Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт ТОҚАЕВТЫҢ саяси реформаларының заңды жалғасы ретінде, бұрынғы екі палаталы Парламенттің орнына құрылған жаңа бір палаталы жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайының тұңғыш тарихи сайлауы өтті. Бұл оқиға жай ғана кезекті саяси науқан емес, еліміздің басқару жүйесін оңтайландыруға, демократиялық құндылықтарды тереңдетуге және билік пен халық арасындағы алшақтықты жоюға бағытталған түбегейлі бетбұрыс.
Қазақ халқының мемлекеттілік тарихында құрылтай институты әрқашан тағдыр шешті рөл атқарған. Сонау, Сарайшық пен Ордабасыда, Күлтөбе мен мәртебелі Ұлытауда өткен тарихи құрылтайлар ұлтты ұйыстырудың, ел басына күн туғанда ортақ шешім қабылдаудың бірегей үлгісі болды. Бабалардың осы бір ұлы демократиялық дәстүрі араға ғасырлар салып, қазіргі заманғы құқықтық мемлекеттің талаптарына сай жаңғырып, бір палаталы жоғарғы заң шығарушы орган ретінде қайта оралды. Осынау тарихи маңызы бар қоғамдық-саяси үдеріске «Жастар рухы» жастар қанатының жұмыс тобының мүшесі ретінде тікелей қатысу, ұйымдастыру-түсіндіру жұмыстарының бел ортасында жүру – мен үшін үлкен азаматтық мәртебе әрі зор жауапкершілік болды.
Сайлау науқаны жарияланған сәттен бастап облыстағы «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері мен еріктілерінен арнайы жұмыс тобы құрылды. Біздің басты мақсатымыз – сайлаудың ашық, әділ және жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өтуіне ықпал ету, өңір жастарының саяси белсенділігін ояту болды. Тарихшы маман ретінде менің негізгі міндеттерімнің бірі – сайлаушыларға, әсіресе алғаш рет дауыс беруші жастарға бір палаталы Құрылтайдың мәнін түсіндіру болды. Біздің жұмыс тобы облыс орталығы Талдықорған қаласында ғана емес, Панфилов, Кербұлақ, Көксу, Сарқан, Ақсу аудандарында да жүйелі жұмыстар жүргізді.
Қазіргі жастар – ақпаратты тез қабылдайтын, сонымен бірге сыни тұрғыдан ойлайтын ұрпақ. Оларды құрғақ ұрандармен сайлауға қызықтыру мүмкін емес. Сондықтан біз «Жастар рухы» жастар қанатының жұмыс жоспарына сәйкес пікірсайыстарды, саяси коучингтер мен жас сайлаушылар мектебін ұйымдастырдық. Кездесулерде жастар мемлекетті басқару ісіне қалай араласа алатынын, өз өңірінің мәселелерін депутаттар арқылы қалай шешуге болатынын талқылады.
Жетісу облысы «Жастар рухы» жастар қанатының жұмыс тобында қызмет атқара жүріп, біздің жастарымыздың бойындағы шексіз отаншылдық сезімді, ел болашағына деген жанашырлықты айқын сезіндім. Біз, жас ұрпақ, осы тарихи өзгерістердің жай ғана сырттай бақылаушысы емес, оны іске асырушы негізгі қозғаушы күші екенімізді дәлелдедік.
Білім мен ғылымды дамыту, тарихи сананы қалыптастыру, ұлттық мұраны сақтау және жас ұрпақтың шығармашылық әлеуетін қолдау – мемлекет дамуының стратегиялық бағыттары. Бұл ретте мектептердің, жоғары оқу орындарының, мәдениет мекемелерінің және қоғамдық ұйымдардың рөлі зор. Құрылтайда көтерілетін ұлттық құндылықтар мәселелері білім беру жүйесіндегі тәрбие жұмыстарымен де тығыз байланысты. Өйткені елін сүйетін, тарихын білетін, ана тілін құрметтейтін және қоғам алдындағы жауапкершілігін сезінетін азаматтарды тәрбиелеу – тәуелсіздіктің баянды болуының маңызды шарты.
Мемлекеттік органның «Құрылтай» деп аталуының өзінде терең символдық мән жатыр. Бұл батыс елдерінің саяси модельдерін соқыр көшіруден бас тартып, өз тамырымызға, ұлттық кодқа бет бұрғанымыздың белгісі. «Тарих» пәні мұғалімі ретінде мен шәкірттеріме мемлекеттіліктің бұл формасы біздің қанымызда бар екенін мақтанышпен айта аламын. Құрылтай институты қоғамды ортақ мақсатқа жұмылдырушы, ұлттық бірлік пен бірегейлікті сақтаушы басты рухани-саяси тірекке айналды.
Құрылтай – тарихи дәстүрдің жалғасы ғана емес, елдің болашағын ортақ жауапкершілікпен қалыптастыруға бағытталған маңызды қоғамдық-саяси институт. Оның шынайы құндылығы – халықтың үні естіліп, ұсыныстар нақты іске асып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенім нығайған кезде көрінеді. Бірлігі бекем, мақсаты айқын, рухы биік ел ғана жаңа тарихи белестерді бағындыра алады. Құрылтай жұмысы еліміздің гүлденуіне, әрбір Қазақстандықтың әл-ауқатының артуына және Әділетті Қазақстанның іргетасының бекуіне зор үлес қосатынына сенім мол.
Ерікжан КАРИМОВ,
Ш. Уәлиханов атындағы №10 орта мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі
Талдықорған қаласы






