ӨЗГЕНІҢ ҚАМЫН ОЙЛАҒАН

Уақыты: 06.07.2022
Оқылды: 1543
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Талдықорғанда Елдос Баялышбаев атты жас кәсіпкер тұрады. 19 жасында жол-көлік апатына ұшырап, басына түскен тағдырдың тауқыметін мойымай көтерген. Ауыр апаттың салдарынан денсаулығына келген зақымды жеңу үшін түрлі жаттығуларды талмай жасап, өз-өзін жетілдіре білген. Соның арқасында төсектен тұрып, отыратындай жағдайға жеткен, тіпті, арбаны тастап балдаққа сүйеніп жүре бастады.

Замандастарына, құрбы-құрдастарына ауыртпалықты жеңе білу керектігін үйретіп жүрген жігіт өзі секілді жандарға қолдау көрсету үшін «Ерлік» мүгедектер қоғамына техникалық бағдарламашы болып жұмысқа тұрады. Сонда жүріп кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Даму» қорында білімін жетілдіріп, «Бастау-бизнес» жобасымен өзінің жеке ісін бастайды. Сол арқылы 2014 жылы облыс орталығынан мүгедектерге арналған «Асар» спорттық-сауықтыру орталығы» мүгедектер қоғамдық бірлестігін ашып, жаттығу залын іске қосып, жұмысқа кіріседі. Шет елдерден түрлі жабдықтар  алдырып, реабитолог мамандарды жалдады. Соның арқасында мыңнан асатын мүгедектің 300-ден астамы тірек-қимыл жаттығуларын жетік меңгеріп, өз беттерімен жүріп-тұра алатын, қозғалатын  деңгейге қол жеткізді. Яғни, арбамен келген балдаққа сүйенді, балдақ ұстаған қолына таяқ алды, таяқпен келген өзі жүріп кетеді. Одан бөлек 300-400 адам киініп, шешінуді, өзіне гигиеналық күтім жасауды меңгереді.

Ең бастысы тағдырдың басқа салған ауыртпалығын сынақ ретінде қабылдау керектігін келушілерге ұғындырып, рухани тұрғыда демеумен айналысатын Елдостың спорттық-сауықтыру орталығы мүгедектердің жігерленіп, серпілуіне, өмірге құштарлықтарын артыруға ықпал етеді. Сол арқылы арбамен жүріп, үйлі-баранды, бала-шағалы болғаны да, ата-анасына қолдау көрсетіп, бір үйлі жанды бағып отырғандары да бар. Тіпті, төрт мүшесі сау жандардың қолы жете бермейтін биіктікті бағындырып, түрлі жобаларды жүзеге асырып жатқандарын, мол табыстың көзін тауып, қымбат пәтер сатып алғандарын көргенде еріксіз қуанасың. Солардың бәріне Елдос Баялышбаевтың көрсеткен үлгісі мен берген өнегесі әсер еткені анық.

Қазір «Мүгедектерге қызмет көрсету орталығының» құрылысын жүргізіп жатқан Елдос нысанның ашылуын биылға жоспарлап отыр. Физиокабинет, логопед кабинеті, процедуралық кабинет жұмыс істейтін орталықтағы үлкен жаттығу залы мүмкіндігі шектеулі жандарға тегін қызмет көрсетіп, өмірдің сынағын мойымай көтеруді үйретеді. Мүгедектікке тап болған жандарға қолдау көрсететін орталықтың атын естіген азаматтар алыстан келіп, жаттығулар арқылы қимыл-қозғалысты меңгеруде. Сондықтан «Қаратал» ықшам ауданындағы көпқабатты үйдің жертөлесі орталыққа тарлық ете бастаған. Осыған орай жаңа ауданнан жер алып, құрылыс жұмыстарына кіріскен Баялышбаевтың бастамасына ата-анасы жан-жақты қолдау көрсеткен.

Қазір 20 шақты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырған орталық ерікті қызмет атқаратын автокөлік жүргізушілерін ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсетуді де өз міндетіне алған. Сол арқылы Талдықорған қаласындағы мүгедектерге көмектесіп, көпшіліктің алғысына ие болып отыр.

«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы арқылы күллі Қазақстанға танылған Елдос Қайыркенұлының бастамасы облыс орталығындағы көптеген кәсіпкерлерге серпін беріп, қайырымдылықты кең қанат жаюына септігін тигізуде. «Жан қысылса жақынын іздейді» дегендей мүмкіндігі шектеулі жандардың жанынан табылып жүрген кейіпкеріміздің жұмысына табыс, сәттілік, кәсібіне ырыс-құт, өміріне жақсылық, мықты денсаулық тілейміз. Себебі, өзгенің қамын өзінен жоғары қойған жанның абыройы асқақ, беделі биік болады.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ