Ұлы Отан соғысының ардагері, Алматы облысының және Қарасай ауданының Құрметті азаматы, Қазақстанның Құрметті журналисі, І, ІІ дәрежелі Отан соғысы, «Құрмет» ордендерінің, бірнеше жауынгерлік және «Шапағат», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері Тастанбеков Үсенбай ата туралы бүгінде тек өткен шақпен әңгімелейміз. Өйткені, тамаша журналист, мықты редактор, он кітаптың авторы, өмірінің соңына дейін аудандық «Қазақ тілі» қоғамының құрметті төрағасы болған, ел мен жер тарихына жетік жүз жасаған шежіре қарт өткен жылғы сәуір айының ортасында өмірден өткен еді…
Қарасай ауданы аумағындағы Қасқасу (Шамалған) өзенінің батыс жағындағы Алмасай сайының жанында 1919 жылы 20 қазанда дүниеге келген Үсенбай атаның туғанына 100 жыл толды.
Ол кісі кешегі кеңес өкіметінің алғашқы жылдарындағы аумалы-төкпелі заманды, онан кейінгі алапат ашаршылықты, күшпен ұжымдастырудың құқайын басынан өткерген. 1928 жылы ауылда араб әрпімен төте жазу бойынша сауатын ашып, Талғар ауылшаруашылық техникумының дайындық курсын, Қаскелең қазақ мектебін бітірген. 1940 жылдың ақпан айында әскерге алынады. Ары қарай оны сұрапыл соғыс күтіп тұр еді.
Майданда еті тірілігімен, пысықтығымен, өжеттігімен, тез шешім қабылдай алатын қасиетімен бірқатар уақыт полк барлаушыларының командирі болады. Елден кеткенде орысша нашар білетін жігерлі жігіт бұл тілді, көп еңбектенгенінің арқасында, тез меңгеріп алады.
Айтқандай, атамыз соғысты танкіші болып бастаған. Кейінірек қаһарлы партизанға айналып шыға келеді. Ол енді ұзақ әңгіме.
Қаскелеңдегі қазақ мектебінде Үсекеңді оқытқандардың бірі атақты жазушы, ғалым, партизан Әди Шәріпов екен. Мына өмірдің кереметтігі дегенді қойсаңшы, сол Әдекең мен жас Үсенбайдың жолын тағдыр екі-үш рет сонау қанды қырғынның қақ ортасында тоғыстырыпты. Екеуі сұм соғыстың әрқилы соқпағымен жүрсе де ойда жоқта кездескені, тіпті, қызық.
Осы тұста Үсенбай атамыздың даңқты партизан-жазушы, қазақтың тұғыры биік тұлғасының бірі, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсеновпен жақсы таныс-біліс, тіпті, сыйлас болғанын айта кеткеніміз де артық емес. Өйткені, Қасекең оның партизандық жорық жолдары туралы жазғандарына жылы лебіз білдіріп отырған. Бұған «Жалынды күндердегі жазулар» кітабы жайында «Кітапты оқып шыққаннан кейін автордың кім екенін аңғару қиын емес. Бұл – Ұлы Отан соғысының батыр партизаны, армиямыздың тәжірибелі де білгір, тапқыр командирі Үсенбай Тастанбеков. Ол «қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» дегендей, ажал аузынан аман қалып, сол сойқан соғыстың тірі куәгері ретінде жас ұрпаққа сол жылдардың шындығын жеткізіп отыр» деп пікір айтқаны дәлел.
Соғыста екі рет жараланып, соңғысының ауырлығы асып кетіп, ауылға мүгедек болып оралған жігіт ендігі жерде, яғни, 1943 жылы елдегі қиын тірлік-тіршілікке араласып кете барады. «1944 жылы жазда мені іздеп ауылға екі ұстазым келді, – деп жазады Үсенбай ата 2012 жылы жарық көрген «Өзім туралы өзім айтсам…» деген естелік-эссе кітабында. – Бірі партизан жазушы Әди Шәріпов, екіншісі Шәмші Ыбыраев. Әди аға ол кезде жаңа ғана Оқу министрінің орынбасары болып орналасқан. Шәмші аға университеттің оқытушысы екен. Екеуі де 1938-1939 оқу жылында Қаскелеңдегі қазақ мектебінде мені оқытқан. Екі ұстазым маған «Жүр университетке, қалаған факультетіңе түсесің, ешқандай емтихан алмаймыз. Келесің де оқи бересің», – деді. Мен: «Ойланайын, артынан өзім айтайын» деп ағаларымды шығарып салдым да, оқуға бармай қойдым. Себебі, менің мойнымда үш үйдің адамдары: екі ағамның, өзімнің үй іштерім тұрды».
Дегенмен, 1944 жылдың қоңыр күзінде ол үлкен журналистік жолдың бастауына батыл шықты. Атамыз қан майданда қар жастанып, мұз төсеніп жүрсе де қойын дәптеріне ой орамдарын түртіп жазады екен. Елде жүргенде шабыттанған шақтарында өлең де шығарыпты. Жас шағынан лиро-эпостық дастандарды, басқа да кітаптарды құмарта, құныға оқыған. Сондықтан жұмысқа шақырған редактор Молдабек Саламатовтың айтқанын тыңдап, колхоздағы ферма меңгерушісі қызметінен босанады да Қаскелең аудандық газетіне жауапты хатшы болып орналасады. «Редакцияға жұмысқа орналасқаннан бастап «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және облыстық газет өмір бойы қолымнан түспеді, – дейтін ол кісі. – Олардан үлкен үлгі алдым, көп үйрендім».
Жалпы Үсенбай ата Алматы облысындағы үш ауданда – Қаскелең (қазіргі Қарасай, екі рет) Жамбыл, Еңбекшіқазақта (екі рет) редактор болған. Арасында жоғары партия мектебінде білім алып, білігін көтергені тағы бар. Үсекең осы жерлерде талай таланттың көзін ашып, талай мықты қаламгерлерді, журналистерді тәрбиелеп шығарды. Мәселен, ән өлеңінің классигі Нұрсұлтан Әлімқұлов, белгілі жазушылар Мұхаметжан Етекбаев, Заманбек Жәкенов, Қазақстанның Құрметті журналисі Жұмаш Арғымбаев, белгілі фототілшілер Сайлау Пернебаев, Нұрманбет Қизатов, көп жыл «Социалистік Қазақстанның» Шымкент облысындағы меншікті тілшісі болған Алтынбек Жолдасбеков және т. б.
Ең бастысы, Еңбекшіқазақтағы редакторлық қызметі кезінде қазақтың ұлы ақыны Тұманбай Молдағалиевтің өлеңін тұңғыш рет газетке жариялап, тұтас бір поэзия әлемінің бастау көзін ақ жол тілеп ашқан еді. Бұл 1951 жылғы оқиға, онда лирик Тұмаш ҚазМУ-дің қарапайым студенті екен. Өмір бойы сыйлап өткен ұстазына арнаған мына өлең шумақтарынан тұма жырдың тұнығы Тұманбай жанының жадыраған жазы анық аңғарылады.
Алғашқы менің жыр деп жазған шатпағым,
Алғашқы гүлім, алғашқы басқан ақ қарым.
Алғашқы әнім, алғашқы шыққан биігім,
Сен шығаратын газеттен орын тапқанын –
Әйгілеп айттым даусымның жеткен жеріне,
Мен содан бастап ұмтыла бердім өріме.
Мен содан бастап ақындық атты құдіреттің,
Жалақы алмай жалшы боп кірдім еліне…
… Жазылды атым шыңдарға, құрмет тақтаға,
Жүрісті қойдым,өзімше тойдым баққа да.
Он алты жаста алдыңа кеп ем оттай боп,
Алпыста қалай, алжасып кеткем жоқ па, аға!
Мұнан кейін де Үсенбай ата алапат өрт сезімді жас ақынның өлеңдерін тұрақты жарыққа шығарып жүрген. Бұған оның «Үлгім болған, үрдіс еңбегімен еліне ұнаған адам, алғашқы өлеңдерімнің редакторы, ұстазым Үсенбай ағаға құрметпен сыйладым. Тұманбай 1 апрель 1992 ж.» деп бір кітабын беруі де дәлел болса керек.
Соғыста алған жарақатына байланысты жиырма жыл өмірін арнаған журналистикадан бір күні кетуіне тура келді. Жоғары партия мектебін бітіргенде дипломына үш мамандық: журналист, аудармашы, тарих пәнінің мұғалімі деп жазылып беріліпті. Осы тұста атап айтатын жай, ол кісінің тағы бір қасиеті – орыс тілінде тамаша сөйлей де, жаза да алатын. Қаскелеңдегі М. Горький атындағы орыс мектебінің тарих пәнінің мұғалімі болып шыға келгені де содан ғой.
Ал, 1966 жылдан аудандық партия комитетіне қызметке алынып, нұсқаушы қызметінде 1979 жылы зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін істеді.
1990 жылы елімізде «Қазақ тілі» қоғамы құрылғанда Үсекең де үлкен іске бекем бел буып, оның Қаскелең қалалық ұйымының уығын шаншып, шаңырағын көтеруге бар күш-қуатын жұмсайды, кейінірек аудандық ұйымға жетекшілік етеді. «Мен «Қазақ тілі» қоғамын облыста алғашқылардың бірі болып, 1990 жылы қаңтар айында құрдым. Ол Қаскелең қалалық «Қазақ тілі» қоғамы еді», – деп жазады Үсенбай ата. Бұл кезде қала көшелерінде орыс атаулары балталасаң да бұзылмастай болып, сіресіп тұрған-ды, жұмысты дәл осыдан бастайды. Олардың орнына Саяділ Керімбеков, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Құрманғали Ұябаев және т.б. ардақтыларымыздың есімдері берілді. Табандылық танытуының, талмай дәлелдеуінің арқасында көптеген елді мекеннің тарихи атауы қайтарылды. Мектептердің бәрі дерлік орысша оқытатын, оларды да қазақшалауға көп күш жұмсалды. Сөйтіп, бірталай мектепке осы өңірде туып-өскен ақын-жазушылардың, қоғам қайраткерлерінің аты берілді. Елге еңбегі ерекше сіңген тұлғалардың мерейтойларын атап өту де тұрақты қолға алынды. Балабақшалар да қазақы тәрбие бере бастады.
Мұның бәрі оңайға соққан жоқ. Өйткені, Қаскелең аймағында өзге ұлт өкілдері аз емес еді. Қазағымыздың өзі негізінен орысша «жорғалайтын». Сондықтан Үсенбай атамыз ол кездері, шын мәнінде, ерлікке тән еңбек етті, айтысты, тартысты, алысты, айқасты, әйтеуір, қамығып қажымады, тайсақтап таймады. Осылайша туған халқының рухының асқақтауына себі тиетін кереметтей жұмыс тындырды.
Ол кісінің күні кешеге дейін қаламы жүйрік, көңілі сергек болды, өңірдегі оңды өзгерістерге қуана отырып, осы аймақта туған атақты адамдар мен қайраткерлердің, ақын-жазушылардың, өнер иелерінің өмірі жайлы тұрақты жазып тұрды. Ұлттық басылымдарға мақаласын жолдайтын, кейбір өзі келіспейтін мәселелер жөнінде өткір сынға құрылған ой-пікірлерін батыл білдіретін. «Осы уақытқа дейін оқыған кітабымның саны үш мыңнан асып жығылады, – дейтін атамыз. – Қайран қазағымның атақты ақындары, тамаша жазушыларынан бөлек Пушкиннің, Чеховтың, Майн Ридтің туындыларын қолыма жиі аламын».
Ғасырлық ғибратты ғұмырында талай сынақ-сыннан сүрінбей өткен, аштықты да, жалаңаштықты да басынан өткерген, ел басына күн туғанда қолына қару алып, от пен оқтың ортасында жүрген, бейбіт өмірде де берекелі еңбек етіп, халық құрметіне бөленген, қай кезде де адамгершілігінен танбаған, еңбегін ұлттық мұраттарды ұлықтауға арнаған, жақсылық жасауда кідірмеген, жамандықпен күресте мүдірмеген Үсенбай Бақтиярұлы Тастанбеков атамыз осындай Адам еді!
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қарасай ауданы





