Ел ішінде елгезек, қолынан іс келетін азамат көп болсын дейміз. Тек солар елеусіз қалып бара жатқан жоқ па? Бүгінгі баянымыз тынымсыз тірліктің тасасында жүрсе де ізімен ізгілік орнатқан, шеберлігімен шамшырақ, еңбегімен елге медет болған бір қарапайым қазақ ұлы жайында. Тынымсыз тіршілік етуден шаршамайтын Тұрсынғали Қожаев. Мамандығы – инженер-электрик.
Болмысы байсалды бұл азамат 2005 жылы Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тамамдап, кәсіби еңбек жолын «СтройДеталь» мекемесінде қарапайым электрик ретінде бастаған. Бұдан соң «Best Quality», «Электроқуат» серіктестіктерінде, кейін «Қазақтелеком» АҚ-да еңбекті қорғау инженері ретінде ұзақ жыл қызмет атқарып, нағыз маман ретінде кемелдене түсті.
2018 жылдан бастап бүгінге дейін, яғни жеті жылдан бері «ТАЭТК» АҚ «Көксу ауданының электр желілері» филиалында кезекші инженер ретінде жұмыс атқарып келеді. Күн шыжып, жер қабынып тұрған шақта да, қар борап, жел бөрідей ұлыған уақытта да Тұрсынғали өз кәсібінен бас тартқан емес. Ол тоқтамайтын тоқ желісі, үзілмейтін үміттің иесі.
Электр желісіне қызмет көрсету – қауіп пен жауапкершілік, есеп пен ептілік қоса өрілетін саланың нағыз қаймағы. Иә, осы істе қандай да бір ақау орын алса Тұрсынғали қалыс қалмайды. Қорғаныш дулығасын, қолғап пен көзілдірігін киіп, қауіпсіздік белдігін тағып, жоғары биіктікке дейін жұмыс жүргізеді. Ол үшін бұл қалыпты тірлік. Қолданыстағы техникалық нұсқаулықтарға сүйеніп, еңбекті қорғау, техника және өрт қауіпсіздігі талаптарын қалтқысыз орындайды.
Жүйелік оператордың нұсқауы бойынша диспетчерлік кестеге сәйкес қызмет атқарады. Жедел бригаданың құрамында қосалқы стансыларға барып, күрделі де ауқымды жұмыстарды жүргізеді. Тұрсынғали тек қана инженерден бөлек, жедел-диспетчерлік қызметтің тірегіне айналған тарлан.
Бір қарасаң түн ұйқысын төрт бөліп, біресе күндіз шіліңгір шілдеде тер төгіп, біресе қара күздің қара жауынында оқиға орнына жетеді. Көкжиегі күркіреп, ел жарығы сөне қалса, жұрт жарық пен жылуды аңсағанда алдымен жететін осылар. Мұны Көксу аудандық электр желілері филиалының басшысы Бақытжан Нұрғұдыр да растайды.
– Тұрсынғали – жауапкершілігі жоғары маман. Білімі де, білігі де жетіп тұр. Әкесі де осы салада отыз жылға жуық қызмет еткен, кейін зейнетке шыққан. Әке жолын қуып, елге қызмет етіп жүрген нағыз инженер. Тәулігіне 12 сағаттан артық еңбектенеді, – дейді ол.
Ол өз ісін әбден жетік меңгерген білікті маман.
– Қаншалықты қиын болса да бұл жұмыс маған қымбат. Кейде біреу «хоббиің не?» деп сұрайды. Мен ойланбастан «жұмысым» деймін. Өйткені, өзімді осы салада таптым. Үш ұлым бар. Солардың да болашақта осы кәсіпке бет бұрғанын қалаймын, – дейді ол өз жұмысы жайында.
Тұрсынғали сөз арасында жаз айларында күрделі жөндеу жұмыстары басталса, электр қуаты уақытша сөніп тұратынын жеткізді. Сондайда тұрғындар ренжіп, қоңырау шалады. «Біз бәріне сабырмен жауап береміз. Бірақ ел де бізді түсінсе екен дейміз», – дейді ол.
Қара шаңырақтың иесі, әке жолын қуған әулеттің тұяғы үш ұл, бір қыз тәрбиелеп отыр. Қоғамдық жұмыстарға да белсене араласып тұрады. Әріптестері арасында сыйлы.
Жұрт «еңбек адамы» дегенде тек ауыр жұмыс істейтін жанды елестетеді. Бірақ Тұрсынғали сынды азаматтардың тірлігі физикалық тұрғыдан бөлек, ой мен есеп, жүйе мен тәртіпке құрылған жауапты мамандық. Сол себепті мұндай жандардың бейнетін ескеріп, еңбегін бағалаған жөн.
Қорыта айтқанда, жарық сөнсе оны қайта жандыру үшін жүгіретін де, жан-жақтан жанталасып, жарық іздегенге жол сілтейтін де Тұрсынғалидай арда азаматтар.
Қай кезде де қиындықтан қашпайтын еңбек адамдары елдің еңсесін тіктейтін тұлғалар. Бүгін біз сондай жанмен таныстық. Демек, ел ішінде елеулі есім бар екеніне көзіміз жетті.
Санжар СҰЛТАНҒАЗЫ
Көксу ауданы




