БАҒА ТҰРАҚТАНДЫРУ ТЕТІКТЕРІ

Уақыты: 29.04.2024
Оқылды: 290
Бөлім: ЭКОНОМИКА

Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1 млрд. 575 млн. теңгенің 8 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде 2 151 тонна қант, 22 тонна 1-сұрыпты ұн, 679 тонна күріш, 575 мың литр күнбағыс майы, 21 тонна макарон, 64 тонна қарақұмық жармасы, 727 тонна картоп және 162 тонна сәбіз.


Бұл туралы Журналистер үйінде өткен брифингте Жетісу әлеуметтік корпорациясының өткен жылы атқарған жұмыстары мен биылғы жоспарларын таныстыру барысында айтылды. Аталған тақырып аясында «Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» ӨДИ» АҚ басқармасы төрағасының орынбасарлары Альмира Ибраимова, Нұрсұлтан Искенов, Асылан Шайхазимов сөз етті. Брифингте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасын тұрақтандыру тетігін іске асыруда атқарылып жатқан жұмыстар мен Жетісу жеріндегі ауылшаруашылығы тауар өндірушілерін қант қызылшасы тұқымымен қамтамасыз ету мәселесі тілге тиек етілді.

«Жетісу» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар бағасын тұрақтандырудың 2 тетігін іске асыратын мамандандырылған ұйым. Біріншісі, тұрақтандыру қорын қалыптастырады, екіншісі кәсіпкерлік субъектілерін  «айналым кестесі» бойынша жеңілдікпен несиелендіреді. Былтыр және биыл бағаны тұрақтандыруда аталған тетіктерді іске асыруға 5 млрд. 890 млн. теңге бөлінген. 

Көрсетілген кезеңде 21 мың тонна тауар жеткізуге 6 млрд. 523 млн. теңгеге келісімшарт жасалып, оның ішінде 7 904 тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар көлеміне тауар интервенциялары жүргізілген. Ағымдағы күнге бағаларды тұрақтандыру тетіктері бойынша 6 млрд. теңгеге 13 мың тоннадан аса көлемде 18 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына келісімшарт бар, сондай-ақ 4 сауда субъектісіне 65 млн. теңге сомасына қарыз берілген.

Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуы, ауыл халқының табысын арттыру жобасы аясында шағын несиеге қол жеткізу жобаларын іріктеудің негізгі шарттары, қарыз алушыға қойылатын негізгі талаптар, шағын несие қандай мақсатқа берілмейтіні және несие талаптары түсіндірілді. 

Кепілмен қамтамасыз ету, сервистік-дайындау орталықтарын қалыптастыру, Талдықорған қаласындағы өнімді ұзақ мерзімге сақтауға арналған көкөніс қоймасын жаңғырту, аймақта қант саласын дамыту мәселелері де осы жиында сөз етілді. 

Айгүл Байжұмақызы