ЖЫР БОЛҒАН ЖОЛ ЖАСАЛУДА

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 1245
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ел мен елді жалғайтын күре жолдардың жақсы болғанына не жетсін?! Жайсыз жол жолаушыларды шаршатып, уақытын зая кетіреді. Жолдың  нашар болуы түрлі апатқа ұшыратады. Тіпті, адам өліміне дейін әкеледі.

Кеген ауданы Қайқы асуында былтыр қырылып, күреліп, сол күйінде қалған республикалық маңызы бар жол Райымбек, Кеген аудандары тұрғындарының өкпе-ренішін туғызды. Тамыз айының басында сол асу тұсында екі аудан тұрғындары бірнеше сағат жолды жапқан болатын. Сол кезде «ҚазАвтоЖол» АҚ облыстық филиалының басшылары келіп, мердігер белгіленген соң қыркүйек айының ішінде көпті толғантқан 15 шақырым жолды жасаймыз деп уәде берген еді. Сол жол реттеліп, күпті көңілдер орнына түсуде. Қазір Кеген ауылынан шығып, асу ішіне кіргенге дейінгі жолдың бір бөлігі аяқталды. Жұртшылықтың республикалық маңызы бар Алматы – Нарынқол тас жолының Ақсай ауылы тұсынан бастап, Жалаңаш ауылына бұрылатын жерге дейінгі аралықтағы жолды жөндеп берсе деген тілегі бар. Бұл мәселе реттелсе, Алматы қаласынан Кеген ауылына дейінгі жол жақсарады деген сөз. Ал республикалық маңызы бар Кеген – Нарынқол арасындағы ойылған жолдар жамалып, ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Маруся асуынан Нарынқол ауылына дейінгі жол жамалып  бітті. Енді, Кеген ауылына дейін біраз жер қалды. Көп ұзамай бұл жұмыс та сәтімен аяқталады деген сенімдеміз. 

Қанат БІРЖАНСАЛ,
Кеген ауданы
Алматы облысы