Отбасы – қорқыныштың емес, мейірім мен сенімнің мекені болуы қажет. Алайда өмірде отбасылық жанжал, психологиялық қысым, түсініспеушілік, әлеуметтік қиындықтар және басқа да күрделі жағдайлар отбасының тыныштығына әсер етуі мүмкін. Осыған байланысты Кербұлақ аудандық «Жанұя» отбасын қолдау орталығында Отбасы күніне арналған апталық аясында «Үй қауіпсіз орын болуы керек» деген тақырыпта сараптамалық алаң ұйымдастырылды. Оған психолог, заңгер, әлеуметтік қызметкер, құқық қорғау органдарының және дағдарыс орталығының өкілдері қатысты.
Іс-шара жалпы сипаттағы баяндамамен шектелмей, отбасында кездесетін нақты жағдайларды талдау және азаматтарға «Осындай жағдайда не істеу керек? Қайда жүгіну қажет? Маман қандай көмек көрсете алады?» деген сұрақтарға нақты бағыт беру мақсатында өтті.
Талқылау барысында отбасындағы жанжал, психологиялық қысым, зорлық-зомбылық қаупі, бала қауіпсіздігі және қиын өмірлік жағдайға тап болған азаматтарға көрсетілетін көмек түрлері қарастырылды. Жиынға қатысқан әрбір маман өзінің атқаратын міндетін жан-жақты түсіндіріп, көмек сұраған әрбір жанға барынша қолдау білдіретінін жеткізді. Олар қауіп немесе зорлық-зомбылық жағдайында құқық қорғау органдарының өкілдері қауіпсіздікті қамтамасыз ету және тиісті шараларды қабылдау тәртібін түсіндірді. Ал дағдарыс орталығының мамандары қауіпсіз ортаға, психологиялық, әлеуметтік және басқа да қажетті қолдау түрлеріне жүгіну мүмкіндіктері туралы ақпаратпен бөлісті.
«Жанұя» отбасын қолдау орталығының бұл бағыттағы негізгі жұмысы – отбасының мәселесін тыңдап қана қоймай, оның қажеттілігін анықтау, тиісті мамандардың көмегін үйлестіру және азаматқа әрі қарай жасайтын нақты қадамын белгілеуге көмектесу.
Сараптамалық алаңда мамандардың бірлескен әрекет ету алгоритмі ұсынылды. Ол былайша жүзеге асырылады: мәселені анықтау → қауіп деңгейін бағалау → қажетті көмекті айқындау → тиісті маманға немесе ұйымға бағыттау → қауіпсіздікті қамтамасыз ету → әрі қарай сүйемелдеу. Егер осы аталған бағыт бойынша жұмыс жүргізілсе міндетті түрде нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сараптамалық алаңның басты мақсаты – қиын жағдайда тап болған азаматты ақпаратпен ғана қамтамасыз ету емес, қайда жүгіну керектігін және қандай нақты әрекет жасау қажеттігін түсіндіру. Өйткені қауіпсіз отбасы – ешқандай қиындық көрмейтін отбасы емес. Қауіпсіз отбасы – мәселе туындаған кезде оны жасырмай, дер кезінде көмекке жүгініп, дұрыс шешім қабылдай алатын отбасы.
Дидар ЕРДЕНБЕКОВ,
Кербұлақ аудандық «Жанұя»
отбасын қолдау орталығының заңгері





