АНАЛАР - АСЫЛ ЖАНДАР

Уақыты: 13.05.2024
Оқылды: 615
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Әр адам жарық дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – Ана. Баласын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай бауырына басып, сәбиі үшін жан ұшыра шырылдайтын да – ана. Әрбір ана бақытты өмірді, тыныштықты тілейді. Тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі бола білген де – ана.


 Мамыр айының екінші жексенбісі Аналар күні болып бекітілді. Биыл  бұл мереке Қазақстанда алғаш рет аталып өтті. Мереке қарсаңында қаладағы №14 орта  мектеп-гимназиясында  «Анаға тағзым» атты аналар форумы  өтті. Шараның алға қойған мақсаты – аналарды құрметтеу, мәртебесін нығайту, ана болудың маңыздылығын арттыру, ұрпақ тәрбиелеу мен ұлтты қалыптастыруда аналардың елеулі үлесін насихаттау.

Форум 2 бөлім  және 7 бағытта өткізілді. Жиынға жиналған аналар арт, құм терапиясымен және құрақ құрап, караокемен ән айтып, флешмоб биледі. Сондай-ақ, ұлттық құндылықты дәріптей отырып,  «Ана көркі алдындағы бала» тақырыбында  бейнежолдау жолдап және «Баламның бақыты үшін» атты сурет салды.
Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясы, Жетісу облыстық аналар кеңесінің төрағасы Несіпжамал Баймадиева аналардың бала тәрбиесіндегі рөлі мен болашақ ұрпақ тәрбиелеуде кеңес берді. Балалар көркемсурет мектебі-ЮНЕСКО клубының мұғалімі Алия Бакирова әртүрлі жанрда сурет салудан шеберлік сыныбын көрсетті. Сонымен қатар, Нұрғиса Тілендиев атындағы балалар музыка мектебінің домбырашылар ансамблі аналарға «Ерке сылқым» күйін тарту етіп, шара соңын «Ана туралы жыр» әнімен тамамдады.

***

Салтанат сарайында мерейлі мерекеге орай талдықорғандық аналарға «Алтын алқа» және «Күміс алқа» табысталды. 

Қала әкімі Ернат Бәзіл алтын құрсақты аналарды «Алтын алқа», «Күміс алқа» наградаларымен марапаттап, Аналар күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Сіздердің мерекелеріңіз көктемгі шуақпен адамзатқа жылылық әкелуде. Біздің ұлт қашанда ананы ардақтап, құрметтеген. Ана – отбасының жылуы, ұйытқысы. Сіздер аналық парызбен қатар біздің қоғамның дамуына да елеулі үлес қосудасыздар. Қымбатты аналар, сіздердің кішіпейілділік, даналық, түсіністік пен қолдауларыңызға рахмет, – деді қала әкімі Ернат Бәзіл.

Салтанатты жиынға 17 ана отбасыларымен келіп, ерекше толғаныспен құрмет төрінен көрінді. 

Айта кетейік, бүгінде Талдықорғанда 200 мыңнан аса халық тұрса, оның 6 мыңнан астамы көпбалалы аналар.

А. ӘБІЛТАЙҚЫЗЫ