Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алады. Олар туған елдің жарқын болашағы үшін күн сайын тынбай еңбек етіп, отаншылдықтың озық үлгісін көрсетіп жүр. «Адал азаматқа» тән еңбекқорлық, іскерлік, жауапкершілік, білімпаздық және жақсыдан үйрену, жаманнан жирену сынды асыл қасиеттің бәрі шынайы еңбек адамының бойынан табылады.
«Jetisý» анықтамасы:
Дияс ҚИЛЫБАЕВ. Жас кәсіпкер, 34 жаста. Отбасының кенжесі. Көксу ауданы Мұқыры ауылының тумасы. 2008 жылы Қ. Жапсарбаев атындағы орта мектепті бітіріп, І. Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің дизайн мамандығында білім алды. Асқар таудай әкесі Қалияс Қилыбаев, анасы Жұмагүл Мәмекбаева да ұлағатты ұстаздар. Ол бүгінде өзі бастаған кәсіптің тасын өрге дөңгелентіп, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
ДИЯС – өте еңбекқор азамат. Бала күнінен сурет салуға әуестенген. Бала арман үлкен өмірдегі нақты мақсатының орындалуына алып келді. Үнемі білім алуға жетелеген ата-анасының тәрбиесін бір бойына сіңірген ол 3-курста оқып жүрген кезінде-ақ өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады. Курстың старостасы жаңашылдыққа құмар болды. Талдықорған қаласындағы «Жетісу жарнама» жарнама агенттігінде тәжірибе жинап, 2 жыл сол саланың қыры мен сырын меңгеріп, өз алдына кәсіп ашуды мақсат етеді. «Ә» деп бизнеске аяқ басқанда-ақ ол ертең үлкен жетістікке жететініне сенімді болған. Ізденімпаздығы мен табандылығының арқасында «Q Print» жарнама агенттігінің директоры атанды. 12 жыл қызмет көрсетіп келе жатқан олар баннер, стенд, визитка қысқасы, 20 шақты қызмет түрін көрсетеді. Жұмысқа қажетті шикізат көзін Алматы қаласынан алады. Барлық құрал-жабдықты Қытайдан, Жапониядан және Еуропадан сатып алған. Жұмысшыларға 150-180 мың аралығында еңбекақы төлейді. Тапсырыс көп болған жағдайда кешкі уақытта қосымша жұмыс істеген мамандар 300-350 мыңға дейін жалақы алады. Қосымша пайда тауып жүрген студенттер де бар. Кәсібі үшін коммерциялық жерге үлкейтіп салған цехта тіршілік қайнап жатыр.
– Кәсіп бастарда әке-шешеме 1 миллион несие алдырып, бел буып іске кірістік. Тапсырыс түсіп, тендерге, мемлекеттік сатып алуға қатысып, жұмысты шираттық. Мемлекеттің де қамқорлығын сезініп, 5 миллион қайтарымсыз несие алып, кәсіпті одан әрі дамыттық. Алдағы уақытта үлкен арман-мақсаттар бар. Соған жету үшін тынбай еңбек етудеміз. Біздің елде жас кәсіпкерлерге барлық жағдай жасалған. Соған қуанамын.
ЖІГЕРЛІ жас үнемі ізденіс үстінде жүргенді ұнатады. Отбасы татулығын сақтау, ер мен әйелдің ортақ мәмілесі хақында, уақытты тиімді басқару, адамдармен жұмыс істеу, көпшілік алдында өзін-өзі басқару сынды көшбасшылық қасиетті дамытуда үздіксіз білім алуда. Оның жұмыс бөлмесінде кітаптар тізіліп тұр. Қолы қалт етсе бірден кітапқа қол созатын кәсіпкер кәсіп бастау үшін міндетті түрде білім алуы қажет екенін айтады. Он жыл уақытын білім алуға жұмсай алмаған ол сол қателіктің орнын толтыруда. Қазір кәсіп пен білімді қатар алып жүр.
– Білімге ұмтылған адам жарыққа жүгіргенмен тең. Мен Алаш арыстарының еңбегінен күш аламын. Олардың айтқан әрбір сөзі біздің рухани кемелденуімізге ауадай қажет. Қара сөздің қадірін асырған қазақтың маңдайына туған кіл мықтының қанатты сөздерін арнайы тақтайшаға жазып, жұмыс кабинеттерге іліп қойдым. Қазақтың әрбір азаматы оқып жүрсе деп ойлаймын. Біз рухани байлықты дамытпай ел бола алмаймыз. Тәрбиеге атүсті қарамауымыз керек. Қазақ мықты болсын десек білімге, ғылымға ұмтылайық.
ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ – ізгіліктің ізгі жолы. Бұл сөзді жас кәсіпкер өте жақсы түсінеді. Жүрегімен сезінеді. Жүрегіне иман орныққан жігіт жоқ-жітікке қайырымдылық жасаудан да қалыс қалмайды. Дияс туған жерге ту тігіп, ауылының өркендеуіне, дамуына, ауыл халқының жағдайына қатты алаңдайды. Ол туған қасиетті мекендегі жандарға жақсылық жасауға сыныптастарын, ауыл азаматтарды шақыруда.
– Ауыл – қазақтың кіндігі. Мен де болашақта бала-шағамды алып, қара шаңырағыма барып, ата-анаммен бірге тұрып, ауылды көркейтуге атсалыссам деймін. Ауылды тастап қалаға кетпеу керекпіз. Қазақтың ұлы ауылдан қол үзбеу керек. Әр ауылдан шыққан белсенділер бір ауылды көтеріп жіберуге болады. Өмірден өткен Жақсылық Үшкемпіров ағамыздың, Бауыржан Оспановтың ісі бізге үлгі болса деймін. Бар қазақ бірігіп, барлық ауылды көтеріп жіберсек деген арман бар.
АЗАМАТ отыз жаста орда бұзып, өз арман-мақсатына қол жеткізді. Үйін де, ұйымын да басқарып отырған ол 2017 жылы Ақтөбенің сұлуымен шаңырақ көтерді. Бүгінде берекесі мен бірлігі жарасқан отбасы үш перзент тәрбиелеуде. Тұңғышы Алдияр 1-сынып оқушысы. Оның бос уақыты жоқ. Әр уақытын тиімді пайдаланады. Спортпен де шұғылданады. Қызғалдақтай құлпырған Еркенұр мен Мәриям сол шаңырақтың берекесі. Ұлын ұлықты, қызын қылықты етіп тәрбиелеу үшін де адамға білім қажет екенін алға тартады. Дияс дәл қазіргі таңда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу керектігін айтады. «Қазақтың баласын Алаш зиялылары салған сара жолмен тәрбиелеудің заманауи моделін қарастыру қажет» деп біледі жас әке. Дияс үлкен-кішімен бірдей тіл табыса алады. Сондықтан болар, сыйлас адамы көп.
– Бала – біздің болашақ. Біз қазір ұлттық тәрбиеден ажырап бара жатырмыз. Бізге мемлекеттік деңгейде үлкен жоба әлде заң ауадай қажет. Бірақ ұлттық тәрбиені әркім өз отбасынан бастаса деймін. Баламен жиі уақыт өткізіп, әкелік мәртебемізді арттыруымыз қажет. Балаларым ауылдан кіндігін үзбесін деген мақсатта ауылға көшуді жоспарлап отырмын. Біз ауылды тастап кетпеуіміз керек. Себебі ауыл – қазақтың берекесі. Ауылдың шаңын жұтып, топырағын басып өскен баланың жүрегінде қазаққа деген құрметі артады.
Көзі ашық, көкірегі ояу жігітке біз өз кезегімізде отызында орда бұзып, қырықта қамал алғын деп тілейміз.
Еңлік КЕНЕБАЙ