9 ШІЛДЕ – ҚОНАЕВ ҚАЛАСЫНЫҢ ІРГЕТАСЫ БЕКІДІ

Уақыты: 09.07.2022
Оқылды: 1611
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қонаев қаласының тұрғындары үшін 9 шілде – мерекелі күндердің бірі. Өйткені, дәл осы күні Іле өзені жағалауындағы шағын елдімекенге Қапшағай атауы беріліп, маңызы зор жаңа қаланың іргетасы бекіді. Осы атаулы күнге орай өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев облыс тұрғындары мен қала халқына жүрекжарды лебізін арнады.

Марат Елеусізұлы арада жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, қаланың әлеуметтік-экономикалық, стратегиялық маңызы еш кемімегеніне назар аудартты. 
Қаланың жаңа тынысы ашылды. Қапшағай су қоймасы, су электр стансысы, шыны фарфор зауыты, туристік орталықтар, басқа да маңызды нысандар бой көтеріп, танымал қаланың біріне айналды.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында Қапшағай қаласына қатысты тағы бір тарихи өзгеріс енгізілді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қапшағайға ұлы тұлға, аңыз адам Дінмұхамед Қонаевтың есімі беріліп, тұрғындар қуанышы еселенді.
2022 жылдың 8 маусымынан бастап Қонаев қаласы Алматы облысының орталығы ретінде ары қарай дамудың даңғыл жолына түсті. Алда атқарылар жұмыс ауқымды, міндет зор.
– Қонаев қаласын дамыту, тынысын ашып, жаңа мүмкіндіктерін тиімді пайдалану – біздің буынға жүктелген ұлы міндеттің бірі.
Қонаев тұрғындарын 9 шілде – қаламыздың құрылған күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ел іргесі берік, заманымыз тыныш, болашағымыз баянды болсын, – деді Марат Сұлтанғазиев өз құттықтауында.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"