Кинорежиссер, кинодраматург Талғат Теменов «Qasqa Jol» ютуб каналына берген сұхбатында қазіргі қазақ кино және театр өнері туралы пікірін ашық айтты. Оның пайымдауынша, қазіргі қазақ киносының оңып тұрғаны шамалы, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол алдымен елдегі су тасқыны, төтенше жағдай туралы ойын бөлісті.
Жалпы, Қостанайға қарап отырып, Қостанайдың суға кеткені – қоғамның суға кеткені деп таңертең ойлап едім. Қыстан әрең шыққан халыққа бұл үлкен соққы болды. Соның ішінде мал шығыны бар. «Арық атқа қамшы жау» демекші, елдің қыстан әрең шыққан кезде бүкіл үй-жайының, малының суға кетуі – бұл кез келген шаруаға, отбасыға, әсіресе, көпбалалы аналарға өте қиын. Біз Сирияға, Ауғанстанға көмектесіп жатырмыз. Ал негізінде нағыз көмектесуіміз керек – ол біздің өз бауырларымыз. Ағайын-жұрт болып бірігіп, халыққа қол ұшын созуымыз қажет. Су тасқыны мемлекеттік тұрғыдан үлкен – катастрофа, үлкен қауіп-қатер төніп тұр деп ойлау керек, - деді Талғат Теменов.
Сондай-ақ театр өнерінің аяқалысына қарны ашатынын жеткізді. Оның айтуынша, қазіргі кезде театрда жұмыс істейтіндер ұлтық өнеріміз бен мәдениетіміз олпы-солпы, қалай болса, солай көрсетіп жатыр.
Театр тек қана ән айтып, би билейтін жер емес. Театр – талбесік, ол – идеология. Театр – ұлттың қамы, ұлттың намысы, ары, әдебиеті, мәдениеті, тарихы, тәрбиесі айтылатын мінбер. Театр әрі идеологиялық орын, бір жағынан біздің салт-дәстүрімізді, ата-абамыздан келе жатқан ана тілімізді сақтайтын талбесік. Өкінішке қарай, қазіргі театрлар, мына Астанадағы театрлардың барлығы бүгінде жалт-жұлт еткен бояуға құмар болды. Қойған спектакльдері эксперименталды түрде Мәскеуде оқып келген 3-4 курстың балаларының деңгейінде. Театр – ұлттың тарихын, ұлттың жоғын жоқтап, ұлттың мәдениетін көрсетудің орнына ырду-дырдудың, қызыл-жасылдың ортасына айналып барады, - деді ол.
Фото: видеодан алынған кадр