ҚАЗЫНАСЫН ҚАЛДЫРҒАН

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 603
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Атажұртты аңсаған көңілі сан мәрте аласұрды. Өзін тар қапаста сезінгендей күй кешкенін, тосқауылы жоқ кеңістікке қанатын қомдап қойып кеткісі кеп жүргенін маңындағы қаламгерлер сезбей қалды. Қалың орман қазағының ортасына енгенде ол қайта түледі. Бойындағы бар ізгілікті өлең дейтін өнерге, қазақ дейтін арда халыққа арнады.


Отанның адал ұлы боп,
Еңбекпенен ержетем.
Азаматтың бірі боп,
Халқыма үлгі көрсетем, – деп ақын асыл жырын жүрегінен жолдады. Осы бір шумаққа бар махаббатын сыйдыра білумен қатар  адамгершілік дейтін ерен қасиеттің ішіндегі адалдығын танытты. Елге оралған сәтінен тынымсыз еңбекке араласып, күйбең тіршілікте күйреп кетпей өзінің дара соқпағын үлкен даңғылға айналдыру үшін дамылдамады. Ол мақсатына жетті де.

Үсен Өмірзақ Жетісу өңірінің мәдениеті мен әдебиетінің дамуына үлкен үлес қосып, артына өшпес ізін қалдырған азамат. Бірнеше жыр жинағы мен лирикалық әндердің авторы. Өзінің саналы ғұмырында Жетісу университетінің газетінде бас редактор, Бикен Римова атындағы драма театрда əдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызмет істеді.

Ақын тек Қазақстан Жазушылар одағының ғана емес, Өзбекстан Жазушылар одағының да мүшесі болды. Көзін көрген зиялы қауым өкілдері Үсен Дауылбайұлын Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасында мәдени ортақ алтын көпір салған ортақ тұлға деп қарау керектігін алға тартады.
Жетісулық ақындарға арналған еркін форматта ұйымдастырылып келе жатқан «Жыр жауһары» поэзиялық сағаты ақын Үсен Өмірзаққа арналды. Шара аясында тұлға жайлы видеоролик көрсетіліп, жас қаламгерлер ақынға арнау оқыды. Сондай-ақ, кеш иесінің «Іңкәр дүние», «Тылсым табиғат», «Бостандығым – Гүл мекенім», «Анама» атты жырларын білімгерлер жатқа оқып көптің көңілін серпілтті.

Кеш қонағы, ақынның аяулы жары Ұлдар Жолдасова өмірлік серігі жөнінде қызық әңгімелер айтып, оның ақындығына тоқталды. Көзін көрген әріптестері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, актер Кендебай Темірбайұлы, әдебиеттанушы, филология ғылымдарының кандидаты Сайлау Қожағұлұлы  сөз сөйлеп, Үсен Өмірзақ жөніндегі естеліктерімен бөлісті.

Салтанатты жиында Бақытай Түстікбаев пен «Хан-Тенгри» дуэті ақын сөзіне жазылған «Өтеді күндер, өтеді түндер» мен «Сенің көздерің» атты әндерін шырқады.

«Жүрегімнің қалдырам қазынасын» атты еске алу кешінде тұлғаның жан-жақты қыры айтылды. Өмір жолынан сыр шертіліп, ұрпаққа азық болар жыр жолдарының мән-мазмұны түсіндірілді.

Меруерт ДӘУРЕНҚЫЗЫ,
ЖУ студенті