Ақ жол саған жас түлек!

Уақыты: 19.06.2017
Оқылды: 8606
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Тарыдай болып мектеп табалдырығын аттаған балдырғандар алтын ұя мектебінен қанат қақты. Балаң қауырсынын жылдар бойы жетілдірген олар алдындағы сан асуға жігермен бет бұрғандай көрінді. Ардақты ата-аналарының үміті мен ұлағатты ұстаздардың сенімін ақтап шыққанына қуанды. Жүректері тулады. Тебіренді. Облыс орталығындағы «Жастар» мәдениет және демалыс саябағында орналасқан киелі сахнада «Алтын белгі» төсбелгісін өңіріне қадаған түлектер бұл сәтті өмірінің жарқын белесі ретінде санада сақтары сөзсіз. 

Талдықорған төрінде өткен осы бір мерекелік кештің шымылдығы Оқушылар сарайы балалар хорының орындауындағы «Прекрасное далеко» әнімен ашылды. Одан кейін, көрермен назарына «Жаңа ұрпақ» хореографиялық қойылым ұсынылып, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалды.
Сан жүректі тулатқан салтанатты шараның алғашқы сөзін облыс әкімі Амандық Баталов алды.
– Құрметті «Алтын белгі» иегерлері! Бүгін сіздер үшін де, ата-аналар мен ұстаздар үшін де толқынысты сәт.  Қимас мекен, алтын ұяға айналған мектептегі алаңсыз күндер аяқталып, азаматтық жауапкершілігі мол кезеңге аяқ бастыңыздар. Мектеп қабырғасында алған білімдеріңіз бұл жолда сенімді серік болады деп сенемін, – дей келе үлкен өмірге қадам басқан барша түлектерді құттықтады. 
Сонымен қатар, Тәуелсіз Қазақстан деп танылған мемлекетте туып-өскен бақытты ұрпаққа үлкен жауапкершілік пен міндеттің жүктелетінін және білім саласындағы өңір жетістігіне тоқталды. – Облысымызда өскелең ұрпақтың терең білім мен тәлім-тәрбие алуына жағдай жасалуда. Соның нәтижесінде озат оқитын оқушылардың саны артып келеді. «Алтын белгі» иегері атанып отырған биылғы түлектердің ішінде республикалық және халықаралық білім сайысында биік белестерді бағындырған Ильхамжан Мансуров, Ахмет Бекалиев, Назым Ноғайбекова, Асылжан Балатұрсынов сынды жастарымыздың бар екенін мақтанышпен атап өткім келеді, – деген Амандық Ғаббасұлы жас түлектерге сәт сапар тіледі.
Рас, облысымызда жылдан-жылға озат оқушылардың саны артып келеді. Биыл өңірімізден 14 мың екі жүз алпыс сегіз түлек үлкен өмірге қанат қақса, оның 590-ы «Алтын белгі»,        528-і Үздік аттестат иегері атанып отырғанын айта кеткен жөн.
«Ақ жол, саған, жас түлек!» атты кеш барысында өңір басшысы 11 жылғы білімге деген ізденіс пен талпыныс, табанды еңбегінің нәтижесінде ата-ана, ұстаздарының сенімін ақтап әрі игі шараның басты кейіпкеріне айналып отырған 590 түлекке «Алтын белгі» төсбелгісін, Алғыс хат пен бағалы сыйлықтарды салтанатты түрде табыс етті. Одан кейін Қазақстанның эстрада жұлдыздары әуелете ән салып, мереке көрігін қыздырды.
Өз кезегінде сан шәкірттің атынан сөз алған Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын №20 арнаулы лицейінің түлегі Асылжан Балатұрсынов:
– Құрметті Амандық Ғаббасұлы, қадірменді қонақтар мен ұстаздар, ардақты ата-аналар! Біз азат елде туып-өсіп, білім алғанымызды мақтан тұтамыз. Сонымен қатар, жастардан үлкен үміт күтетін жұртымыз бен Елбасы сенімін ақтайтын азамат болатынымызға сөз береміз, – деген жүрекжарды сөзін үш тілде жеткізді. Ал, Іле ауданы М. Мақатаев атындағы №13 орта мектебінің түлегі Аружан Төлеубекова: «Бүгін жүректерді толқыныс пен тебіреніс басқан, аңсау мен арман шарпыған, өмір жолына алғаш қадам жасағалы отырған түлектер үшін ұмытылмас күн. Жер жаннаты Жетісудан талай ел мақтанышы шығуда. Біз де еліміздің дамуы жолында солар секілді өз үлесімізді қосамыз деп сендіреміз», – деді.
Ақжарма тілектер төгілген сәттен кейін Талдықорған қаласындағы №16 орта мектеп-гимназиясы түлектерінің орындауында «Енді қоңырау соғылмайды бізге» әні әуелеп, шәкірттер вальс биледі. Сондай-ақ, еліміз бен өңірімізге белгілі өнерпаздардың концерттік бағдарламасымен мәресіне жетті.
***
Еңбекшіқазақ ауданы. Биыл аудан бойынша 1646 оқушы мектеп қабырғасынан түлеп ұшты. Солардың ішіндегі 74 түлек «Алтын белгі» иегері атанды. Ал, 55-і үздік аттестатқа қол жеткізді. Бұл, әрине, үлкен қуаныш.
«Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шыққан ұл-қыздарының осынау қуанышына аудан жұртшылығы да ортақтасты. Бейсенбі күні Есіктегі Жамбыл атындағы жастар саябағында өткен әсерлі кеш соның дәлелі.
Саябаққа жиналған жастардың жүздерінен қуанышпен қатар мектебіне, ұстаздарына және сыныптас достарына деген қимастық сезімдері  байқалады.
Аудан әкімі Бинәлі Ысқақ дара шыққан жастарды шын жүректен құттықтап, үлкен өмірге аттағалы отырған қадамдарына ақ жол тіледі. Білімдерін одан әрі шыңдап, бір-бір мамандық иесі атанып, ел дамуына үлес қосатын ұлтжанды азамат атануларына тілектестігін білдірді.
– Бүгінгі таңда Қазақстан әлем алдында беделі зор мемлекетке айналды. Осының бәрі білімге деген құштарлықтың, елге деген сүйіспеншіліктің арқасы. Біз сіздерден, жас түлектер, үлкен үміт күтеміз. Жоғары білім алып, Отанымыздың өркендеуіне өлшеусіз үлес қосады деген сенімдеміз, – деді Бинәлі Әбдіқапасұлы.
Саябақтың аспанында саз болып қалықтаған әсем әуен мереке шырайын одан сайын аша түскендей. Ата-аналардың да, ұстаздардың да жүздері қуаныштан бал-бұл жайнап тұрды.
– Бізді білім нәрімен сусындатқан ұстаздарымызға мың алғыс. Осындай жетістіктерге жеткеніміз сол кісілердің арқасы. Алдымызда үлкен сынақ күтіп тұр. Содан сүрінбей өтіп, армандаған жоғары оқу орнына түсіп кетсек деген жалғыз ғана тілегіміз бар. Студент атанып жатсақ, бұл тек біздің ғана жеңісіміз емес, ұстаздарымыздың да жеңісі, – дейді Рахымжан Тоқатаев атындағы мектептің «Алтын белгі» иегері Әсел Талдыбаева.
***
Талдықорған қаласындағы №14 орта мектеп-гимназиясында мектеп түлектеріне арналған «Алтын арман» салтанатты кеші өтті. 50 шәкіртті үлкен өмірге аттандырған жиынға Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Базарқұлова қатысты.
Алдымен ханзада мен ханшайымдай кейіптегі қыз-жігіттер көптің қошеметімен ортаға шықты. Олардың ішінде мектеп мақтанышы «Алтын белгі» иегерлері – физикадан халықаралық олимпиада жүлдегері Мирас Мадиқасымов, облыстық Кіші Ғылым академиясының жеңімпазы Бауыржан Мұхамеджанов, халықаралық «Флекс» жеңімпазы Маржан Төлегенова, облыстық пән олимпиадасының жүлдегерлері Аяжан Төлепбергенова және Райымбек Тұраров менмұндалап тұрды. Құттықтау сөз алған Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Әбілмәжінұлы:
– Айналайын мектеп бітіруші түлектер, бүгінгі үлкен мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Біз сіздермен мақтанамыз. Дәл осы қара шаңырақтан ғарышкер, Халық қаһарманы Айдын Айымбетов, әлем чемпионы Карина Горичева түлеп ұшқан болатын. Оның барлығы аяулы ұстаздардың арқасы деп білемін. Сіздер де биік белестерден көрініңіздер, жолдарыңыз ақ болсын, – деп «Алтын белгі» иегерлері мен мектепті «Үздік аттестатпен» бітірген түлектерді марапаттады. 
Мінбеге көтерілген мектеп директоры Гүлжанар Еспанова тебірене сөйлеп, туған балаларындай болып кеткен шәкірттеріне тілектестік танытты. Ата-аналар атынан сөз сөйлеген Гүлжан Саңқайбаева да ұстаздарға алғыс жаудырды. 11- сынып жетекшілері Минуар Баймолданова, Айнур Ахмедиева және Дидар Ақжолов оқушыларына қимастықпен ақ тілектерін ақтарды.
Ал түлектер ән-жырдан шашу шашып, мың бұрала биледі, естен кетпес концерттік бағдарлама ұсынды. Талмай білім нәрімен сусындатқан ұстаздар мен алтын ұя мектебімен қимай қоштасты.
***
Қаратал ауданы. Маусым айының 15-і күні Үштөбе қаласының орталық алаңында «Алтын арман – 2017» атты мектеп бітірушілердің салтанатты кеші өтті. 
Иә, мектеп табалдырығын тарыдай болып аттап, таудай болып шыққан түлектердің жүзіндегі алтын ұя мектебін қимастық сезімі мен сағыныш реңін аңғару қиын емес. Жүректері лүпіл қаққан түлектердің әрбір қоңыраудың үнімен сабаққа асығып, партасына жайғасып, аяулы ұстаздарынан білім алғаны қас қағым сәт секілді. Қимастық сезімі мен алдағы болашаққа деген асқақ арманы шарықтап, алабұртқан көңіл сағынған көздің моншағын мөлт еткізді. Жиналған барша қауым білім ордаларын үздік тамамдаған озат түлектерді ортаға шақырып, құрмет көрсетті.
Қаратал жұртшылығына облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар игі лебізін арнады. 
–  Қайырлы кеш, қымбатты қараталдық ағайын! Құрметті жас түлектер! Ата-аналар, ұстаздар, жиналған қауым! Бүгін барлығыңыз үшін мереке, үлкен кезең. Өйткені,  облысымыздың барлық аудандарында, елді мекендерінде дәл осы жердегідей үлкен салтанатты шарада жас түлектерімізді өмір баспалдағына шығарып тұрмыз. Биыл Алматы облысы бойынша 14 мыңнан астам жас түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшып, соның  590-ы «Алтын белгі» иегері атанды. Бұл көрсеткіштің барлығы мемлекеттің қолдауының арқасында, Елбасымыздың көреген реформаларының арқасында болып жатқанын біз әрқашан түсінуіміз керек, білуіміз керек. Сондай-ақ, Қаратал ауданында 362 түлек, біздің ұл-қыздарымыз мектептің қабырғасынан түлеп ұшып, өмірдің келесі кезеңіне жол тартып бара жатыр. 362 түлек – 362 алаулаған от, жарқылдаған жүрек. Біз 362 түлегімізді құттықтауға арнайы келіп отырмыз, – деді Жақсылық Омар. 
Ақ тілекті жалғаған аудан әкімі Қайрат Бисембаев барша қараталдық түлектерді жаңа өмірге қадам басуымен құттықтап, биыл  ауданымыздан 11 түлек «Алтын белгі», 15 түлек ерекше үлгідегі аттестат иегері атанып, ұстаздар мен ата-аналардың еңбегін ақтап, мерейін тасытқанын айтты. 
Осыдан соң  облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар мен аудан әкімі Қайрат Бисембаев озат түлектерді марапаттады. Аспанға отшашулар атылып, ақ тілектер жазылған шарлар ұшырылды. Мектеп бітірушілер қуаныш пен шаттық тойын алтын ұя мектебінде жалғастырып, әрбір сәтті еске қаларлықтай қылып өткізді.
Осындай шаралар облысымыздың барлық елді мекендерінде өткізілді.
Өз тілшілеріміз