«Жұртым сүйіп оқыса жырларымды Онда менің мәңгілік өлмегенім...»

Уақыты: 15.07.2022
Оқылды: 1657
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 

Есімі Жетісу жұртына ғана емес, күллі қазақ еліне танымал ақын, жазушы, сазгер Тоқбай Исабеков тірі болғанда биыл 90-ға толатын еді. Артына өшпестей мұра қалдырған қарымды қаламгердің мерейтойы Жаркент өңірінде күзде тойланбақ. Біз бүгін ақынның бірегей болмысын арқау еткен естеліктер топтамасын оқырман назарына ұсынып отырмыз.

 

Нұр ӘДІЛ, журналист-жазушы:

Асыл бейнесі күні бүгінгідей көз алдымызда

­Жалпы, «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын!» демекші, ұлағатты адамның өнегелі ісін өзгелерге үлгі ету ешқашан көптік етпейді. Мұның мәні әсіресе, өнер адамдарына, олардың өлмес шығармаларына қатысты болған кезде тіптен арта түспек. Сондықтан 90 жылдық мерейтойы қарсаңында  Тоқбай ағамыздың асыл бейнесін тағы да еске түсіріп, шығармашылық мұраларын жұрт жадында және бір рет жаңғыртсақ артық болмас.

…Жетісу, сенде өстім, сенде тудым,

Жасымнан машықтанып өлең қудым.

Сәулетіңе бейнең сай жарар еді-ау,

Теңеуін таба білсем өлең-жырдың, – деп, сонау өткен ғасырдың 70-жылдары жазған өлең жолдары Тоқбай ағаның бүкіл болмыс-бітімін, тұғырлы тұлғасын, арман-мақсатын айқындайтын шумағы еді. Ақжарқын мінезі мен кішіпейілділігі, еліне еркелеген өзіне тән ерекшелігі Тоқаңды әрдайым даралап тұратын. Алдымен өзінің емес, елдің амандығы мен мұратын ойлайтын елгезек те ақжүрек ағамыздың асыл бейнесі күні бүгінгідей көз алдымызда. Өнер мен еңбекті қатар алып жүруі, осы екі отаудың да шаңырағын шайқалтпай өз өмірінің соңына дейін адал сезіммен аялап өтуі Тоқаңның жайшылықта байқалмайтын биіктігін көрсетсе керек.

Алғашқы биіктігі – ағамыз өзінің бала кездегі арманы, сонау 1947 жылы Қытай еліндегі Құлжа қаласындағы Ахметжан Қасыми атындағы мұғалімдер институтына түсіп, болашақта ұрпақ тәрбиесімен айналысуға деген мақсатты жолдан айнымауы. Еңбек жолында  ағамыз көптеген нәтижелерге қол жеткізді. Оған дәлел: өзі негізін қалаған Кішішыған орта мектебін 30 жылдан астам басқарғаны, «Қазақстан Республикасы Білім беру ісінің үздігі» атағын алғаны және бүгінде жан-жаққа тарап, әр салада нәтижелі еңбек етіп жүрген мыңдаған шәкірттері.

Екінші биіктігі – ағамыз күнделікті қызметінде қаншалықты мехнат шегіп жүрсе де өнерден, әсіресе, өлеңнен бір күн де қол үзіп көрген емес. Ағамыздың «Жазушы», «Жалын» баспаларынан жарық көрген «Мөлдір бұлақ», «Жердегі жазулар», «Тау гүлі», «Сырлы дүние», «Жүректегі жазулар» деген жыр кітаптары көпшіліктің көзайымына айналып,  Әбілхан Қастеев, Рақымжан Қошқарбаев, Ғани Мұратбаев және жерлестеріміз Күләш Айтжанова мен Мәриям Ниязова туралы поэмалары оқырмандардың да,   әдебиет сыншыларының да тарапынан жақсы бағаға ие болды. Ағамыз айтыскер   ретінде  кезінде аудан,  облыс  намысын қорғаса,  журналшы ретінде  ғұмырының ақырына  дейін   қаламын   қолынан   тастамай,  туған елі  мен  жерін жан-жақты   насихаттады. 

Тоқаң тәлімгер  ретінде де танымал.  Өткен ғасырдың 80-жылдарының басында алғаш  өзі негізін қалап, жетекшілік еткен «Шыған шырақтары» (қазіргі «Арқас алауы»)  атты әдебиет пен өнер бірлестігінде талай-талай  елге танылған  талантты жастар тәрбиеленді. Солардың арасында айтыс көгінде жасындай жарқ етіп өте шыққан өнерпаз Жандарбек Бегімбетовті де тәрбиелеп, тұсауын кескен Тоқбай ағамыз болатын. Қазір сол бір аядай ғана ауылдан шыққан әдеби бірлестік мүшелерінің алды күллі республикаға танымал.

Тоқбай ағамыз  әсем сазды әндер де шығарды. Оның 30-ға жуық ән жазғаны  және ол әндердің халық арасында кеңінен тарағаны сазгерлік қырын кеңінен  танытады. «Жетісудың бұлбұлы» атанған Дәнеш ағамыз туралы тың деректермен толықтырылған романы көлемді  туындылар тудыра  білетін жазушылығын аңғартса, «Әдишаның ажалы» атты пьесасы драматургтік қабілеті де қарымды екенін көрсетеді.

Жазиралы Жаркент жеріндегі ең сәулетті елді мекен - Головацкий ауылында  Бәйдібек баба, Домалақ ана, тағы басқа да осы тақылеттес қасиетті есімдермен аталатын көрікті көшелер көп  болса, ол да ­­– Тоқбай ағаның қайраткерлік қарекетінің  көрінісі. Өмірінің соңғы жылдарында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының агрофирмадағы бірлескен комитетінің төрағасы қызметін атқарған ағамыз тек осы ауылда ғана емес, бүкіл ауданда ата-баба дәстүрін жаңғырту, ел есіндегі елеулі есімдерді ұлықтау, тағы басқа да көптеген игілікті істердің ұйтқысы болды. Шежіре жинақтаушы, тарих зерттеушісі ретінде танылды.

 

Рысхан МАМЫТБЕКОВА, ақынның жары:

Өзі іргетасын қалаған мектепке есімі берілсе дейміз

Елімнің жақсы жырға шөлдегенін,

Зер салып көңілінен көрген едім.

Жұртым сүйіп оқыса жырларымды

Онда менің мәңгілік өлмегенім,­­- деп Тоқбайдың өзі жырлағандай аты өшпей, жас ұрпақтың санасында сақталуы артында қалдырған өшпес мұрасы ­-  жырларының арқасы деп білемін. Тоқбай тірі болғанда биыл 90 жасқа келер еді. Амал не, арамыздан ерте кетті.

Тоқбайдың ұстаздық еңбек өтілі 50 жыл екен. Ол ұстаз бола  жүріп, қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Мектептен ақындар класын, өнер мектебін ашты. Талапкер жастардың әңгіме, өлеңдерінің аудандық, облыстық, республикалық газеттерде жариялануына мұрындық болды. Мектепте ақындар класын ашып, айтыскер ақындарды дайындады. Бұдан бөлек, туысқандардың балаларының жоғарғы  білім алуына да үлкен септігін тигізді. Қай баланың қандай мамандыққа икемі бар екенін байқап, сол оқуға алып баратын. Әулеттегі барлық балалардың білім алуына қолұшын беріп, жол көрсетіп отырды.

Үйден ешқашан қонақ үзілмейтін. Атақты суретші Әбілхан Қастеев, Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаев, жазушы Сәуірбек Бақбергенов, Оразбек Бодықов, сазгер Ілия  Жақановтар үйден дәм татты. Дәнешпен қай жерде жүрсе де шығармашылық байланысын үзбеді. Тоқбайдың өлеңдеріне Дәнеш бірнеше ән жазды. Тоқбай өзі де ән шығаратын. «Әкеме», «Жаркент вальсі», «Гүл бердің сәулем, гүл бердің», «Күлімкөз» деген әндерін өнерпаздар жиі орындайтын.

Балаларды қатты жақсы көретін. Оларға ешқашан дауыс көтерген емес. Қонақ келгенде  ең бірінші қолдарына су құйғызатын. Дастархан басында балалардың қонақтармен отырғанын жақсы көруші еді. Оларға ән айтқызып, өлең оқытып, билететін.

Тоқаң құс ұйқылы еді. Түнде қонақтан келсе де таңғы төртте ,бесте тұрып алып, өлең жазатын. Үй шаруашылығына да үнемі көмектесіп отырды. Тоқбайдың ерекше қасиеті ­­– шақырылған той-томалаққа міндетті түрде алдын ала арнау жазып, дайындалып баратын. Қайтыс болатын күні Шеризат Жапеков деген туысымыз тойға шақырған болатын. Таңертең ерте тұрып , арнау жазды. Содан маған «Қазақ елім» деген ән шығардым» деп дастархан үстінде ыңылдап айтып отырды. Мен күндегідей  таңғы асын бердім.Тоқаң шаруаларымен сыртқа шығып кетті. Сол күні ойда жоқта жүрегі тоқтап қалды. Мен үшін де бар дүние тоқтап қалғандай болды. Шығарған әні де айтылмай қалды, оны да өзімен бірге ала кетті.

Тоқбайдың көп арманы бар еді. Аяқасты келген ажал алды-артына қаратпады. Әндер жинағы, «Жүректегі жазулар» деген жыр жинағы, эссе-дастандары баспадан шықпай қалды. Алла бұйыртса, соларды шығарсақ деген ниетіміз бар. 20 жылдан астам уақыт болды, өзі іргетасын қалаған Кішішыған орта мектебіне Тоқбайдың атын беруді түрлі себептермен кейінге қалдырып келеді. Тіпті ел танымайтын адамдарға да Жаркенттен көше беріліп жатыр. Тоқаң қаншама батыр, билерді тірілтіп, көше аттары берілуіне жан аямай атсалысты. Ал өзіне сол көшелердің біреуінің бұйырмауы өзекті өртейді. Алдағы уақытта аудан әкімшілігі қолға алады деген үмітіміз бар.

 

Айқын ИСАБЕКОВ, ақынның ұлы:

Шын  мәніндегі ұстаз еді

Әкеміз ақкөңіл, аңғал еді. Отбасымыздағы көңілді, қызықты шаралардың ортасында жүретін. Үйден қонақ үзілмейтін. Ел ішінде «Тоқаң айтыпты» деген әңгіме әлі де үзілген емес.

Бірде мынандай қызық  жағдай болды. Әкем екі-үш күн үйге келмеді. Алаңдап, дос-жарандарына, туыстарға, бәріне хабарластық. Еш жерде жоқ. Енді кімге хабарласамыз деп ойладық. Содан кешке отбасымызбен теледидардан жаңалықтарды көріп отырғанбыз. Алматыда Сәбит Мұқановтың 100 жылдығын өткізу шаралары туралы хабар көрсетіп жатқан. Бір кезде қонақтардың арасынан Мәриям апамызды қолтықтап жүрген әкемізді көріп, бәріміз шу ете түстік. Оның қысқаша тарихы былай екен. Қытайдан  бері өткенде елді бұрынғы қоныстарына түсірмей, шекарадан алыс жерлерге, ішкі жаққа жіберіпті. Атамыз Исабек, апамыз Рабиға, ортаншы баласы Аппаздың отбасымен қазіргі Жамбыл облысы, Луговой станциясына барып қоныстаныпты. Ал Исабектің үлкен баласы Сүлеймен мен кіші баласы Тоқбай екеуін Солтүстік Қазақстанға жіберіпті. Әкеміз оқу іздеп Алматыға келеді. Келе сала Сәбит Мұқановқа барады.  Ол кісі де солтүстіктен ғой. Сөйтіп, бір айдай  Сәбит Мұқановтың үйінде тұрып, жақсы араласқан көрінеді. Жазушының 100 жылдық тойына баруы сол екен. Мұндай қызық естеліктер еске алған сайын жүрегіңді жылытады, биіктерге жетелейді...    

 

Р.S. Тоқбай Исабеков ­­– қаламгерлік тұрғысынан да, қайраткер ретінде еліне елеулі еңбек сіңірген тұлға. Ақын, сазгер, жазушы, журналист, ұстаз. Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан оқу-ағарту ісінің үздігі, Панфилов ауданының құрметті азаматы. Сан қырлы талантына, ел ішіндегі ерекше абырой-беделіне қарамастан, ол тіршілігінде өте қарапайым ғұмыр кешті. Не жазса да, нендей шаруа тындырса да жанын сала еңбектенді және соның өтеуін сұраған да, іздеген де жоқ. Ұлт руханиятына үлес болып қосылған қаламгер мұрасының, тұлға еңбегінің игілігін күллі ел-жұрт көрді. Ал еңбек қашанда лайықты бағалануға тиіс. Осы орайда, Тоқбай Исабековтің 90 жылдығын өз дәрежесінде атап өту, ақынның есімін, еңбегін ұлықтау мақсатындағы тиісті шараларды жүзеге асыру ­– Жаркент билігінің, жалпы, жұршылығының парызы.               

 

Дайындаған Роза ЫСТАЙ,
Жетісу облысы