бұл сапарда. Кербұлақ ауданының атқамінерлері ғасырдан асқан жасы бар төл басылымның оқырмандары Күреңбелде көп екенін, әлі де көбейетінін жеткізді. Лайым солай болғай. «Арқалағаны алтын, жегені жантақ» журналистер бұл өлкедегі оңтайлы істерді қаламға арқау етіп қайтты.
Аядай ауылдағы айтарлық іс
Аудандағы Доланалы ауылында алпысқа жуық түтін бар. Аядай ауылдың ахуалына көз сүйсінеді. Бұрынғы жылдарға қарағанда көптеген әлеуметтік мәселе шешімін тапқан. Ауызсу бар, газ желісі тартылған, жолдарға асфальт төселген. Көшелер түнде самаладай жарқырайды. Медициналық пункт пен балалар ойын алаңқайы салынған. Енді жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылуда. Мұндағы жұрт: «Қаладағыдан кем өмір сүріп жатқанымыз жоқ» дегенді айтады.
Осы ауылдың тумасы Оразбек Жексенбеков мұндай өзгерістерді қуанышпен қабылдағанын жеткізді. Айтуынша, ауылдың басты кәсібі егіншілік. Бірақ, бұл мал шаруашылығы жоқ дегенді білдірмейді. Елді мекен тұрғыны өмір сүру сапасының артуы жастарды ауылға әкелуге түрткі болса деген ниетін жасырмады. Анығы сол, жастардың қарасы аз. Арман қуып қалаға кеткендердің көбі кері оралмайды. Сондықтан тұрғындардың 80-90 пайызы аға буын өкілдері. Мұны айтқан ауыл ақсақалы Мұхамеджан Абайдың сөзіне сенсек, ірі орталықтарда Доланалы ауылының тұрғындары көптеп кездеседі. Тіпті, ақсақал жастарды ауылға қызықтырудың амалы ретінде жаңадан тұрғын үй салып, жас отбасыларға мүмкіндік беру жайын аудан әкіміне жеткізгенін айтып отыр.
– Қазір ауылымыздың жағдайы жақсы. Инфрақұрылымдарға қолжетімділік артты. Жоғары жылдамдықты интернет желісі салынуда. Осындай жағдай жасалып жатқанымен ауылда тұрақтап қалған жастар аз. Қазіргілер интернетке құмар. Кез келген дүниенің пайдасымен қатар зияны да қатар жүреді. Желіні ашсаң, қым-қуыт оқиға, шым-шытырық жайттар. Алайда, зияны жоқ, пайдасы ұшан-теңіз газет-журналды оқитындар аз. Дәуірлердің үнінен сусындап, «өзі бір күндік, сөзі мың күндік» газет оқитындар көп болса, елдің келешегі келелі болады. Осыны бала тәрбиелеген әр тұрғын ескерсе, – дейді Мұхамеджан Абай.
Жоғарыда айтқанымыздай ауылдың жағдайы қазір әлдеқайда жақсы. Ауызсу мәселесі 2017-2018 жылдары желі тарту нәтижесінде шешілген. Ауыл ішіндегі жолдар 2023-2024 жылдары толықтай жасалған. Былтырдан бері газдандыру жұмысы жүзеге асып, тұрғындар көгілдір отынға қосылуда. Бірақ, бір мәселе – ауылдағы көп үйдің құжаты дұрыс емес. Ауыл ақсақалының айтуынша облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың аудан тұрғындарымен кездесуінде Жанат Жүнісбековке үй иелерінің газ желісіне қосылуын жеделдетуді тапсырған. Аудан әкімі өз кезегінде «Газ Аймақ» компаниясымен бірлесіп, күреңбелдіктердің жеңілдетілген тәсілмен тұрғын үй жоспары негізінде техникалық шарттар алуын, меншік құқығын растайтын құжаттарды кейін толықтыруды қарастырудың негізінде көгілдір отынның игілігін көру мүмкіндігін ұсыныпты. Осындай тиімді жағдайдың арқасында тұрғындар газға қосылуды жеделдетуде. Мәселен, ауылдағы Мәдениет үйінің меңгерушісі Асылхан Қабыловтың отбасы көмір тасу, от жағу тауқыметінен арылса, Оразбек Жексенбеков газ құрылғыларын орнатып, тек желіге қосылатын сәтті тосып отыр. Тұрғындар жағдайды жеделдеткен атқамінерлерге алғаусыз алғыс айтатынын жасырмады.
Ауылдағы оң өзгерістердің қатарында медициналық пункт пен балалар ойын алаңқайы бар. Бірі – биыл көктемде, екіншісі – жазда қолданысқа берілген. Елді мекен тұрғындары осында туып, ержетіп, кең-байтақ Қазақстанның әр аймағына таралып кеткен азаматтар Доланалының өсіп-өркендеуі үшін көмек қолын созып тұратынын алға тартады. Әсіресе жергілікті меценат Ерлан Сырымбетовтың рөлі ерекше екен. Ол 2008 жылы ауылдық клубты өз қаражатына жөндеп берген. Ауылда мешіт салып, көшелерге асфальт төсеуге мұрындық болған. Тіпті ауылды көркейтіп-көгалдандыруға атсалысады. Оны үлгі тұтқан сырттағы доланалық жастар бірлесіп, қомақты қаржыға ауылға кіреберіс қақпаны жасап беріпті. Одан өзге мешіт жанынан қатымхана салуда.
Айтпақшы, доланалықтардың уәжі де жоқ емес. Тұрғындар ауылға спорт кешені салынса, билік осыны назарға алса деген өтінішін де білдірді.
Кітаптар ордасы
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен оқу мәдениетін көтеру, қоғамның рухани әлеуетін нығайту және зияткер ұлт қалыптастыру мақсатында қолға алынған «Оқитын ұлт» республикалық марафоны еліміздің барлық өңірінде жүзеге асуда. Кербұлақ ауданы да бұл бастамаға айрықша серпін беріп отыр. Жаздың соңында заманауи үлгідегі жеке ғимаратқа ие болған аудандық кітапхана бүгінде қаламгерлер, ұстаздар, жастар мен аға буын өкілдері бас қосатын, еркін пікір алмасатын негізгі алаңға айналған.
Бүгінде кітапхана желісіндегі 16 мекемеде, атап айтқанда, аудандық, аудандық балалар кітапханасы мен 14 ауылдық кітапханада ақпараттық бұрыштар ашылып, тақырыптық кітап көрмелері тұрақты ұйымдастырылып келеді. Аталмыш марафонға қатысуға 250-ден астам адам тіркелген. Оның 160-ы оқушы. Ал күреңбелдік 13 тұрғын байқауға тікелей қатысуда. Олардың қатарында 5 мемлекеттік қызметші, «Оқитын педагог» бағыты бойынша 3 өкіл, Шанханай ауылдық округіндегі Ш. Уәлиханов атындағы орта мектептің 9-сыныбындағы 2 оқушы және «Оқитын зияткер» санатындағы 3 оқырман бар. Байқауға қатысушылар әрбір оқыған кітабына пікір жазуды жалғастыруда.
Кербұлақ аудандық кітапхана директоры Гүлмира Өтегенованың айтуынша, оқырмандар белсенділігінің артуына жасалған жаңа жағдайлар оң ықпал етуде. 1973 жылы негізі қаланған кітапхананың жарты ғасырдан астам уақыт бойы жеке ғимараты болмаған. Бұл мәселе 2026 жылы өз шешімін тапты. Аймақтағы аудандық кітапханалар арасында жеке тұрған осындай үлгідегі жалғыз ғимарат ересектер мен балалар кітапханасын бір шаңырақ астына біріктірді.
Жаңа ғимараттың әрбір бөлмесі оқырман қажеттілігіне сай жабдықталған. Бірінші қабатта мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған лифт бар. Сондай-ақ 20 компьютермен жабдықталған «Мультимедиа» залы, «E-gov» порталы арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы, электронды және аудиокітаптарды сақтауға арналған бөлме, сканерлеу және цифрландыру кабинеті орналасқан. Аталған кабинет жылына шамамен 20 басылымды цифрлық форматқа көшіреді. Сонымен қатар, мұндағы «Өлкетану» залында 34 құнды басылымнан тұратын сирек кітаптар қоры сақталған. Олардың ішіндегі ең көнесі 1916 жылы жарық көрген Н. Гумилевтің «Колчан» атты өлеңдер жинағы.
Жаңа рухани орданың кітап қоры 53 099 дана. Тұрақты оқырман саны 5 564 адам. Кітапхана күн сайын орта есеппен 45 адамға қызмет көрсетіп келеді. Жалпы, ауданда оқуға құштарлықты оятқан кітапхана рухани ордаға айналған.
Құштарлық қанаттандырған кәсіпкер
Ғалымдар он екі мүшесі сау адамға қарағанда мүмкіндігі шектеулі кісілердің бойында құштарлық басым болатынын айтып жүр. Ол рас, құштарлықты қанат еткен адамдар ортамызда көп. Солардың бірі – сарыөзектік Анел Әкімтаева. Тағдыр салған тауқыметті еңсеріп, жаңадан кәсіп бастаған замандасымыз ІІ топтағы мүгедек. Уақытында қауіпті дертке шалдығып, оны маңайындағылардың қолдауымен еңсерген. Бойындағы өмір сүруге деген құлшыныс тырмысып, тіршілік етуге құштарлықты арттырған. Жуырда күреңбелдік кәсіпкер тыңнан түрен салып, кәсіп бастапты. Үй жағдайында жартылай дайындалған фабрикаттар жасайды. Атауы – «Анамның дәмі»!
Бұл атаудың шығуы да қызық. Кейіпкердің қос анасы бар, бірі – өз анасы, екіншісі – енесі. Екеуі де зейнет жасында. Қос анасы қол қусырып отырмас үшін тұшпара түйе бастайды. Үйде бала күтімімен отырған Анел қызығып, қос анасына жәрдемдеседі. Іске шындап кірісіп, жартылай дайындалған фабрикаттарды молынан өндіруді көздейді. Осы мақсатта аудандық «Мансап» орталығына жүгініп, бизнес-жоспар әзірлеп, сәтті қорғап шығады. Мемлекеттен бұйырған грантқа цех ашып, қазір нәпақа тауып жүр.
– Кәсіп бастау анау айтқандай оңай емес. Маңайымдағы жақындарым көп қолдау білдірді. Оған құштарлықты қосайық. Бүгінде әйелдер қауымының бос уақыты жоқ. Жұмыс пен үй арасында шапқылап жүр. Ал біздің өнімдеріміз нәзікжандылардың жұмысын жеңілдетеді. Әзірге тұтынушымыз аса көп емес, бірақ күн санап артып келеді, – дейді кәсіпкер.
Бүгінде шағын цехта жұмыс қызу жүріп жатыр. Өндіріске қажетті жабдық жеткілікті, цехтан шығатын өнім түрі сан алуан. Тұшпара, вареник, мәнті түйіліп, бургерге арналған котлеттер мен фрикаделькалар дайындалады. Сонымен қатар, Анел жылдам әзірленетін азықтарды да даярлайды. Мәселен, сорпа, рассольник, солянка. Олар алдын ала даярланып, белгілі формада мұздатқышта қатырылады. Тұтынушыға қажеттісі, қаптамадағы өнімді ыдысқа салып, отқа қою. Сорпалық азық даяр.
Сонымен қатар жеке тапсырыстар бойынша крем-сорпа, рассольник және солянка сияқты мұздатылған сорпалар да әзірленеді.
Кәсіп иесінің айтуынша, істі бастаған кезде өнімді өткізудің қиындығына тап болған. Сол себепті тұрақты сатып алушылардың қарасы әзірге қалың емес. Өнімді негізінен таныстары сатып алады. Оның үстіне жергілікті нарықтағы бәсекелестік жоғары. Талдықорған қаласынан жартылай дайын өнім жеткізетін кәсіпорындар бар, сонымен қатар, жергілікті тұрғындардың арасында үйден өнім дайындап, сатумен айналысатындар аз емес.
Соған қарамастан кәсіпкер қол жеткізген жетістігімен тоқтап қалуды көздемейді. Алдағы уақытта ысталған шұжық өндіруді де қолға алуды жоспарлап отыр. Бұл бағытта әзірге арнайы құрал-жабдық жетіспейді. Дегенмен кәсіпті одан әрі дамытуға деген ниет пен нақты жоспар бар.
Қалауын тауып, кәсіп қылған
Кербұлақ ауданының қайнаған тіршілігімен ерекшеленетін Сарыөзек ауылында түскі үзілістің әр минуты қымбат. Мемлекеттік және бюджеттік сала қызметкерлерінің түскі үзілісі қарбаласқа толы. Оның үстіне, ауыл маңында ірі әскери гарнизон орналасқан. Өзгенің уақытын бағалай білуді басты қағидасына айналдырған жергілікті тұрғын Тәжігүл Ақбасова үй жағдайындағы наубайшылыққа деген қызығушылығын бүгінде сұранысқа ие ыстық тағамдар ұсынатын дәмханаға айналдырды. Қазір кәсіпкер 20 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Кейіпкеріміз кәсібін шағын істен бастаған. Екі баланың анасы 2020 жылы үйінде тапсырыспен кондитерлік өнімдер даярлап, сата бастайды. Уақыт өте келе үй асханасы шағын өндіріске айналады. Кейін кәсіпкердің миына тың идея келеді. Аудан орталығындағы өзіне тиесілі шағын жер телімінде ыстық тағамдар ұсынатын асхана ашуды ұйғарады. Әдетте көп дәмханада тұтынушы тамақты біршама уақыт күтуге мәжбүр болады ғой. Ал Тәжігүл уақыт пен тұтынушы сұранысын ұтымды пайдалануға бел буады. Мақсатқа қанат бітсе, ой жүзеге асады емес пе?! Ол 2025 жылы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының «Бастау Бизнес» бағдарламасына қатысып, «Көпбалалы отбасы» номинациясы бойынша 1,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізіп, қаражатқа ас даярлауға қажетті жабдықтар сатып алады. Сол жылы желтоқсан айында «Дайын дастарқан» атымен дәмхана ашады.
Бұл нысанда тұтынушы тапсырыс берген асын күтіп отырмайды. Көз алдында даяр тұрғанын алып, тамақтанады. Сол үшін кәсіпкер «сен тұр, мен атайын» деген мықты аспазшыларды Өзбекстаннан алдырып отыр. Кейбірі уақытында Қытайдың Гуанчжоу қаласында дәмхана саласы бойынша еңбек еткен тәжірибелі мамандар. Аспаздар күніге 25 түрлі тағам түрін даярлайды.
– Дәмханаға келушілердің қарасы таңнан кешке дейін үзілмейді. Бір күнде 500-ден астам адамға қызмет көрсетеміз. Алғашында бір аспазбен басталған дәмханада қазір 4 білікті аспаз бар. Тұтынушыларымыз алғыс білдірмесе, реніш айтқан жоқ. Біздің мақсат – келушіге жылдам әрі дәмді азық ұсыну. Биыл Көксу ауданында «Visit Zhetysu» қолдауымен өткен «Sirne fest – 2026» этнофестивалінде «Сірне шебері» номинациясы бойынша Гран-при жеңіп алып, 500 мың теңгелік сертификатқа ие болдық. Бұл да біз үшін үлкен белес, – дейді кәсіпкер.
Келушілер санының тұрақты артуы кәсіпті одан әрі дамытуға ынталандырып отыр. Кәсіп иесінің алдағы жоспары – аумағын кеңейту. Тәжігүл Ақбасова дәмхананың жанынан қосымша ғимарат салып, Сарыөзек тұрғындары мен ауыл қонақтары үшін кең әрі қолайлы орынға айналдыруды көздеп отыр. Бастысы, қалауын тауып, кәсіп қылуда.
Шағын ауылдағы наубайхана
Күреңбел өңірінде Қаспан ауылдық округінің құрамына қарайтын Сайлыкөл дейтін ауыл бар. Тұрғындары да саусақпен санарлық. Егін мен мал шаруашылығына негізделген тұрмысы бар ауылда Ернар Мұқашев есімді азамат тың кәсіп бастап отыр. Оған түрткі болған «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Қазір кәсіпкер көршілес Көксай, Қайнарлы, Шаған ауылдары мен жақын маңдағы кен орнын өз өнімімен қамтамасыз етіп отыр.
Кәсіпті бастағанда Ернар Мұқашев зайыбымен бірге ауылдық жерге тән қалыптасқан түсініктерге қайшы қадам жасағандай көрінген. Негізі көптің білетіні ауылға тән кәсіп мал бағу мен егін салу ғой. Ал олар шағын ауылда наубайхана ашты. Өндіріс іске қосылғанына бір ай ғана өтсе де нан өнімдері ауылдастарының дастарқанынан орын алып үлгерді.
Кәсіп бастау туралы ой биыл көктемде «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтінім қабылдау басталған кезде туған. Алғашында мал шаруашылығымен айналысуды ойлаған ерлі-зайыптылар ақыры наубайхана ашыпты. Қазір кәсіпкер ғимаратты айына 30 мың теңгеге ресми келісімшарт негізінде жалға алып отыр. Қазір мұнда нанның екі түрі пісіріледі. Алдағы уақытта қара нан мен кондитерлік өнімдер шығаруды да қолға алмақ. Сұраныс артып, өндіріс көлемі ұлғайып, айналымда қосымша қаражат пайда болған кезде тағы бір пеш орнатып, көмекшілер жалдауды жоспарлауда. Онда фастфуд өнімдері ұсынылатын шағын әрі жайлы дәмхана ашуды орайластырмақ.
Қазіргі уақытта наубайханадағы жұмысты ерлі-зайыптылар өздері атқарады. Дегенмен ауылда бір жұмыс орны ашылып үлгерді. Олар жергілікті тұрғынды жұмысқа қабылдаған. Ол ұн мен қажетті құрал-жабдықтарды жеткізіп, дайын нанды сауда орындарына таратады. Жалақысы кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен төленеді.
Қаспан ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Айнұр Әбдуәлиеваның айтуынша, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасында кеңес алғаннан кейін құжаттарды өз бетінше тапсыруға ұсыныс жасалған. Осылайша, көктемде eGov порталы арқылы қажетті анықтамаларды жинап, Талдықорған қаласындағы «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясына барған. Сол жерде кепіл мүлкінің құжаттарында кемшілік барын анықтаған. Құжаттарды түзетіп, Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы тіркеуден өткізген соң, облыс орталығына қайта барған. Ауызбен айтқанға аз қарекет болар, ал кәсіпкер үшін үлкен шаруа болғаны аңғарылады.
Дастанбек САДЫҚ.
Фото. Жұмабай МҰСАБЕКОВ






