АЙТУҒАНЫН АЛДЫ ХАЛЫҚ ЕСІНЕ

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 610
Бөлім: ЖАНСАРАЙ

Қаншама дарынды, сегіз қырлы, бір сырлы талантты тұлға дегенімізбен шалғай ауылда тірлік кешкені себепті ел алдына көп шықпаған, содан кейін де шығармалары көпшілікке жете танылмай қалған қаламгерлер аз емес. Арқалы ақын, қаламы қарымды журналист, айтыс өнерінің ақтаңгері, сазгер, ұлағатты ұстаз болған, кезінде Талдықорған облыстық «Жерұйық» газетінде журналистік қызмет атқарған Айтуған Шәйімұлы сондай дара тұлғалардың қатарында болатын.


Небары 57 жыл ғұмыр кешкен, осыдан дәл жиырма жыл бұрын өмірден өткен ақынның тірлігінде бірде-бір жинағы жарық көрмепті. Жалпы тіршілігі бақуатты болғанымен  «Мына дүние неге жатыр үндемей?! Алаулатып тойдың шоғын үрлемей, құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып, «Мынау – шапан, мынау – атың, мін» демей» деп Мұқағали ақын жырлағандай, туған күнінде дүркіреген кеш өткізіліп, ақын ретінде көп құрмет те көрсетілмепті. Жүрегіне салмақ түсіп, өмірден ертерек өткеніне, бір шетінен, осы жағдай да себеп болды ма екен, кім біледі?..

Әйтсе де халқымызда «Орнында бар оңалар» деген даналық тегін айтылмаған. Сол айтқандай, туған елі мен өскен жұрты Айтуған ақынды ұмыта қойған жоқ. Соның дәлеліндей, бір жыл бұрын ақын өмірінің басым бөлігі өткен Іле ауданында ашылған жыр-терме, айтыс мектебіне Айтуған Шәйім- ұлының аты беріліп, шығармашылық мұрасы дәріптеле бастады. Осы орайда атқарылған жұмыстардың нәтижесі іспетті жақында Іле ауданының Мәдениет үйінде «Халықтың ұлы Айтуған» атты байқау ұйымдастырылды. Байқау барысында аудан мектептеріндегі 10-17 жас аралығындағы оқушылар ақын өлеңін мәнерлеп жатқа оқудан сынға түсіп, ақынға арнаған өлеңдерін әділқазылар алқасының сарабына салды. Айтыс өнеріне баулынып жүрген балдырғандар да айтыс ақтаңгерінің лайықты ізбасарлары өсіп келе жатқанын танытты. 

Мазмұнды шара Мәдениет қайраткері, Алматы облысының Құрметті азаматы, әке мұрасын жалғастырған асылдың сынығы Төрткен Кененқызы мен Қазақ телевизиясының ардагері, қазақ журналистикасының мэтрі Тілеуқабыл Мыңжасардың ақ баталарымен бастау алды. Айтыскер ақындар Даубай Мамытұлы мен Аяулым Жұмабекқызы, әділқазылар алқасының мүшелері Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты ақын Биғайша Медеуова мен Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, "Қазақ журналистикасының қайраткері" ақын Жұмаш Кенебай-Көкбөрі, Айтуған Шәйімұлының қызы, жеке кәсіпкер Ақерке Айтуғанқызы құрметті қонақтар қатарында таныстырылды. 

Байқауға қатысқан оқушылардың біршама дайындықпен келгендері байқалды. Шараның бірінші бағыты бойынша оқушылар ақын өлеңдерін жатқа оқып, қазылардың талабы бойынша кез келген тұстан жалғастырып әкетуі тиіс болса, көпшілігі талап үдесінен шығып, көрерменді риза қылды. Тіпті 30 өлеңді жаттап алып, мүдірмей жалғастырып әкеткен үміткерлер де болды. 

Екінші бағытта балдырғандар Айтуған Шәйімұлына арнаған өлеңдерін қазылар сарабына ұсынды. Оқушылар бұл орайда да талап тұрғысынан табылып, жүрекжарды өлеңдерін оқыды. Қанатқақты жырлары төрт аяғын тең басқан жорғадай тайпалып кетпесе де құм ішінен жылт-жылт еткен алтындай қабілет, дарын белгілері байқалып тұрды. Көп алдында қазылар алқасы белгілеген тақырып бойынша өлең шығару талабы бойынша да осыны айтуға болады. 

Байқауға қатысқан оқушылардың барлығы аудандық Мәдениет үйінің мадақтамаларын алып, жүлдегерлер Іле ауданы әкімінің дипломдары мен қаржылай сыйлықтарына ие болды. Олардың жетекші ұстаздарына да аудан әкімінің Алғыс хаттары мен қаржылай сертификаттар табысталды. 

Айтыс бағыты бойынша, осы өнерге бой ұрып жүрген жас буынға жол көрсету болсын деген мақсатпен педагогика ғылымдарының магистрі Алмат Ержанов пен Айтуған Шәйім- ұлы атындағы айтыс мектебінің жетекшісі Айбек Әкімақын өзара айтыс үлгісін көрсетті. Содан кейінгі кезекте №38 гимназияның 10-сынып оқушысы Төлеген Шыңғыс пен №52 орта мектептің 6-сынып оқушысы Жасмин Мұқадес сөз сайысына түсіп, көрермендерді қызыққа кенелтті. Марапаттау кезінде Ақерке Айтуғанқызы «Бүгін қалай да 1-орын аламын» деп өзгеше құлшыныс танытқан Жасмин Мұқадеске ақын туыстары атынан арнайы сыйлық табыс етті.

Айтуған Шәйімұлының айтыстың да өрен жүйрігі болғанын жырқұмар жұрт жақсы біледі. Көпшілік оның Н. Лушникова мен Е. Жақыпбеков, Ж. Оспанбекова, Б. Құрашева, Р. Нәкеевалармен арадағы айтыстарын да ұмыта қойған жоқ. Ақынның тар жерде тауып айтқан жасындай жыр шумақтары бүгінде «...деген екен!» айдарымен айтылатын әңгімелердің қатарында. «Бұрын-соң көрінбеген қай баласың, қолдасын Біржан салдың аруағы» деген Ақжайықтың Боташына Айтекең кезінде былай деп төгілдіріпті:
Сұрасаң Күртідегі Айтуғанмын,
Бақытты заманыма сай туғанмын.
Сен мені көзіңе ілмей отырсың ғой,
Ақынның көзге ілмеймін тай-тулағын.

Жайықтың үкілеген ақ маралы,
Аулыңның көрініп тұр баптағаны. 
Ырысы маңдайыңның бес елі екен,
Менімен айтысқан қыз бақ табады.

Қырдағы қызғалдақтай тұрсыз жайнап,
Жүретін болдық енді біз сізді ойлап.
Шіркін-ай, он жыл бұрын кезікпедің,
Қояр ем Алатауға жіпсіз байлап.

Сен болсаң Қыз Жібектің сіңлісі,
Мен болам Төлегеннің бір інісі.
Алдыңнан Бекежан боп шықпаса екен
Ғасырдың жиырмасыншы жырындысы. 
Осындай төкпе өлең ақынның сазды әуенімен қосылып жыр нөсері төгілгенде залдың сілтідей тынып қалатыны өз-өзінен белгілі. Мұны бүгінге жеткен бейнекөріністерден де айқын байқауға болады.

«Халықтың ұлы – Айтуған» байқауымен бір мезгілде «Сырлы әуен» атты сазгерлер байқауы да онлайн түрде жария етілген еді. Бұл байқаудың мақсаты Айтуған Шәйім- ұлының өлеңдеріне ән шығару болатын. Бұл орайда үздік деген 4 ән іріктеліпті. Жүлдегер атанған ән авторлары Дәулет Әшімов пен Ербол Қырғызәлиев, Арман Аманжоловтарға Құрмет грамоталары мен ақшалай сыйлықтар табыс етіліп, ән тұсауы да көпшілік алдында кесілді.

Осы жерде Айтуған Шәйімұлының сегіз қырының бірі сазгерлік болғанын да айта кетейік. Шабыты шалқып кеткен сәттерінде ол жан толқытар халық әндерімен қатар өзі шығарған әндерді де құлақ құрышын қандыра орындайтын. Бүгінгі шараға Күртінің бойындағы Ақшиден арнайы келген ақын ағамыздың ауылдастары – Іле ауданының Құрметті азаматы, мәдениет саласына еңбек сіңірген ардагер әнші Гүлнәр Ахметбаева бастаған халықтық «Ақниет» әжелер ансам-блі сазгердің «Күртінің бойын жағалай» әнін тамылжыта шырқады. 

Осынау мазмұнды шараны ұйымдастыруға ұйтқы болған Іле аудандық мәдениет үйінің директоры Қарлығаш Ахметбаева құрметті қонақтарға естелік сыйлықтар табыс еткеннен кейін шара ҚР мәдениет саласының үздігі, дирижер, сазгер Арман Аманжоловтың ақын сөзіне жазылған «Достарға» әнімен түйінделді.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ,
Қазақстанның Құрметті журналисі