Қой өсірген мыңғыртып

Уақыты: 25.04.2024
Оқылды: 2084
Бөлім: ОН САУСАҚ

«Мал өсірсең – қой өсір, табысы оның көл-көсір» дейді баба жұрт. Айтқандай-ақ, еті мен сүті дертке дауа, бейнеті мен зейнеті дәтке қуат қой өсіру байырғы кәсіп десек, сол байырғыны тұрмысына арқау еткен жұрттың тарығып жүргенін қазір көру қиын.

Өйткені табысы көл-көсір кәсіп айналысқан жанға тал қарматпайды. Мұны біз емес, Ескелді ауданына қарасты Жалғыз- ағаш ауылында өрісін малға толтырған Елшат Бабаш айтып жүр. Дала төсінде 1500 бас қой өрбіткен «Екпін» шаруа қожалығы сол ауылдан 25 шақырым жерге қоныс тепкен.

Сонау 2010 жылы 100 тұяқпен басталған кәсіп бүгінде өркен жайған. Бүгінде Елекең Шопаната тұқымынан өзге 150 бас сиыр мен  50 бас жылқы ұстап отыр. Осынша береке көзін күтіп-баптау үшін ауданның 3 кісісін жұмыспен қамтып отыр. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен қой бағып, етін жеген озар» деген әр жұмысшыға ас-суынан бөлек 200 мың теңгеден жалақы төлейді.

 – Түліктеріміз қыстай Жалғызағаштың осы тұсын паналайды. Суы мол, шөбі шүйгін қыраттан жазда жауын-шашын мол болса, мал арық шықпайды. Жазда Балдырған деген жерге ойысамыз. Мыңбұлақ тауына қарай. Әрқайсысы 750 бастан екі отар жаздай сол маңнан отығып шығады. Мал ұстағанға емес, бабын тауып, баққанға қонады. 2010 жылы 100 тұсақ еділбай қойынан басталған кәсіп қазір дөңгелеп тұр, шүкір! Шүкірсіз сөз де, іс те бастамайтын елміз ғой, – дейді Е. Бабаш. 

«Екпін» шаруа қожалығының ұстап отырған 1500 бас қойының 750-і аналық. Қалғаны қошқар, тоқты, тұсақ дегендей. Шопандардың айтуынша, осы жыл құт-берекелі болыпты. Себебі, биыл осынша саулықтан 750 қозы алып отыр. Бүгінде «қоңырлар» да қоңды. Себебі қыстан саулықтар сау, қоңды шықты. Онысына тағы сеп – мал азығы. Е. Бабаштың шаруашылығы өткен қысқа 4 мың түк шөп, 30 тонна жем дайындаған еді. Мал азығын дайындауға жылда 30 гектар егіндікті жалға алады. Егінді қолда бар жалғыз трактор мен жалғыз жүк көлігін пайдаланып сеуіп, өнімін арнайы техника жалдап жинап алады. Ерекең тиісті құрылымдар техника алуға жәрдемдессе деген базынасын де жеткізіп қалды сөз арасында. Айтпақшы, Шопаната тұқымының сау болуы үшін жергілікті мал дәрігерлерінің еңбегі де зор екен. Уақытында келіп, төрт түлікке алдын ала ем-домын жасауды дағдыға айналдырған. Одан бөлек, Елшат Бабаш жыл сайын 1-1,5 млн. теңгеге дәрі-дәрмек алып қояды. Әрине, баладай мәпелегесін қой баласы да қоңды келеді. 

«Екпін» шаруа қожалығы жергілікті биліктің қолдауын көріп келеді. Жыл сайын саулыққа 2,5 мың теңге, сиырға 10 мың теңгеден субсидия алады.

Төрт түлік иесінің «әттеген-айы» да жоқ емес. Айтуынша, «Астанаға көктем кеш келеді» дегендей, мал өсіруші шаруаларға субсидия да кеш келеді екен. Мәселен, былтыр арнайы көмекті алу үшін құжат тапсырған, ал көмегі биыл ақпанда қолға тиген. Одан өзге жемшөпке де субсидия берсе деген тілегі бар.

– Билікке сарыүрпек балапандай ауыз ашып отырудан аулақпыз. Дейтұрғанмен, шаруаларға жәрдемдесіп жіберсе. Мәселен, құмдағы қойшыларға күн батареяларын алуға көмек берілді. Біз қазір жарықсыз мал бағуға мәжбүрміз. Күн батареяларын алуға жәрдемдессе. Субсидияны да уақытында берсе. Техника алуға жағдай жасаса. Мұның бәрі біз секілді шаруаларды қуатты ете түседі, – дейді шаруашылық басшысы. 

Ескелді әу бастан ауылшаруашылығын тұрмысына арқау еткен аудан. Аудандық ауылшаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы Талғат Желдогутовтың сөзінше, ескелділік шаруалардың мал басын көбейтуде өнімді тірлігі бар екен. Қазір ауданда 134 мың қой, 35 мың мүйізді ірі қара және 12 мың бас Қамбарата тұқымы бар. Бас маманның айтуынша, мал төлдету маусымы сәтті өткен. Оның үстіне, аудандағы ветеринария саласына жасалған оңтайлы шаралар мал ауруын болдырмауға үлкен сеп. 

Дастанбек САДЫҚ
Ескелді ауданы