Балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба?

Уақыты: 28.04.2024
Оқылды: 679
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Сөз бастау оңай ма? Топ бастау оңай ма? Көпті соңыңнан ерту үшін де сөз бастау керек. 
Хакім Абай: «Көңілдегі көрікті ой ауыздан шыққанша өңі қашады», – депті. Рас, кеудеде сайрап тұрған ойды шығару да оңай шаруа емес. Осындайда тәмсілдерді тәпсірлеп, сарнаған ойды сан електен өткізіп жатамыз. Болмаса өткеннің бір естелігін парақтауға тура келеді. Сол ізден біз де танбайық...

Бірер жыл бұрын бір танысым мессенд- жер арқылы бейнебаян жіберіпті. Әкенің ақырғы сөзі хақында. Жай әке емес, жүрегін балаға сыйлаған батыр әке жайында. Ұрпағына өсиет қалдырған әке турасында. «Жүрексізге» әсер ете қоймас, бірақ басынан аяғына дейін нақыл айтып, ұрпағының болашағына алаңдаған қырықтар шамасындағы жігітке не көрінді дейсіз ғой. Ұққаным, баласының жүрегі ауырса керек, тіршіліктің «моторын» ауыстырмаса болмайды. Содан донор іздейді ғой келіп. Табылмайды. Не керек, ақырында әкесі баласына жүрегін бермек. Батырлық па? Осы ретте сұрақ туындайды, бетін аулақ қылсын, бірақ жағдай орын алса, балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба? Тура мағынасында. Кеудеңізден алып, балаңыз үшін бере аламысыз? Батылдық жете ме? Кім кеудесіндегі лүпілін тоқтатып, мына дүниенің қызығын ұрпағына сыйлай алар?

Әрмен кеттік. Биыл жыл басында жаңалық шықты. Жай жаңалық емес, демографтардың санын соқтырған ақпарат дейікші. Қазақстан ажырасу бойынша әлемде екінші орынға жайғасыпты. Былтыр да солай болған. Екілікті екі жыл қатарынан ешкімге бермеппіз. Биыл тек алдыға Мальдив аралдарын оздырыппыз. Дейтұрғанмен Ұлттық статистика агенттігі бұл жағымсыз жаңалықты жоққа шығарды. Былтыр да сөйткен. Қалай ақталғанмен, сандарды сөйлетсек, қоғамда шаңырақты шайқалт- қандардың саны іштартқызады. Мәселен, елімізде өткен жылы 120,8 мың шаңырақ көтеріліпті. Алайда, 2022 жылға қарағанда 6 пайызға төмен. Ол жылы 128,4 мың жұп отбасын құрыпты. Бірақ. Сөз арасын осы бірақ бұзатыны секілді, өткен жылы 40,2 мың шаңырақ шайқалса, 2022 жылы 44,5 мың отбасы ойрандалған. Соңғы бес жылда 200 мыңнан астап ерлі-зайыпты екіге кеткен. Сандарға қарасақ, шаңырақ көтерген әрбір үшінші жұп екіге айрылады. Деректер қорқынышты ма? Сол қорқынышты қоғамды түзіп жатқан біз ғой.

Ажырасқан отбасында соры бес елі кім? Бала! Деректерді сөйлетсек, соңғы 10 жылда жалғызбасты аналардың саны жарым миллионға жетіпті. Осы шамалас бала әкесіз өсіп келеді. Жетім қалған балаларды қоспайық. Құдай қылғанға қарсылық танытар жұмырбастының қасиетінен емес. Есесіне, некесіз балаларды көбейтуде ешкімге есе жіберіп жатқан жоқпыз. Елімізде 6,7 млн. бала бар болса, соның 700 мыңы шата бала, некесіз туған сәби. Адам күлге аунап бала таппайтыны секілді, бұл балалардың әкесі бар, бірақ кім екені белгісіз. Бізде балалар дүниеге келмей-ақ кетіп жатыр. Қайда деп сұрамайтыныңыз белгілі. 2019 жылға дейін жыл сайын 70 мыңнан аса түсік жасалып келіпті. Ойланыңызшы, 10 жылда дүниеге келуі керек 700 мың бала ана дүниеге мына әлемді көрмей аттанған. Бірақ, мамандар түсік жасату сәл болса да азайғанын алға тартады. Қазір 1000 жүкті әйелдің 15-і түсік жасайды екен. Дейтұрғанмен, түсікжасатушылардың тым жасарып кеткені шымбайға батады. 

Бірде Құнанбай мен Абай дауласып қалыпты. Сонда Ибрагимнің әкесі: «Сен мықты болсаң, өзіңдей ұл тудырып ал» депті. Осы бір ауыз сөзде Құнанбайдың бар арман-мұраты жатқан сыңайлы. Біздің қоғамда әкелер Абайдай ұл тәрбиелеуге құлықты ма? Ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне ме? Жауап беру қиын. «Неліктен ұлы әкесін жақсы көргеннен әкесі ұлын артығырақ жақсы көреді? Өйткені ұлы оның жаратылысы. Барлық адам өзі даярлаған дүниені сүйеді», – дейді әлемнің бірінші ұстазы. Аристотель айтқандай, өз жасағанын сүйе алатындар сұйылып, өз қажетін күйттегендер неге көп? Жүрек былай тұрсын, шаңырақтың шыжығы мен қызығына шыдамын қимайтындар неге қаптап кетті?

Жауапкершілік. Қазір бізге жетіспейтіні осы адами қасиет. Жануардан жауапкершілік сұралмайды. Өйткені онда сана жоқ. Ал адамнан ше? Әр пенде өзі істеген ісіне жауап беруі тиіс. Ал бала – адамның ұлы ісі, бар мақсаты. Әйтпесе адам не үшін өмір сүреді? Жалпы тіршіліктің мәні не? Келу мен кету мақсат емес, бастысы ұрпақ қалдыру. Жай ұрпақ емес, өмір сүруге бейім, келесі ұрпақты дүниеге әкелуге және өмірге бейім етуге қау- қарлы ұрпақ. Кез келген жануарды алыңыз. Дүниеге ұрпақ әкеледі және сол ұрпақты өмір сүруге үйретеді. Қызық мысал, тіршілікте шынашақтай торғай атаулы құс бар. Сол құс- тың ұясына жылан өрмелеп барады дейікші. Жанұшырған құс жыланға тұра ұмтылады. Әлі келсін, келмесін. Тіпті, өзін опат етеді. Не үшін? Ұрпағы үшін. Дәл осындай жағдай, қой отарының шетінде қозылы қой тұр. Аш қаңғыған ит отарға ұмтылды. Саулық қозысының алдына шығып, жер тепсініп айбат көрсетті итке. Жыртқыштың аты – жыртқыш. Қойды күшке салса, тамақтай салады. Ал қойдікі қозы үшін құрбандыққа барудан тартынбау. Жануарларда ұрпақ үшін қам осындай, ал адамда ше?

Осынша ойды туындатқан әлгі бейнебаянға келелік. Оны Льюис Сандерсон даярлапты. Баласына жүрек берген әке бейнесін сомдапты. Мынаны ескерген абзал, ересек адамның жүрегі балаға салуға келмейді, әрі тірі адам тек санаулы дүниелерге ғана донор бола алады. Әлгі актер көкек әке, менмен шешелерді қамшылап, ажырасуға бейімдерге түрткі болмақ болған. Енді сұрақ, балаңызға жүрегіңізді бере аласыз ба?

Дастанбек САДЫҚ
Фото: guru.wildberries.ru