МЕЙІРІМДІ МЕДБИКЕ

Уақыты: 21.04.2024
Оқылды: 1287
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздай қалса қол ұшын алғаш болып созатын маман – медбике. Әрбір науқасқа аялы алақанымен, жылы қабағымен қуаныш сыйлай білетін сондай маманның бірі – Ескелді аудандық орталық емханасындағы күндізгі бөлімнің аға медбикесі Ардақ  Баратқазыева. 


2013 жылы Талдықорған медицина колледжін «емдеу ісі» мамандығы бойынша тамамдаған жас маман алғаш еңбек жолын Ескелді аудандық орталық ауруханасының терапия бөлімінде кезекші медбике болып бастаған. Жауапкершіліктің жүгін мойымай атқара алатын, өжет, алғыр, кез келген науқастың көңілін тауып, дәріден бұрын жылы сөзін арнап, қарғыс емес, алғыс арқалап жүрген медбикенің еңбегі ерекше. Әріптестері Ардақты білімді де білікті маман ретінде ерекше сыйлап, жоғары бағалайды. 

– Бала күнімнен бауырмал, мейірімді болған екенмін. Анам дәл осы мамандыққа бейімділігімді байқап, медицинада білім алуыма ықпал етті. Ең алғаш науқасқа ине салуды, қан қысымын өлшеуді өндірістік тәжірибеде үйрендім. Біздің жұмыстың қиыны да, қызығы да, қорқынышы да бар. Бірақ үстіне ақ халат ілген әрбір әріптесімнің жүрегі жанашырлыққа толы екенін білемін. Мейірімсіз адамнан дәрігер шықпайды. Жүректе мейірім болмаса бұл салада орын жоқ. Жағдайы ауыр науқас келсе құрақ ұшып, бәріміз сол кісінің көңілін табуға атсалысамыз.  Жас маман болып жұмысқа орналасқанымда үлкен қолдау берген Айгүл Жақсылыққызы, Бақыт Қызырғалиқызы, Ардақ Сансызбекқызына айтар алғысым шексіз, – дейді мейірімді медбике. 

Үнемі қауырт жұмыс басында жүретін медбике – қызметінен тыс уақытта балаларының қасынан табылатын үш перзенттің анасы. Жауапты қызметте жүрген білікті маман, аяулы ана отбасының да, жұмыстың да қамын реттеп, бәріне үлгереді. Халық саулығы үшін аянбай қызмет етіп жүрген медбике сүйікті мамандығының арқасында әлі де талай алғысқа бөленетіні сөзсіз.

Еңлік БАУЫРЖАНҚЫЗЫ
Ескелді ауданы