Еңбек Ері Күләш Айтжанова жайлы ой-толғам

Уақыты: 12.05.2024
Оқылды: 613
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Жазиралы Жаркент өңірінде есімі елге белгілі, еңбегімен ер атанып, ғибратты ғұмыр кешіп, ұрпаққа үлгі болып келе жатқан жан аз емес. Солардың бірі «Омыртқа ішіндегі жұлындаймын, қыз да болсам әкемнің ұлындаймын» деген қазақтың қара өлеңінде айтылғандай, бала жасынан еңбекке ерте араласып, нәзік білегімен ауыр жұмыстың көрігін қыздырған Күләш Айтжанқызы десем, артық айтқандығым емес. Панфилов ауданындағы Шежін ауылында туып-өскен Күләш тағдырдың сан түрлі сынағын басынан өткерді. Өмір ерте есейтіп, еңбекке де ерте араласты.

Күләш Айтжанқызының отбасы Шежіннен Үлкеншыған ауылына елуінші жылдың соңына таман көшіп келеді. Жас Күләш ауыл адамдарымен бірге еңбекке бірден білек сыбана кірісіп кетеді. Ол уақытта Үлкеншығанда ауылшаруашылығының жұмысы қарқынды түрде дамыған. Сондай арпалысқа толы  жұмыстардың басында жігерлі де қайратты жас Күләш еселі еңбегімен көптің көзіне бірден түсіп, «Жігерлі қыз» атанды. Қайнаған еңбектің бел ортасында жүріп әкесі Айтжанның жер өңдеудегі еселі еңбегін жалғастырушы атанады. Есімі ел аузына нәтижелі еңбегімен ілінген жас Күләшқа Сатай батырдың сегізінші ұрпағы Болатқан Жәдәйбекұлы бірде: «Күләш, үйленіп, шаңырақ көтерейік», – деп қысқа ғана жылы сөзін жеткізеді. Жарқылдаған жайсаң жігіт Болатқанның жүрегін жарып шыққан үмітін сезімтал Күләш үзбей бірден түсініскен екі жас шаңырақ көтеріп, отау құрады.  Күләш өзінің Сатай батыр әулетіне келін болғанына айрықша қуанды. Екі жастың ақ тілегі, адал ойы бір жерден шығып, шаңырағынан қуаныштың нұры себіліп, Алла тағала баянды бақытқа жол ашыпты. Жазиралы Жаркент өңіріне ғана емес, Жетісу жұртына есімі етене таныс, кеудесіне алтын жұлдыз тағып, Еңбек Ері атанған Күләш Айтжанованың соноу балалық шағы мен бүгінгі күнге дейінгі аралықтағы өмірі ұрпаққа үлгі. 

Күләштің әкесі Айтжан қария қазіргі Шежін ауылындағы алғашқы механизаторлардың бірі болған. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Айтжан да майданға жіберу жөнінде аудандық әскери комиссариатқа тілек білдіреді. Ал аудандағы санаулы механизатор ол жылдары тылға да ауадай қажет еді. «Тілегіңіз орынды, бірақ сіз сияқты механизаторлар майданға астық дайындауға өте керек. Жоғары жақтың бұйрығы да солай», – деп әскери комиссариат Айтжанды  соғысқа жібермейді. Арада бір жыл өткенде тракторын өзі үйреткен жасы егделеу механизаторға тапсырып, 1942 жылы Айтжан майданға аттанады. Сұм соғыстың салдарынан Шежін  ауылынан аттанғандардың санаулысы ғана оралды. Көбі майдан даласында ерлікпен қаза тапты. Солардың бірі Айтжан ағамыз еді. Шеше мен қос қарлығашы Айтжанды «өлдіге» қиған жоқ. Әйтеуір бір күні аңқылдап жетіп келетіндей болды да тұрды. Кіп-кішкентай Күләш пен Нұрлан Шежіннің батыс жағындағы дөңге сан рет шығып, ауданмен жалғастыратын жолға көздері талғанша сүзіле қарады-ау! Қасқа жолдан бұрқ етіп шаң көтерілсе болды «әкеміз келе жатыр!» деп дөңнен құстай ұшып, ауылға тұра жүгіретін. Шешелері Зәукеш те қос құлынының дабырласа жарыса сөйлеген сөзін ести сала далаға бір күнде қанша мәрте жүгіріп шықты десеңізші?! Ол кезде Күләштің  8-9 жастағы кезі болатын. Өзін Нұрланнан ересек санайтын Күләш: 

– Нұрлан, жасыма, әкеміз майданнан батыр болып келеді. Сонда көресің, екеуімізді екі иығына мінгізіп алып, Шежіннің көшесіп аралайды, – дейтін. 6 жастағы Нұрлан Күләштің бұл сөзінен әжептәуір қанаттанып, жасыған көңілі өсіп, масаттанып қалатын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген емес пе? Шешелері кей кештері май шамның жарығында отырып, Айтжанның майданнан жазған хаттарын дауыстап оқып беретін. «Күләш,  Нұрлан. Әкеміз қашан келеді деп жылап, мойымаңдар. Еңбекқор болыңдар. Сендер өсірген бидайдың нанын майданда біз жедік. Наннан Шежіннің май татыған топырағының дәмі аңқып тұр. Мүмкін, Күләш сол бидайды қырманда сен уыстап ұстаған боларсың? Өйткені, нанды бір үзіп жегенімде сенің жұпар иісіңді де сездім», – дегенде қуанған Күләш: 

– Апа, менің қырманға барып, бидай жинауға көмектескенімді әкем біледі екен. Қандай жақсы, – деп шаттанып, нәп-нәзік екі алақанын шапалақтап жіберіп еді. 

Екі баласы қуанысып отырғанда Айтжанның майданнан жазған соңғы хатын ерніне тигізген Зәукеш одан Айтжанның иісін  сезгендей болып, көңілі босап, егіліп-егіліп, үнсіз жылап, ыстық жасын төгіп-төгіп алатын. Жарын сағынып, көкірегі қарс айырылған ана көз жасын да, қайғы-мұңын да Күләші мен Нұрланына бір сәт сездірген емес.

Төбеге қол ұстасып күнде шығып «әкеміз келеді» деп алаңдап жол қарап сарылып жүрген 1948 жылдың бір күні еді. Сол сәт есіне түссе Күләштің көзіне әлі күнге дейін мөлтілдеп жас іркіле кетеді. Үй маңында байлаулы тұрған 3-4 аттың біреуін мініп, әкемді іздеймін деген Нұрлан шәлкес мінез атты айнала бергенде серпіні қатты темірдей жылқы тұяғы шеміршегі қатпаған оның өкпе тұсына кеп сақ ете қалады. Аспанның шыр айналғаны сол, көк жүзінде қойнына автомат ұстаған солдаттың «Нұрлан!» деп өзіне қарай жүгіріп келе жатқаны оның көз алдына еміс-еміс елестеді. Шешесі мен Күләш баланың «Әке-е-е!» деп қатты шыңғырған дауысын естіп, жан ұшыра жанына жетіп келгенде шалқасынан сұлқ жатқан Нұрлан сыбырлап қана «әке-е-е» деп жалғыз ауыз сөзді соңғы рет әзер айтты да жымиып, езу тартқан күйі қарақаттай көзін мәңгіге жұма берді. Жарын зарыға күткен ана мен әкесін торыға күткен шүйкедей қыздың онсыз да жарты көңіліне ауыр қайғының уы себілді. Төрт жылғы қасіретті соғыстың ызғары жүректерінен әлі тарқамай жатып, аяқасты Нұрланынан айырылып қалуы аңыраған ана мен шырылдаған қызға орны толмас, өзек өртер өкініш болды. Осы бір әңгімені айтып отырған Күләштің қараторы өңі бозарып, көзіне жас іркіле берді. Шынында да Күләш сол күні бір қанатынан айырылған дәрменсіз қарлығаштай болып қалып еді. 

– Сол жылдан бастап мен балалықпен қалай түбегейлі қоштасқанымды білмей қалдым. Шешеммен бірге егін алқабын суардым, орған бидайды жинастым. Әкем жұмыс істеген егістікті аралап жүріп, оның бет-бейнесін өзімше елестетіп көрдім. Ол кісі  жүргізген темір дөңгелекті тракторды ешкімге көрсетпей бірнеше рет құшақтап алып, солқылдап тұрып жыладым. Әкемді білетіндердің «Сенің әкең батыр болған, Күләш!» деген сөзі мені жігерлендіре түсті. Сол жылы бірінші класқа оқуға бардым. Сол жылы өз қолыммен «Әке», «Айжан» деген сөзді жаздым. Тіпті, әкеме арнап жазған хатымның соңында:  «Әке, біз сені қатты сағындық. Мен сенің түріңді көргім келеді. «Күләшім!» деген сөзіңді өз құлағыммен жүзбе-жүз естуге зар болдым. Тез келіп, соғыстан қайтқан басқа балалардың әкелері сияқты мені де төбеңе көтеріп, маңдайымнан сүйші, жаным әкешім! Әкем келді деп мақтанайыншы балаларға. Сағыныш мауқымды басайыншы», – дедім де енді оны қай мекенжайға жіберуді білмедім. Әріп танығанда өз әкеңе жазған хатыңды жолдай алмаудың қандай ауыр қайғы екенін сонда білдім. Мереке күндері әкесі бар балаларды көргенде «шіркін-ай, менің де әкем соғыстан оралған болса, осылар құсап әкемнің етегіне оралып жүрер едім», – деп үнсіз ғана армандап, талай-талай егілдім-ау сонда. Ардақты ананың осы бір сағыныш сөзін естігенде менің де жан дүниемді соғыс ызғары қарып өткендей сезіндім.  

Шежін мен іргелес Қонақай ауылындағы 7 жылдық мектептің 7-сыныбын Күләш 1955 жылы аяқтады. 16-ға енді толған жас қыз қаршадайынан-ақ еңбекте құрыштай шыңдалып еді. Әкесінің майданға кетерде айтқан: «Бұларға ержеткенде жер қадірін айтып бер. Бар бақыт – жерде» деген сөзін шешесінен естіп, еңбек жолын жер өңдеуден бастады. Түпкі ойы үзіліп қалған әке арманын алға жалғастыру. Онда Шежінде бидай өсіретін. Жас қыз белінің қайысқанын ешкімге сездірмей күн ұзақ бидай суарды. Күзде масағы қайысқан дәні баданадай астық жинасты. Ел ырысының уақыт өткен сайын еселеп арта түскеніне қуанды. Соғыс жылдарындағы бір қасық бидайға бір күн жұмыс істеу келмеске кетті. Әр жылғы еңбегінің жемісі арта түскеніне мерейі өсті. Жерге деген ынтасы, ықыласы бұрынғыдан да артты. Шынында да бақыттың бәрі Жер-ананың төсінде екеніне көзі жетті. Жүре-жүре  бидай өсірумен ғана шұғылданып қоймады. Ерлердің қол күші жетпей тұрған кез емес пе? Қой қырқу науқанында жігіттерше білекті сыбанып жіберіп, құнан қойды алып ұрып, демде электр қайшымен жүнін сыпырып алатын. Сөйтіп жүріп: «Айтжанның қырықтықшы қызы» деген мақтаулы атқа да ие болды. 

– Ол кезде жап-жас қыз ғана емес, жігіттің жігіті электр қайшымен әзер қой қырқатынын көнекөз қарттардан естуші едік. Сіз қайтіп үйрендіңіз?  – дедім сөз реті келгенде. 

– Талабың мен еңбек сүйгіштігің ұштасса үйренбейтін, игермейтін кәсіп жоқ екен. Сол 1958-1959 жылдары қазіргі Киров атындағы ұжымшардың төрағасы, қос Ленин орденінің иегері Ыбырайымжан Қожахметов ағай қой фермасының меңгерушісі еді. Қой қырқуды Ыбырайымжан ағаның өзі үйретті. Ол кісінің: «Қандай қиын жұмыс болса да жасыма, алға ұмтылып тұр» деген  сөзі маған ерекше дем берді, – деп ардақты ағаның есімін де бір асқақтатып қойды. 

Елуінші жылдардың ортасында «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының  аты жүгері өсіруден енді-енді шығып келе жатқан еді. Ал Шежіннің іріленіп, Киров атындағы ұжымшарға қосылған шағы. Бұл ауыл да бағалы дақыл – жүгері өсірумен шұғылдана бастаған. «Октябрьдің 40 жылдығы» ұжымшарының звено жетекшісі Мариям Ниязованың жасыл жапырағы жайқалған қара ормандай сыңсыған жүгерісін өсіруге Күләштің ынтасы құлады. Күләш бір күні толғантып жүрген ойын апасына білдірді. 

– Апа, өз ауылымыздың үшінші бөлімшесі – Үлкеншығанға көшейік. Мен жүгері өсірумен айналысайын. Сіздің қолыңыздағы кетпеніңізді енді түбегейлі өзім алайын, – дейді. Апасы алғаш қызының тосын пікіріне не дерін білмей қалғанымен, Күләштің өңіне барлап қарап еді, 19-ға енді аяқ басқан қызының бал-бұл жанған өңінен, жалын атқан өткір көзінен Айтжанының нобайын анық көргендей болды. «Болар бала жасынан»  деген халық даналарының сөзі де көкейіне орала кетті. «Жоқ, көшпейміз» десе қыз меселінің қайтып, жасып қаларын ана жүрегі сезді. 

– Әкең де «Бар бақыт жерде» деп айтып кетіп еді. Келістім, балам.  Бетіңнен жарылқасын! – деп Күләштің маңдайынан сүйді де ішінен «Жолың әрқашан ашық, абыройлы бол. Әкеңнің үлгере алмаған асыл ісін сен жалғастыр», – деді.  

Бұл 1958 жыл еді. Үлкеншыған ауылының тұрғындары жүгері өсіруде жігерін аямай тер төкті. Күләш алғашқы жылдары звено жетекшісінің көмекшісі болып жұмыс істеді. Жүгері қос құлақтанып өсіп, содан қызыл қырманға түскенше бел жазбай еңбек етуді қажет ететін мұндай дақылға деген Күләштің ынтасы күн өткен сайын арта түсті. Аспан айналып жерге түскендей қапырық ыстықта атты кісінің бойымен бірдей жыныс жүгерінің арасында жүріп жүгері суарған кездегі Күләштің қиналысын сол жылдары үйленіп отбасын құрған Болатқан да жақсы білетін. 

– Жап-жас басыңмен осыншама қиындығы көп жұмысты қоя тұрсаң қайтеді? – дегенде қаршадайынан қиындыққа болаттай суарылып өскен Күләш: 

– Қиындық пен ащының дәмін татпай тұрып тәтті дәмінің қадіріне жету қиын. Көрші ауылдағы жүгері өсіруші Мариям Ниязова апайды естіп жүрсің ғой. Қазір еңбегімен елге танылып, құрметке бөленді. Нағыз құрметке қиындықты жеңгенде ғана ие боласың, – деп еді. Күләштің қара қылды қақ жарар батыл да әділ пікірін Болатқан бірден қуаттады.

Жүгері өсірудің сырын әжептеуір үйренген Күләш 1968 жылы ұжымшар төрағасы Ыбырайымжан Қожахметов пен учаске меңгерушісі Қожа Хамраевқа жеке звено жетекшісі болуға тілек білдірді. Қай жұмыста болса да суырылып алға шығатын еңбек озатының бастамасын басшылар қолдады.

Үлкеншыған ауылының маңындағы қазіргі жүгері өсіріп жүрген жерден 45 гектар жер Күләшқа бөлініп берілді. Оған «Краснодарская – 1-49 жүгерісін»  өсірді. Көктемде егістікке жергілікті және минералды тыңайтқыш агротехникалық талап бойынша сіңірілді. Жаз бойы 7 рет суарды. Алақанымен аялағандай етіп мәпелей өсірген жүгерісі жайқалып, сырт көрінісінің өзі де мол өнім беретінінің нышанын көрсетіп тұрды. Тәжірибелі диқандардың: «Күләштің жүгерісі биыл тұнып тұр. Астықтың астында қалады», – деген сөзі звено жетекшісінің қөңілін өсіріп жүрді. 

– Міндеттеме бойынша әр гектарынан 90 центнерден өнім жинау керек. Алғаш рет өзі өсірген жүгерісінің өнімін енді бір айда жинаймын деп ынтығып жүргенде 1968 жылғы қыркүйектің   алғашқы аптасындағы үсік жүріп дәні тегіс пісіп үлгермеген жүгері алқабының біршама жері үсіп кетті. Жүгері егістігінің басына келіп, үсіген собықтарды көріп, алғашқы еңбегінің зая кеткеніне Күләштің іші ашыды. Қабағы түйіліп, өңі түтігіп тұрғанда ұжымшар төрағасы Ы. Қожахметов те жағдайды білуге келе қалып еді. Алғашқы амандықтан соң Күләш: 

– Аға, еңбегімнің жемісін енді көрсетемін дегенде, қараңызшы, – деп үні тұтқырланып шығып, өкінішпен төмен қарап мұңайып тұрды. Звено жетекшісінің ерте көктемнен жаз бойы еткен еңбегінің бір түнде үсіктен зая кеткеніне қатты қынжылып тұрғанын сезген төраға: 

– Күләш, оған өкінбе. Үсік тек сенің звеноңның ғана емес, ауданымыздың көптеген жүгерісін үсітіп жіберді. Дегенмен, қалғанын жинап аламыз. Еңбегің еш кетпейді, – деді. 

– Расында да сол жылы әр гектардан 80 центнерден өнім жинадым. Әйтеуір еңбек тегін кетпеді, – дейді Күләш табиғаттың кейбір сәттегі «мінезін» еске алып. 

– Сіздің звеноның үстімен 1856 жылы атақты ғалым Шоқан Уәлихановтың ғылыми керуені жүріп өткенін білесіз. Ғалымның табаны тиген қалың тоғайды, бүгінде жасыл алқапты ел ырысына айналдырып отырсыз. Бұл жөнінде не дер едіңіз? – дедім жер тарихын еске алып. 

– Шоқанның жазбасынан картасын көрдім. Шын мәнінде бұл жер елуінші жылдарға дейін Шоқан айтқандай қалың тоғай болып келгені рас. Енді міне, адамдардың қажырлы еңбегінің арқасында астықты алқапқа айналды. Еңбектес әріптестерім Адаләт Зайнаудинова Еңбек Ері атағына ие болса, Рахима Мұзапарова КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды, – деп май тоңғысыз далаға терезеден көзін тастады.

1969 жылы СОКП мүшесіне қабылданып, 1971 жылы Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған Күләш Айтжанова бірнеше рет ауылдық, аудандық, облыстық кеңеске депутат болып сайланды. Сайлаушылардың аманатын да үнемі орындап, ел аманатына адалдығын көрсетті. Соның бір айғағы Үлкеншыған ауылындағы 3  қабатты орта мектеп. Ал бұдан басқа көптеген мәдени-тұрмыстық нысанның өз уақытында пайдалануға берілуіне Күләш Айтжанова ұйытқы болды. 

Атақты суретші Әбілхан Қастеев дүниеге келген шап-шағын Шежін ауылынан еңбек жолын бастаған Күләш Айтжанқызы бұл күндері шексіз бақытқа бөленіп отыр. Ол өз сөзінде: «Бақытым менің – Жер-ана» деп жиі айтады. Айтса айтқандай, өз бақытын Жер-ананың төсін түлетуден, ел ырысын еселеп арттырудан тапты. 

Садық Жұмабай,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі