«Алғырлығың не керек, алға озарың болмаса» демекші, оң-солын оңды бағдарлаған мезгілден өрге ұмтылған замандастарымыздың бірегейі – Серікбай Өрікбайұлы Нұрғисаев. Айтары жоқ, Секең уақыт деген құдіретті күштің қадірін ерте ұққан жандар санатынан. Ат тізгінін тартып мінгеннен ұсақ-түйекке уақытын зая қылмады. Төрден орын тисе де өнегесінен таймады, өрден өзін көрсе де өрелігінен жазбады. Тектілік деп осыны айтпай ма халқымыз?! Ал сол тектілігіміз – ең алдымен қан тазалығын, жан тазалығын білдірсе керек-ау! Сол жан тазалығы қашанда оның жүзінде жарқырап тұрады. Арындап сөйлейді, аршынды әңгіме қозғайды. Қашан жүздессеңізде, тіптен жабырқаған шақтарында да ішін бермейді, сырын шашпайды. Байырғы туабітті ұстаным, табиғи сабырлы қалпынан танбайды. Көбіміздің бойымызға жетпей жататыны да осындай тазалығы деп білем.
Жалпы, Секеңнің ғұмыр-дариясының әрбір таңбалы тұстары сан қырынан бұқаралық ақпарат құралдарында жайнақ бейне көрсетіліп келеді. Оңды-солын танығаннан бойындағы көшбасшылық қабілет-қасиетімен көзге түскендігі, комсомол қызметіндегі белсенділігінің үлкен қайраткерлік даңғылға ұласып, қай мансаптың тізгінін ұстамасын барынша адалдық таныта ізденгені, жоғары парасат-пайым, білікті басшылығымен ел ардақтысына айналған мемлекет және қоғам қайраткері биігіндегі бүгінгі дара тұлғасы, азаматтық һәм адамдық, басшылық әдеп-бедерлері кесек сомдалған, мейлінше қанық, байсал да байыпты ашылған десек артық кетпегеніміз. Замандастарының бел ортасынан қоғамдағы тұлғатану айдынына алдымен еңселі күйде шыққан да өзі!
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы қызметіне келгенше небір өткелектердің өрінен табылып барып, Қызылорда облысының әкімі, Президент Әкімшілігінде жетелі ісімен танылған, кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болған экономика ғылымдарының докторы Серікбай Нұрғисаев Жетісу аймағында өзіндік бүтін бір басшылық Һәм азаматтық мектебін қалыптастырды.
Шындығы осы! Жаны таза, ойы биік, пенделіктен алшақ тұрды. Сұңғыла саясаткер, терең білім, стратегиялық ойлау қабілетімен ерекшеленді. Сөйлеп кетсе шешен, толғап кетсе көсемдігін, нендей істі болмасын арыдан, ауқымды қозғап, замана лебімен ұштастыра білетін артықшылығын, биік адамгершілігі мен парасат-пайымын, ең бастысы – көшбасшылық керуенінің ізі құс жолындай сайрап жатқандығын алға тартады көпшілік. Екінің бірінің қолынан келе бермес таудай шаруа тындырып, арналы ұйымдастырушылық дарын-қабілетімен тұлғаланып, елдік жолымызда айшықты соқпақ салғандығын әспеттейді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деп әуелетеді. Асылы, адамды адамның бағалауы – осылайша терең түйсініп, түсінуден бастау алар, бәлкім.
Иә, және де сыртқы келбетіне ішкі адами мәдениеті үйлескен, өзіне де, лебізіне де жұрт ұйыған, ақ сөйлеп, ашығын айтар басшылығымен баурап ала білді. Тәлімді шәкірттері, қызметтес азаматтар мен соңынан ерген інілері, алдыңғы толқын ағаларымен дәуір жүгін бірге көтерісті; кадр таңдаудағы кірпияздығы көптің пайдасына шешіліп, небір тастүлек мамандар сенім биігінен табылып, ел игілігін еселеді; адамдық қалыпты биік ұстау тұғырынан түспеді; береке мен бірліктің, шынайы достық пен туыстықтың, сенім мен сертте тұрудың мөлдір бұлақтарының көзін үсті-үстіне ашып берді; көрегендігі мен кемелдігінің арқасында қоғамның сан жыртығына жамау болды. Осындай бір ғана текті азаматтың өнегелі ісі мен тәлімі қаншалықты өрлеу туғызатындығын қасында жүріп біз де аңғардық әрі барынша бағаладық.
Тынымсыз талпыныс-ізденісі арқасында қай қызметінде де ел құрметіне бөленді. Ауқымды істері мен кісілік келбетін қызылордалықтар күні бүгінге жырдай төгілтеді. Қабілетті қайраткер еді, қандай да бір күрделі шаруа ұшыраспасын түйінін дөп таба шеше білді, тұрғын үйлер көктегі құстар тізбегіндей ақшаңқан бой көтерді, ен газдың ортасында отырған «етікке жарымас етікші» едік, өз газымыз өз игілігімізге айналды, қаламыз тотыдайын түрленді, жас кадрлар бүрленді – меритократия жолымен өсті, өнді, баспаналы болды, деп ризашылықтарын риясыз білдіріп жатқаны!
Бақыт дегеніміздің өзі ең алдымен, өмірден өз орныңды табу деген тұшымды тұжырымның күнгейінен көз салсақ, ел-жұртына бас болған, мамандығында хас болған Секеңнің мына ақ әлемге деген ерен құштарлығы мен ұстамдылығы өмір мектебінің дәрия тағылымына ұласты. Ақылдың өлшемі – парасат деп ұқты. Сенім құдіретімен тауды да, тасты да, көпшілікті де қозғай білді. Сөзіне беріктерге пайғамбарымыз да сенген екен. Жол білген жанның керуенге жалтақтамасына көзіміз жетті.
Тәртіптік кеңестің кезекті бір жиынында Талдықорған қаласы әкімі орынбасарының мәселесі де күн тәртібіне шығарылған екен. Жиын бірден осы түйіннен басталды. Әдетте, кімге қандай шара қолданылары алдын ала дайындалып қояды. Пәле, деп қойыңыз, атқарып отырған қызметіне сай емес делініпті. Ұйқыдан оянғандай, көзім шайдай ашылсын. Әне-міне, дегенше әлгі азаматтың қызметтік кінәраты да тізбектеле бастады. Қаланың құрамындағы жапсарлас ауылға тұрғындар бас қосуына барған. Сол арада шайпау әйелдердің бірі қасындағы ақсақал-қарасақал, ақ кимешекті әжелерге де қарамастан екі мәрте әкім орынбасарының алдына жөнді-жөнсіз шышбалаңдап шығып қана қоймаған, өктем сөйлеп, өңмеңдей берген ғой. Содан еркек емес пе, қазақшалай қайырып, әлгінің бетін шорт қайырып тастайды. Болған, біткені осы! Бұл жайтты мінберде тұрып орынбасардың өзі де жеткізді. Менің де шыдамым таусылды білем: «Серікбай Өрікбайұлы, маған сөз берсеңіз! Мен де аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер бойынша орынбасары болған жанмын. Талай мына баяндалғандай тектес жайттар жөңкіле бастан өткен. Ауыл ағалары мен көпшіліктің сөзін құлағына ілмей, атқару билігінің өкіліне әлгіндей ауанда зіркілдеу барып тұрған көргенсіздік! Қайта қала әкімінің орынбасары шыдамды да байсал екен, мен болсам, дәл сол арадан соңынан ит қоса қуып шығар едім. Сонда сабақ болады, өзге де істің мән-жайына жетіп алмай тұрып, беталды өзеуреген бетбақтарға!», – деп орныма отырдым.
Бұл пікірімді алқақотан отырған кеңестің өзге де мүшелері қостап кетті. Айнала әріптестерге тағы бір барлай көз салып барып Серікбай Өрікбайұлы: «Біздің кеңесіміздің атының өзі Әдеп кеңесі. Әдеп жөніндегі кеңестің алға қойған басты мақсаты – мемлекеттік қызметшілер мен қарапайым халықтың арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ретке келтіру, қадағалау. Бұл жерде кеңестің жазалаушы орган емес, ақ-қараны адамгершілік принциптеріне жүгіне отырып сараптайтын қоғамдық орта екенін ескеру керек. Халқымызда қыз бала, әйел жұрты ең алдымен, әдепті қылық, жібек мінезімен әлмисақтан ерекшеленген. Істің байыбына бармай жатып, жұртты у-шу қылу, үлкен адамдардың тоқтауына пысқырмай, жүгенсіздік таныту – түсіне білсек, ұлтымызға жат қылық. Сондықтан да Әдеп кеңесі мүшелері басым көпшілігінің пікіріне қосыламын. Сіз қызметіңізге бара беріңіз!» деп «кінәлі» кейіпкерімізге бас изеді. Баяғының билеріндей турасын айтып, тұрлаулы шешім қабылдады. Ал әлгі азамат бүгінде бұрынғыдан да биік жауапты қызметті ұршықша иіріп жүр. Мемлекеттік қызметкер де жолда жатпаса керек. Бір білікті дәрігерді оқудан соң ұштауға кемінде он жыл қажет екен, сол секілді толыққанды мемлекеттік қызметкерлерді баптау да ұзақ жылдарды керек етеді. Ыстық пен суықты, шың мен шыңырауды көре жүріп, қиындық атаулыны жеңе жүріп, пісіп-жетіледі, құрыштай шыңдалады.
Тәртіптік кеңестің 10 жылдан астам мезгіл мүшесі болғандағы ұққаным – бәрі де кеңес төрағасының білім-білік, өресі мен әділдігіне байланысты көрініс табады. Мемлекеттік қызметкерлер тарапынан көбінесе заңнамалардың табиғатына терең бойламау салдарынан бел алып жататын кемшіліктер алдыға тартылатын.
Іс тағдырын кадр шешетіндігі рас. Бірі – тәжірибесінің кемшіндігінен сүрініп жатса, енді бірі – тапсырылған міндетке жүрдім-бардым қараушылықтың салдарынан күмілжіп жатады. Әдеп ережесі талаптарын мұқият сақтап, қашанда байсалды да білікті қызметкер бейнесінде көзге түсіп, жұртшылық құрметіне бөленіп жүргендер де аз емес. Олар ұқыпты да сыпайы. Үйде де, түзде де бірдей қалыпта. Айналасындағылар арасында беделі зор, сөзі мейлінше өтімді. Қысқасы, қай жағынан да үлгі тұтарлық, атан түйенің жүгін көтере білер азаматтарымыз солар.
Жемқорлық мәселелері де жиі қаралатын. Бұл өзі адам таңдамайтын, шекарасы белгіленбеген, ұлтқа да, түр-түске де бөлінбейтін жұт болса керек. Сол себепті ең алдымен, шенеунік пен қатардағы азаматтар қарым-қатынасқа, көзбе-көз байланысқа түсер салалардың шеңберін барынша шектеу қажет деп айтушы едік. Осы арқылы ғана жемқорлықтың жегіқұрттай жайлап алу деңгейін дамыған елдердің шамасында төмендете алмақпыз. Кезінде Мұхтар Әуезов:«Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деп түйіндеген екен. Оңды-солды кіжіне беруді доғарып, тәртіпке, елдікке бойұсына белшеше тер төгер шақ туды қай-қайсымызға да!
Ертеде бір топ шәкірті бар ғұлама өмір сүріпті. Өмір бәсекесіз бола ма, осы шәкірттерінің бірі ұстазы жауап бере алмайтын сауал тауып қоюды армандапты. Сол үшін бірде қырға шығып, көбелек ұстап алады да оны алақанына жасырған қалпы ұстазының алдына келеді:
– Ұстаз, айтыңызшы, менің қолымдағы тірі көбелек пе, өлі көбелек пе?
Шәкірт ұстаз жауабына орай көбелекті не өлтіріп, не ұшырып жіберуге даяр еді. Өлі десе ұшырып, тірі десе бір сығып өлтіре салмақ. Әйтеуір, өз айтары ақиқат болып шықса болды…
Шәкіртіне назар да салмаған ұстаз сонда былай деп жауап беріпті:
– Бәрі сенің қолыңда.
Бұдан алар ғибратымыз – адал еңбек етіп, маңдайымыз жарқырап жүру де, шаруаның қисынын таппай, еңсеміздің түсіп жүруі де – бәрі біздің өз қолымызда. Секең мұның айқын айғағы!
– Мемлекет және қоғам қайраткері, «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің иегері, экономика ғылымдарының докторы, профессор. Әрдайым кемел парасатына сай көшелі әңгіме өрбіте біледі, қоғам жүрегінің дүрсілін тамыршыдай сезеді. Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Серікбай Өрікбайұлы бастаған кеңес мүшелері Талдықорғандағы оқу орындарының үлгілі де үздік студенттерімен кездестік. Білімге іңкәр, жақсылыққа кәусар жастар сұрақтың астына бастырмалата алды дерсіз! Қалқанымыз – төрағамыз! Жөніне, ретіне қарай жауап қайтарып жатқан да өзі. Ұлттық құндылықтар турасындағы сөзі жиналғандарды жігерлендіріп жіберген еді.
– Біздің басты құндылығымыз – Тәуелсіздік! Кешегі бодан шақтағы жай-күйімізді жақсы білесіздер. Содан сабақ ала білсек, ұтқанымыз. Мемлекетіміздің басшысы Қасам-Жомарт Тоқаев үнемі басты идеямыз – баршаға бірдей мүмкіндік беретін ашық, қуатты және дамыған ел, жауапты әрі өркениетті қоғам – Әділетті Қазақстанды құру деп айтып келеді. Еліміздің ертеңгі иелері өздеріңсіңдер. Сол себепті де қазіргі студенттік кезеңнен бастап, Отанымыздың болашағына жауапкершілікпен қарауға баулынып, отаншылдық қасиетті бойларыңа сіңіру абзал. Ал отаншылыдықтың көзі – ата тарихымызда. «Малым – жанымның, жаным – арымның садағасы», «Өлімнен – ұят күшті» деп өсиеттеген баһадүр бабалардың ұрпағымыз! Найзаның ұшы, білектің күші, ұлы далалық кең де кемел парасат-пайыммен байтағымызды сақтап қалды, мұраға қалдырды. «Үстімізде – көк аспан, төменде – қара жер, екеуінің арасында адам баласы жаратылыпты, адам баласының үстіне Тәңірі Түрік қағандарын (Бумын және Естеміс) отырғызыпты!» деп қара тасқа қашап жазған қайран бабаларымыздың соншама өршіл, асқақ рухтарына сай болу сіздер мен біздерге Серт! Дәл осылайша бүкіл әлем біздің ашсақ алақан, жұмсақ жұдырығымызда, түрік қағандары бар адамзаттың билеушісі деп жаһанға жар сала алудың өзі сол дәуірдегі өркениетіңіздің шыңы емес пе?! Қазақ елі әлі-ақ таза табиғатымен әлемді таң-тамаша қалдырмақ! Өйткені тарихтың қайта айналып келері хақ!
Адамның өмірге келгенінен бергі жиі ойланатыны өзінің кім екендігін білу, сезіну, соны өз ортасына жеткізу. Қоғам құндылығы – халықтың тілі, мәдениеті, салт-дәстүрі. Ұлты кім болса да әр азаматқа адами қасиет ананың сүтімен, атаның қанымен дариды. Қазір ұлттық құндылықтарымызды шетелдерге танытуымыз керек. «Сен кімсің?» дегенде «Мен – қазақпын!» деп ана тілімізде айта аламыз. «Қазақ қайдан шықты?» дегенде әр азамат өз елінің, халқының тарихын білуі тиіс. Әрбір қазақ «Осыншама жерді қалай сақтап қалдың, жаугершілік замандардан қалай аман өттің?» деген сауалдарға тосылып қалмай, нақты жауап бере білуі қажет. Өйткені атамекенімізді қорғау жолында қаншама батыр бабамыз жанын да, қанын да аяған жоқ.
Дәл осы арада мен де өз пікірімді былайша білдірдім:
– Серікбай Өрікбайұлы, даңқты бабаларымыздың өршіл бейнесі турасында өте орынды айттыңыз. Олардың Ел мен Жер қорғаудағы асқақ рухтарын жастардың табиғатына сіңірмейінше іс бітпек емес. Бұл үшін ата тарихымызды ұлттық болмыс, ағаш үйдің шаңыраңынан көз сала оқып, зерделеу шарт! Ал, біз болсақ, күні бүгінге дейін ұлы Шыңғыс қағанымызды бөтен жұртқа теліп, қанішер, жаулаушы деуден арыла алмай, өз қағынан өзі жеріген құландай болып жүрміз. Кезінде Алаш қайраткері әрі ғалым Халел Досмұхамедовтің: «Егер ит айнадан өзін көрсе, ол өзін танымаған соң айнаға қарап үреді. Өз тарихын білмейтін халық та солай!» деген жанайқайын ащы да болса еске мың қайтара түсіруге тура келеді! Баяғы сол мекерлігіміз – өзіміз білмейміз, білгеннен үйренбейміз.
Секең тізгінін тартқылаған тұлпардай көсілді дерсіз бұдан соң:
– Иә, айналайын жастар, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасырдан асса да күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселелер жетерлік. Солардың ең бастысы – ата тарихымызды сол қалпында танып, білу. Біз Ұлы Даланың автохтонды халқымыз. «Қазақ – үлкен ел, ақ тілеулі, рухы күшті ел! Қаншама қансырасақ та көктемгі көктесіндей қайта көктейміз, қайта өрлейміз»,– деген еді Төле би бабамыз. Ерлікпен өрілген шынайы да танымды тарихымызды жастарға жеткізе білу – басты парызымыз. Өйткені, тарих – ұлттың жады. Танымды тарихы жадында жатталған ұлт қана ұлт ретінде сақталып, басқалармен қатар терезесі тең өмір сүре алады. Демек, ғылыми негізде жазылған танымды тарих – ұлт тəуелсіздігінің, ұрпақ еркіндігінің кепілі. «Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих», – деп Ахмет Байтұрсынов текке өсиеттемесе керек! Қай дәуірді, қай мемлекетті алсақ та тарих – халықтың ұлттық санасын қалыптастырып, мемлекеттік идеологияны насихаттаудағы, өскелең ұрпақты патриотизм рухында тəрбиелеудегі басты темірқазық болған, болып та келеді.
Сегіз қырлы, бір сырлы Секең әй бір шешілді-ау дерсіз бұл кездесу үстінде!Ұлтымызға тән мәңгілік тақырыптар: қасиетті жер, ата-баба, туған елді қадірлеп-қастерлеу, әдеп пен әділет, салт-дәстүрді сақтау мен ұрпақ тәрбиесі, адамгершілік пен отаншылдықты дәріптеу, отбасы, ар-намыс, тіл, діл, дін, ана тілінде білім алу, ата-ана мен балалар қарым-қатынасы, сынды арылмас ұлттық құндылықтар тұрғысындағы терең ой-толғаныстармен кестелене өрбіген, жылы да жалынды сөзі «Жастар» сарайының ішін кернеп те, тербеп те кетті! Лебізінің соңын:
Орталарыңызда қыз балалар да отыр екен. Ойымды әрі қарай өрбітсем, мынау Ұлы Даламызды, байтақ Отанымызды біріктіріп, ынтымағын асырып тұрған да осы ежелгі құдалық дәстүріміз емес пе?! Сонау Атырау мен Алтай, Сарыарқа мен Хан Тәңірі арасында өзара құдаласпаған қазағым кемде-кем! Сол себіпті де еліміздің төрт құбыласының амандығын, ондағы мыңжылдық құдаларымыз бен жиендеріміздің, қыз-күйеу баламыздың тілеуін тілеп отыратын қазақ деген, шын мәнінде, ақ ниетті ұлы халықпыз біз! Сондықтан да байырғы тіліміз шұбарланбаған. Қай қиырда ұшырасып қалсақ та бір-бірімізбен бірден ұғысамыз. Ана тілі деп біздің халқымыз ғана айтады! Осы ана тіліміздің өзін ошақтың ғана емес, күллі әулеттің жылуын асырып, ұрпағын тәрбиелеп отырған келіндер алғы күндерге жеткізетін. Бүгінгі күнге дейін тілімізді таза түрінде сақтаушы да келін десек, артық айтпағанымыз. Солай болып келді, солай болып қалады да! Шындығында, келінмен бірге ағыл-тегіл өлең-жыр, өскен ортасының салт-дәстүрі, той-думан келмей ме? Ортамызда батыс пен шығыс, оңтүстік пен солтүстік аймақтар тұрғындарының бір-бірімен құдаласып жатқандары қаншама?! Бұл құдалықтары ескіріп сарысүйектенсе, «құдалық жаңғырту» деп қайталай қыз алысып, қыз берісіп жатқандарымыз да жетерлік қой! Сол себепті де, ақылды да әдемі, білімді қыздарымыз «карьера» қуып кетпеуі керек. Арулардың басты құндылығы – ана болу, біздің қоғамымызға лайықты азаматтарды дүниеге әкеліп, тәрбиелеу дер едім! Бала тәрбиесі мен биік қызметті үйлестіре ұштастырған әйел-аналарымыз елімізде жетерлік! Осы өңірдің өзінен Зылиқа Тамшыбаева мен Бәтима Сақауова сынды ондаған асыл жандарды атар едім! Бір сөбен айтқанда, берекені маңдай тер, адал еңбектен тілеген жұртпыз ежелден. Адамның бақыты – өзінің қолында. Тәуелсіз Отанымызда адалдықпен таң атырып, күн батырып, абыройға бөленіп отырған мыңдаған замандастарымыз саналы ұрпақ тәрбиелеп, саралы іс тындыруда. Бес саусақ бірдей болсын ба?! Ата сақалы ауызына түссе де, я болмаса, тепсе темір үзетін қалыпта тұрса да екі аяғын мемлекеттің мойнына артып қойып, салқын үй, салулы төсекті қалаушылар да арамыздан табылып жатыр. Елдің күші сел емес пе, мұндайлардың да көпшіліке қарап бой түзеп, түзеліп кетеріне бек сенеміз!, – деп қорытқан еді.
«Жер ойпаңы білінбес, ебін тауып үй тіксе, ел ойпаңы білінбес, Еліне сай ұл туса» деп Қабан (Қабылиса) жырау бабамыз айтпақшы, мәрелі жеңіс, маңғаз қалпымен жетпістің жотасына жарқырай көтерілген елін сүйген, елі сүйсінген Секең біздің осындай!
Әміре ӘРІН,
Халықаралық «Алаш» әдеби
сыйлығының лауреаты,
Қазақстан Журналистика
академиясының академигі,
Алматы облысының Құрметті азаматы





