АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 987
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алматы  облысының  әкімі  Марат  СҰЛТАНҒАЗИЕВ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлымен кездесті. Онда қос тарап аймақтағы діни ахуалды жан-жақты талқылады.  
  Әңгіме барысында өңірдегі имамдардың білімі мен біліктілігін көтеру, дін қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау, аймақтағы мешіттерді кадрлармен қамтамасыз ету, халыққа дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеу, жастарды деструктивті діни ағымдардың идеологиясынан сақтандыру сияқты басқа да мәселелер назарға алынды. 
  Наурызбай қажы Тағанұлы: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халқымыздың біртуар тұлғасы, мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев есімін жаңа облыс орталығына беру туралы бастамасы біздің діни саладағы жұмысымызға оң серпін беруде. Қонаев қаласынан діни басқарма өкілдігін аштық», – деді. 
 Марат Елеусізұлы экономикалық өсімнен басқа, идеологиялық жұмыстарға да көңіл бөлінуге тиіс екенін атап өтіп, бұл ретте жобаларға қолдау көрсетілетінін жеткізді. Бұдан соң Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы облыс басшысына игі ниетін жеткізіп, жаңа қызметіне табыс тіледі. Соңында қос тарап ортақ жобаларды жүзеге асыруға уағдаласты.
Бұдан соң аймақ басшысы мен елордалық қонақ Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстарының «Қариялар қазығы дәстүрімнің» атты ақсақалдар форумына қатысты. 

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Алматы облысы