АКАДЕМИЯЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Уақыты: 05.04.2024
Оқылды: 1122
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінде «Huawei» ақпараттық технологиялар және телекоммуникациялар академиясының ашылуы  өтті. Білім ордасының студенттеріне Ғали Орманов кітапханасынан жаңа құрылғылармен жабдықталған бөлме қолданысқа берілді.


Шараға ЖУ-дің оқытушылары мен студенттері, «Huawei» компаниясының өкілдері қатысты. Білім ошағы мен компания арасында ынтымақтастық орнату жөніндегі меморандумға  ЖУ-дің ректоры Ермек Бөрібаев пен «Huawei Technologies Kazakhstan» компаниясы  бас директорының орынбасары Xu Hai  қол қойды.

Меморандумда екі тарап бірлесіп IT және телекоммуникация саласында жоғары білікті мамандарды даярлау, бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу және инновациялық өнімдер жасау  көзделген.

– Студенттер үшін қазір мүмкіндік көп. Олар кішкентай ғана терезеден білімнің қайнар көзін тауып, соны тиімді пайдалана алулары тиіс. Олардың білім алуына біз барлық жағдайды жасаймыз. Түрлі технологияны пайдаланып, өз білімдерін шыңдау керек. Білімде шегара жоқ. Жастар осы мүмкіндікті орнымен пайдаланса, жетістікке жететіні анық, – дейді  Xu Hai.

«Huawei» орталығы заманауи телекоммуникациялық құрылғыларымен және бағдарламалық өнімдерімен толық  қамтылған. Академияда Жетісу университетінің студенттері, IT саласының мамандары  ақпараттық технологиялар мен телекоммуникация бойынша білім алып,  біліктілігін арттырады. 

– Бүгін бір үлкен жаңалықтың куәгері болып отырсыздар.  «Huawei» компаниясының қолдауымен үлкен академия ашылып жатыр. Бұл оқу ордасы білімгерлерінің сандық білімдерін дамытуға бағытталған. Осы академия облыстың өркендеуіне жақсы жаңалықтар алып келеді деп ойлаймыз. Мұнда сабақ беретін мұғалімдер академияның базасында толық оқудан өтті, енді алған білімдерін студенттерге үйретуге дайын. Біз «Huawei» компаниясымен әлі де бірлесіп жұмыс істеп, орталықты дамытуға күш саламыз, – деп университет ректоры Ермек Бөрібаев ойын ортаға салды.

Айта кетейік, енді университет оқытушылары мен студенттері «Huawei» компаниясының бөлімдерінде тағылымдамадан, өндірістік және ғылыми-зерттеу тәжірибелерінен өте алады.

Медет ЖҰМАБАЙ