Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАҚСТАНДА ЭКОНОМИКАНЫҢ ӨСУ ҚАРҚЫНЫ 3,1 ПАЙЫЗДЫ ҚҰРАДЫ - ҮКІМЕТ

Уақыты: 13.09.2022
Оқылды: 2118
Бөлім: ЭКОНОМИКА

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономика, ғылым, цифрландыру саласына қатысты маңызды мәселелер қаларды. Алдымен ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Үкімет отырысында жылдың 8 айындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады.

«Биылғы қаңтар-тамызда Қазақстан экономикасының өсу қарқыны 3,1%-ті құрады. Нақты сектордағы өсу 3,3% болды. Қызмет көрсету саласында іскерлік белсенділік 2,3%-ке өсті. Салалар арасында құрылыс, ақпарат және байланыс, көлік және қоймалау, сауда, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, тау-кен өндіру өнеркәсібі оң өсу қарқынын көрсетуде. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының 5,7%-ке дейін жеделдеуі байқалады», — деді министр.

Сонымен қатар мемлекеттік басқару мен әлеуметтік қамсыздандыруға бөлінген инвестициялар 2 есе, білім беруге бөлінген инвестициялар 59,1%, әкімшілік және қосалқы қызмет көрсетуге бөлінген инвестициялар 30,1%, саудаға бөлінген инвестициялар 21,9%, қаржы және сақтандыру қызметіне бөлінген инвестициялар 20,2%, жылжымайтын мүлікпен операцияларға бөлінген инвестициялар 18,8%, құрылыс саласына бөлінген инвестициялар 15,7% өскен.

Жиында «Цифрландыру, ғылым және инновация есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің хабарлауынша, Ұлттық жоба аясында мемлекеттік қызмет көрсетудің 175 бизнес-процесіне жаңа әдістеме бойынша реинжиниринг жасалды. Нәтижесінде жұмсалатын қағаз саны мен қажетсіз бюрократия жойылды. 2025 жылға дейін барлық 5 мың бизнес-процеске толық реинжиниринг жасалатын болады. Мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа ауыстыру жоспарға сәйкес жүргізіліп жатыр, бүгінде олардың үлесі 94%-ға жетті.

Сондай-ақ, 9 мемлекеттік қызмет түрін Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, бейне-қызмет арқылы алу мүмкіндігі іске асырылды. Жыл соңына дейін олардың саны 44-ке дейін жеткізілмек. ХҚКО-ларды жаңғырту жоспар бойынша жүзеге асырылуда, қазірдің өзінде 8 жаңа фронт-офис халыққа қызмет көрсетіп жатыр. 2024 жылға дейін 115 халыққа қызмет көрсету орталығы жаңғыртылады.

«Kaznedra» бірыңғай платформасы бойынша бүгінде тестілеу режимінде «minerals.gov.kz» сайты іске қосылды. Қазірден бастап пайдаланушының жеке кабинетінде интерактивті картаға басылған жер қойнауы туралы 1,5 мың электронды есеп қолжетімді. Платформа арқылы жер қойнауын барлауға тиісті лицензияға өтінім беру және уәкілетті мемлекеттік органмен өзара электронды хат алмасу мүмкіндігі бар.

Осы орайда Әлихан Смайылов: «Бізге жұмсалған қаражаттың тиімді қайтарымы қажет. Отандық индустрия, ғылыми қоғамдастық, университеттер мен бизнес барынша өзара тығыз байланыс орнатуы қажет. Ғылыми жетістіктер өндіріске енгізіліп, халыққа нақты пайда әкелуі тиіс. Ғылым министрлігі бұған ерекше назар аударуы керек», — деп соңғы жылдары ғылым туралы заңнамаға біршама өзгерістер енгізілгенін және оны қаржыландыру 2 есеге жуық өскенін айтты.

Премьер-Министр бірқатар бағыттар бойынша бұрын белгіленген жоспарлар мен кейбір көрсеткіштердің орындалмай қалғанын атап өтті. Пациенттердің денсаулық жағдайын үздіксіз бақылау және проактивті медициналық қызмет көрсету үшін eHealth бірыңғай экожүйесін әзірлеу жұмыстары уақытылы жүргізілген жоқ. Сонымен қатар «Цифрлық агрокәсіпорын» және «Цифрлық карьер» жобаларын іске асыру барысында да сұрақтар бар. Жер мен жылжымайтын мүліктің мемлекеттік кадастрын автоматтандыру және орталықтандыру рәсімі аяқталған жоқ.

«Жалпы,  интернет-қызметтердің сапасына сұрақтар бар. Алыстағы елді  мекендерді айтпағанда, біздің ірі қалаларымызда Интернет байланыстың сапасы  барлық жерде бірдей жақсы емес. Халықтан  түсіп жатқан шағым көп. Егер Интернет байланыс жақсы болмаса  цифрлық платформалардың  және ақпараттық жүйелердің пайдасы жоқ. Цифрлық даму министрлігі бұл мәселені  ерекше бақылауда ұстау керек», — деді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ, ол цифрландыру саласындағы барлық мүдделі мемлекеттік органдардың және ұйымдардың жұмысын үйлестіруді күшейту қажет екенін айтты. 

Жиын барысында Әлихан Смайылов ақпараттық жүйелердің істен шығуын азайтатын жүйелі шаралар қабылдауды, биылғы жылдың соңына дейін «Отбасының цифрлық картасы» және «Әлеуметтік әмиян» жобаларының тиімді жұмысын қамтамасыз етуді, сондай-ақ 2023 жылдың соңына дейін «Kaznedra» платформасын іске қосуды тапсырды.

Сонымен қатар Премьер-Министр елдің ғылыми-техникалық дамуына жеке инвестицияларды кеңінен тарту үшін жаңа ғылыми-зерттеу орталықтары мен зертханалар құруды басым инвестициялық жобалар тізбесіне енгізу мәселелерін пысықтауды тапсырды.

Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс ішкі нарықты жанар-жағармай материалдарымен қамтамасыз ету мәселесі де қаралды. Энергетика министрі Болат Ақшолақов ішкі нарықты мұнай өнімдерінің қажетті көлемімен қамтамасыз ету үшін жанармай бекеттері мен мұнай базаларындағы отын қоры ұлғайтылғанын, оны жеткізу бағыттары оңтайландырылғанын, өнімсіз делдалдарды алып тастау және ҚР аумағынан отын шығаруды шектеу бойынша шаралар қабылданғанын айтты.

Бұдан басқа, Энергетика министрлігінде және жанармай бекеттерінің ірі желілерінде жанар-жағармай бағасын негізсіз көтеру және оны сатудан бас тарту мәселелері бойынша азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру үшін колл-орталықтар құрылды.

Премьер-Министр жанармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін Үкіметтің барлық қажетті шұғыл шараларды қабылдағанын атап өтті. Әр облыста мұнай базалары мен ұсақ жанар-жағармай құю бекеттерін бақылау жөніндегі комиссиялар құрылды, зауыттарда мұнай өңдеу және дизель отынын өндіру көлемі ұлғайтылды, сондай-ақ зауыттардан мұнай базаларына және барлық өңірдегі жанармай құю бекеттеріне дейін мұнай өнімдерінің логистикасы жолға қойылды.

«Мұнай өнімдерін әкетуге жол бермеу мақсатында қажетті экспорттық шектеулер енгізілді, дизель отыны ішкі нарыққа делдалдарсыз жеткізіледі. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде жанар-жағармай нарығындағы ахуал бір қалыпқа келіп жатыр», — деді Әлихан Смайылов.

Дегенмен жағдайды үнемі назарда ұстап, қатаң бақылау қажет. Мысалы, кейбір өңірлерде сұйытылған газ тапшылығы пайда болды.

«Сондықтан кешенді жұмысты одан әрі жалғастыру керек, өңірлерде отын тапшылығы мен іркілістер болмауы тиіс», — деді Премьер-Министр.

Сөз соңында Әлихан Смайылов 15 қыркүйектен бастап жанармай құю станцияларында жанар-жағармай босатуды есепке алудың цифрлық жүйесін енгізуді, ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін жеңілдікті дизель отынын бөлу жүйесін енгізуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ өңірлердегі халықты сұйытылған газбен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдауды тапсырды.

Сонымен қатар 2023 жылдан бастап Энергетика министрлігіне мұнай өнімдерін сату кезінде өнімсіз делдалдарды қатыстырмайтын мұнай өңдеудің жаңа жүйесіне көшу тапсырылды.

Мәулен ӘНЕРБАЙ