Қала көркі назарда

Уақыты: 13.06.2017
Оқылды: 1207
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов Талдықорған қаласында құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысанды аралады. Бірінші кезекте атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, кем-кетіктеріне сын-ескертпелер айтты.

Лаззат Махатұлы бастаған жұмыс тобы алдымен аралауды Талдықорған қаласының кіреберісінен бастады. Бірінші кезекте тазалыққа мән беріп, абаттандырылуына көңіл бөлді. Кемшіліктерін сынға алып, оларды тез арада ретке келтіру қажеттігін міндеттеді. Үшінші бөлімшеде төселіп жатқан жаңа жолдарға да назар аударып, оның бекітілген кестеге сай түзу болуын қадағалауды тапсырды. Жұмыс тобы бұдан соң құрылысы тамыз айында аяқталуы тиіс көрме павильонында болды. Заман талабына сай бой көтерген жаңа ғимаратқа көз жүгіртіп, ішін қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуді қала әкімі Бағдат Қарасаевқа жүктеді. 
Таяуда тағы бір баспана пайдалануға беріліп, көпшіліктің қуанышын еселемек. Осы ретте облыс әкімінің бірінші орынбасары алтыншы шағынауданда тұрғызылған үйлерді көру үшін арнайы барды. Заман талабына сай салынған үйге бас сұғып, бөлмелерін аралады. Ауласының абаттандырылуына да мән беріп, балалар ойнайтын алаңды көрді. 
Лаззат Махатұлы ойын алаңына құмның орнына заманауи төсеніштер төсеу керектігін айтып, сала мамандарына тапсырмалар жүктеді. «Жастар» саябағында да болып, бүлінген тас-төсеніштерді қалпына келтіру қажеттігін назарға салды.
Айгүл Байжұмақызы.