2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы 1 шілдеден бастап күшіне енді. Негізгі заң мемлекеттік билік құрылымын жаңартып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтті. Сондай-ақ елдің алдағы дамуындағы білім, ғылым, инновация және адами капиталдың маңызы конституциялық деңгейде айқындалды.
Конституция жобасын әзірлеу және талқылау жұмысына мемлекеттік органдар, сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдері қатысты. 130 адамнан тұратын Конституциялық комиссияға азаматтардан 12 мыңға жуық ұсыныс пен ескерту түсті. Жаңа құжат 11 бөлім мен 96 баптан тұрады.
Мемлекеттік басқару жүйесі жаңарды
Жаңа Конституцияға сәйкес, екі палаталы Парламенттің орнына 145 депутаттан тұратын бір палаталы Құрылтай құрылды. Оның депутаттары бес жыл мерзімге сайланады. Бұған қоса, Вице-президент институты қайта енгізіліп, Қазақстан Халық Кеңесі құрылды.
Қазақстан Халық Кеңесі ел халқының мүддесін білдіретін жоғары консультативтік орган ретінде белгіленді. Оның негізгі міндеттері қоғамдық келісім мен ұлттық бірлікті нығайту, мемлекеттік саясаттың басым бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлеу. Сонымен қатар Кеңеске заң шығару бастамасы құқығы берілді.
Мемлекеттік биліктің жаңа үлгісі «Күшті Президент – ықпалды Құрылтай – есеп беретін Үкімет» қағидатына негізделеді. Бұл құрылым заң шығару қызметін жаңғыртуға, өкілді органның рөлін күшейтуге және Үкіметтің жауапкершілігін арттыруға бағытталған.
Адам құқықтарын қорғау кепілдіктері кеңейді
Жаңа Ата Заңда адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары мемлекеттің ең жоғары құндылығы ретінде айқындалған. Азаматтардың жеке өміріне қол сұқпаушылық, дербес деректерін қорғау және заң көмегін алу құқықтарына қатысты кепілдіктер нақтыланды.
Маңызды жаңашылдықтардың бірі – азаматтардың жағдайын нашарлататын, оларға жаңа міндеттер жүктейтін немесе жауаптылығын белгілейтін және күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салу. Бұл норма құқықтық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, азаматтардың заңды мүдделерін қорғауға бағытталған.
Сондай-ақ Конституцияда мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды мемлекет есебінен өтету құқығы бекітілді. Осылайша, мемлекет пен азамат арасындағы жауапкершілік тетіктері конституциялық деңгейде нақтыланды.
Білім, ғылым және инновацияға басымдық берілді
Жаңа Конституцияда білім беру, ғылым мен инновацияны дамыту, адами капиталды нығайту елдің стратегиялық басымдықтары ретінде белгіленді. Сонымен қатар «Заң мен тәртіп» қағидаты, жауапты әрі жасампаз отаншылдық идеясы мемлекеттік қызметтің негізгі бағдарлары қатарына енгізілді.
Негізгі заңда сөз бостандығы, ғылыми және шығармашылық еркіндік, зияткерлік меншік құқығын қорғау мәселелері де қамтылған. Бұдан бөлек, неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілді.
Заңнама жаңа Конституцияға сәйкестендірілді
Жаңа Ата Заңның нормаларын іске асыру мақсатында заңнамалық база кезең-кезеңімен жаңартылды. Әділет министрлігінің мәліметінше, алғашқы кезеңде бес дербес конституциялық заң қабылданды. Бұған қоса, қолданыстағы тоғыз конституциялық заңға, 15 кодекске және 51 заңға өзгерістер енгізіліп, олар жаңа Конституция талаптарына сәйкестендірілді. Мемлекеттік органдардың қызметін реттейтін бірқатар заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер де жаңартылды. Сонымен қатар 2030 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасын жаңа конституциялық модельге сәйкестендіру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңартылатын құжатта құқықтың адамға бағдарланған моделіне көшу, мемлекеттік басқаруды жетілдіру, цифрлық құқық пен жасанды интеллектіні дамыту, сондай-ақ экологиялық құқықты жаңғырту бағыттары қамтылмақ.
Осылайша, жаңа Конституция мемлекеттік басқару құрылымын қайта қалыптастырып, азаматтардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін кеңейтті. Сонымен бірге елдің құқықтық жүйесін жаңғыртуға және ұзақ мерзімді даму басымдықтарын айқындауға негіз қалады.
Аяулым Шынгаева





