САҒЫНЫШТЫҢ МИФІ: ИЛАНУ МЕН ТҮЙСІНУ

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 1716
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Желдің салмағын өлшеп көріп пе едіңіз? Ойыңызға бірден қуатты, долы күші оралады. Сондай қуатты күшке ие желдің жеп-жеңіл болуы мүмкін бе?.. Ал Сағыныш Намазшамова:

«Жел сияқты жеп-жеңілмін

желіп жүрген кең далада.

Білсең, айтшы, мені мұнда

ұстап тұрған Жер ғана ма?!» – дейді. Шындығында адам баласын ұстап тұрған жердің тартылыс күші деген мектептен таныс заңдылыққа бағынбауға бола ма? Бұл шумаққа дейін сіз оны ойлап көріп пе едіңіз? «Бізді жерде ұстап тұрған одан өзге күш, шынында, бар шығар?..» деген себезгі ойды ақын әрі қарай қуаттайды.

 «Әлде сенің мен сезінген

бір тартылыс күшің бе екен?!

Түпсанамнан түн ішінде

қалқып шықтың түсімде сен».

Адамды жерде ұстап тұрған тек оның тартылыс күші ғана емес деген ойды санаңызға салып қойған ақын енді оның ішіндегі қайшылықты сөз етеді. Түсімізде денемізден қалқып шығатын қандай тылсым?

«Жанарыңнан от ұшқындап,

Тілдестің де ақтарыла,

Таң бозынан қайта кірдің

мендік мидың қатпарына.

 

Еркім егер менде болса,

Сол әлемнен келсем едім.

Ал әзірге әз жаныңды

жел секілді тербетемін». Ақын кіммен сөйлесіп жүр деген сұрақ туады. Шынында кіммен?.. Түсіндегі жан мен өңіндегі адам бір-біріне ұқсай ма?..

«Буалдыр тартып біршама,

Егеске түсті жан мен ой.

Себезгі тартып тұрса да,

Сәуленің аты сәуле ғой», ақынның мына шумағы осы сұраққа жауап беретін секілді. Адам ойына сыртқы фактор көп әсер ететіні заңдылық. Ал жан ше?

«Құмыра сынды қалыпқа

дәл сендей мен де сыйғанмын.

Әйнектен түскен жарыққа

Күн нұры ғой деп иландым». Тән деп аталатын қалыпта өмір сүргенімен жан жарықтық оған сыймай тыпыршиды. Сағыныш ақын дәл осы тән қалыпқа сыйған жанды құмырадағы гүлмен парелелль суреттейді. «Күлкімнің күміс нұрына» деп аталатын өлеңнің соңында автор:

 «Өгей демейтін өз атын,

Ерсі емес гүлге теңеген.

Екі әлемге есік болатын

сен аман болшы, терезем!», – деп аяқтайды. Көңіл терезесі кірлегеннен сақтасын, дейсіз еріксіз.

Жетісудағы ақын қыздың «Менің мифім» кітабы шынында автордың мифі. Тек қиялға емес, білімге негізделген инттелектуал, қазақы тілмен айтқанда жаны бар миф.

«Ағаштар, шөптер, гүлдер – 
Бәріміз бір ауамен тыныстаймыз,
Бір аспанның астында туыстаймыз.
Мен «уф» деп дем шығарсам,
Олар «үф» деп дем шығарады.

 

Менің тынысым батпандай зілдеп тұрады,
Олардың тынысы жеп-жеңіл үрлеп тұрады.
Көмірқышқыл газына көміліп жатса да,
«Күннің кереметін-ай» деп гүлдеп тұрады
»,  – ақынның «бір аспанның астында туыстаймыз» деп тек өсімдіктерді емес, жер бетіндегі барлық жаратылысты меңзеп тұрғанын бірден түсінесіз. Әрі қарай өлең жаратылыстың үйлесімін сөз етері заңдылық.

Автордың өлеңінен оның болмысы аңғарылатыны ежелден белгілі. Сағыныштың болмысы өте қарапайым. Ол уақыттың ғана емес, күллі кеңістіктің заңдылығын соншалықты жатық жеткізеді. Сіз бойыңыздағы адам баласына тән тәкаппарлықты жиып қойып, жаратылыстың титтей ғана бір нүктесі екеніңізді шын түйсінесіз.  

«Өзеннің, аңғардың ба

Еңіске ағатынын,

Еңселі таулардың да

етегі болатынын,

 

Жұлдыз да көппіз дейтін

жалқы боп құлайтынын,

Асқақтап жеткізбейтін

Аспанның жылайтынын,

 

Мұхит та ала жаздай

мұз құрсап, тұншығарын,

Сағыныш сары аяздай

жаныңды шымшыларын», – мұз құрсанған мұхиттың тұншығарын бұрын-соңды ойланып көрдіңіз бе? Асқақ аспанның жылайтынын ше? Әрине, автордың бұл пайымына қосылмауыңыз мүмкін. Дегенмен, бұл әлемде ешкімнің, ештеңенің бір-бірінен асқақ бола алмайтыны тек өзіне сай ерекше екені есіңізге түседі. Әлем жарысқа емес, үйлесімге негізделген.     

Ана мен бала арасындағы тылсым сезімді Сағыныш асыл энергияға балайды. Мына шумаққа зер салыңыз...

«Үйім балаларымның демімен жылынады,

Керегесін арқасымен анам сүйеп тұр.

Онда керемет күн райы...

 

...Онда – мейірімге шүпілдіп тұрған жүрек кіл

Бұл – бітпейтін ауа мен сөнбейтін Күн нұры!

Бұл нағыз жасыл,

иә, иә, Асыл энергия! 

 

Ана – Бала  – үздіксіз алмасатын қуат көзі,

Беретін-алатын да!

Аядай ұямнан алақандай жүрекке жиған жылу

жетеді Жер жаһан, Ғаламға таратуға!», – энергия десе біздегі ой бір ғана түсінікпен шектеледі. Онымыз адамдар арасындағы мейірімге мән бермей, оның таратуға болатын асыл энергия екенін ұмытып кеткендіктен шығар...

«Сендегі сұйық қылық,

Сендегі қиял қасаң,

Құдайды сүйіп тұрып,

Адамды сүйе алмасаң.

 

Тастың да құнын білмес

таңданар тауға қарап.

Жалғанда сүріндірмес,

жаныңа жалға қанат». Адамзатты сүріндірмес қанат қайсы? Мейірім, қарапайымдылық, өзіңді өзгеден ерек көрмеу! Мұның бәрі о баста адамзаттың бойында көбірек болған шығар бәлкім?..

Ақын өлеңдері сізді соған сендіре алады және мына дүниенің уақыт деген ұғыммен шектелмейтінін де меңзейді. Илану, иланбау оқырманның құзырында.

«О, Түп Анам!

Осынау тіршілікке өзіңнің сарқытың боп келгеніме қуанам.

Сендегі мелдектеген мөлдір бастау тұмадан

қанып ішкен кіл Адам.

Пейілің ақ шәйі перде сынды

Перзентіңді қорып тұрар күнәдан.

Құр қалмасам екен деймін мен де енді

Сен таратқан қасиетті мұрадан.

 

О, От Анам!

Бар жылуды саған берген Жасаған.

Мүсініңді төзім-тастан қашаған,

Жүрегіңді жарық нұрдан жасаған.

Тілеуімді тілеп тұрады үнемі

Сен маздатқан ошақ пен

Сенің алтын босағаң».

Өлең туралы, поэзия жайлы осы күнге дейін айтылған анықтама көп әлі де айтылатыны сөзсіз. Бір анығы, поэзия адамға ой салуы тиіс, ойсыз жазылған өлең тек ретті ұйқас қана. Сағыныш Намазшамованың «Менің мифім» атты кітабы оқырманды тек ойлантып қана қоймай, жаратылыстың жұмбағына, тылсымына, үйлесіміне үңілуге жетелейді. Оқисыз, иланасыз. Тек уақыт дүрмегіне еріп,  Сағыныштың мифінен түйген ойдан алыстап кетпесеңіз болғаны.

«Жас күнімде
сағаттың үнін естімейтінмін,
Қазір тықылы үдеп барады.
Жыл сайын жылдамдық қосатындай
тіпті секундқа дейін күреп барады.
Уақыттың уысына бәрі түсті,
Бағынбаған тек жүрек қана-ды.

Әр тықылымен бірге
секундтар сынып кеткендей,
Қос тілі - бірі қуанышымды,
Бірі қайғымды іліп кеткендей.
Балалығым, жастығым бәрі де
сағаттың ішіне кіріп кеткендей.

 

Сөйте-сөйте, әбден толғаныңда
сен жарылатын шығарсың,
Мен бұл жалғаннан арылатын шығармын
».

Жетісудағы «Janr» әдеби клубы ұйымдастырған «Менің мифім» кітабындағы өлеңдерді мәнерлеп оқу кешінде Сағыныш ақын «Ұлы жаратушы – Алла тағаланың сансыз қасиетінің теңіз тамшысындай титтей бөлшегі бойына дарыған жан шын мәнінде шығармашалық адамы деп ойлаймын», – деген еді. Жаратылыстың титтей бөлшегін танығыңыз келсе Сағыныш шығармаларын оқи отырыңыз, оқырман!  

 

Назым ДҮТБАЕВА,
Қарағанды қаласы