ҚОЙ ҚОЗЫДАН ӨСЕДІ

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 298
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Жаркент өңірі қой шаруашылығын дамытуға қолайлы өңір. Биыл жазиралы Жаркент өңірінде төлдеуге тиісті 137672 бас саулықтың сәуір айының 20-на дейін 50 мыңнан астамы төлдеп, олардан 52234 төл алынды. 


Биылғы қыс малшы қауымға өте күрделі болып, қыстың басы мен аяғы қақаған аязға ұласты. Дегенмен, мал қыстату мен төлдету науқанына тыңғылықты әзірленген жаркенттік шаруалар қыс қаһарына төтеп беріп, шығынға ұрынған жоқ. Көктемгі мал төлдету науқанына барлық мал түрлері қоңды келді.

Қазақтың асыл тұқымды биязы жүнді қойын өсіретін Қоңырөлең ауылдық округіндегі Өтеген Бітебаевтың «Мәдина» ЖШҚ 2500-ге жуық қой төлдетіп, әр жүз бастан 106-дан төл алса, осындай статусы бар Ұлан Сарпеков басқаратын «Айгерім» ЖШҚ 2200 саулық төлдетіп, әр жүз туатын қойдан 104-тен қозы алыпты. Қолындағы қойын болашақта асыл тұқымды өндіріс көзіне жеткізуге қарекет жасап жүрген Тасқын Жапарқұловтың «Ернар» ЖШҚ биыл мың саулық төлдетіп, әр жүзінен 105-тен қозы өргізсе, Кішішыған ауылындағы Бекежан Жақыпбековтың қожалығы мыңға жуық саулық төлдетіп, қорасын қозыға толтырды.

– Соңғы бірнеше жылдан бері ғалымдар шаруалармен бірге ізденіспен жұмыс істеуінің нәтижесінде «Мәдина» асыл тұқымды қой шаруашылығы  өсіретін қазақтың биязы жүнді қойы республика бойынша жоғары нәтижеге жетіп келеді, – дейді аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Саят Хасенов.

Соңғы кезде «Жетісу» аймақтық қой шаруашылығы қауымдастығы шетелдерден асыл тұқымды қошқар әкеліп, облыстағы қой тұқымын асылдандыруға көп көмек жасауда. Өткен жылы өңірдегі 10 қожалық қауымдастықтың көмегін көрді. Қауымдастық бұл шаруашылықтарда науқан кезіне техник ұрықтандырушыларды өздері дайындап, ұрықтандыру пункттерін де жабдықтап берді. Нәтиже жақсы, қозылар ірі туылуда. Төзімділігі де жоғары, бұл істі одан әрі өрістетуге қарекет жасалуда.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ