ӘКЕ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

Уақыты: 04.07.2022
Оқылды: 1331
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Өткен бейсенбідегі берекелі істің бірі талды қаланың төріндегі Тіл сарайында өткен рухани шара болды. Ата басылымда он бес жылға жуық еңбек етіп келе жатқан әріптесіміз Қажет Андас әке аманатын орындап, артында қалған мұрасын жинап, кәдеге жарар кітапқа айналдырды.

Ел басына екі талай күн туғанда атажұрттан алыстап қалған Андас әулеті тәуелсіздіктің арайлы таңы атқанда тәуекел етіп, арғы беттен қарғып өткен отбасының бірі. Отағасы Андас Омарақын қытай елінде жас кезінен ұлтының ұлы құндылықтарын, тарихы мен салт-дәстүрін дәріптеуді перзенттік борышына айналдырса керек. Бірақ ол елде де бай баласы, ұлтшыл деген желеумен оқудан шеттетіліп, қаламгерлікпен айналысуға мұрша бермейді. Тіпті, 1966 жылғы мәдени төңкерісте барлық қолжазбалары қолды болып, отқа тасталып, ұзақ жылғы еңбегі зая кетеді. Ұлтын сүйген ұл араға жылдар салып, қайтадан қаламын қолына алып, тарихтың қатпар беттерін ақтарып, қағаз бетіне қаттай бастайды. Өзі өмір сүрген Іле қазақ облысының Күнес ауданындағы қазақтардың тарих танымына терең бойлап, құнды мұраларын кітапқа түсіреді. Андас қария зерек болып өскендіктен киелі сөз өнерін жанына серік етіп, қиындығы мол қаламгерлік жолда аянбай еңбек етіпті. Ол кісі қара өлеңге ғана олжа салмаған. Тарихшы, шежіреші, айтыскер ақын да болған.

Артындағы ұл-қыздары әкенің асыл мұрасын жинақтап, аяулы жары Әуесхан апаның көңілін шаттандырып, өшкені жанғандай күйге жеткізді. «Офсет» баспаханасынан шыққан «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты үш томнан тұратын кітаптың таныстырылымына ардагерлер алқасы, танымал ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері мен журанлистер қауымы қатысып, ақжарма тілегін айтып, әке аманатын орындаған ұрпағына ризашылық танытты. Қызай руына арналған тарихи зерттеулер мен Андас ақынның айтыстары және сол дәуірде өмір сүріп, сөз сайысын қыздырған ақындардың айтыстары, шежірелер мен өлеңдер жинағы үш том болып оқырманға жол тарты. Әкеге қарап өскен ұл Қажет Андастың перзенттік борышының бір парасын өтеген осынау игі бастамасы көпке үлгі болмақ.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"