АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНЫҢ БІРҚАТАР ӨҢІРІНДЕ ҚАТТЫ ОТЫН ТАПШЫ

Уақыты: 11.10.2022
Оқылды: 1253
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Қарасай ауданында Алматы облыстық мәслихатының көшпелі комиссия отырысы өтті. 
Комиссия отырысында жылу беру маусымына дайындық, автокөлік жолдарында жүріп жатқан құрылыс жұмыстарының сапасы және оның қыс мезгіліне әзірлігі, өрт сөндіру мен авариялық құтқаруды ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Осыған байланысты облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Нұрманов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бөлім басшысы Алмаз Нақыбаев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Асқар Тойшыбеков  сөз қозғады. 
Белгілі болғандай, бюджеттік мекемелерге қатты және сұйық отын тасымалдау биылғы шілде айында басталған. Мекемелерге барлығы 15,9 миллион литр сұйық отын тасымалдау жоспарланса, бүгінде соның 47 пайызы жеткізілген. Сонымен бірге, 6 мың тонна қатты отын қажет, соның 57 пайызы әкелініпті. Жылыту маусымы басталғанға дейін елді мекендердегі жеке сектор тұрғындары 761 мың тонна көмір отынымен қамтамасыз етілуі тиіс. Осыған байланысты қазір аймақтағы тұйықтарға 223 мың тонна қатты отын жеткізілді. Бүгінгі таңда тұйықтарға тәулігіне 37 вагон көмір түсіп жатыр.
Десек те  Еңбекшіқазақ, Талғар, Іле аудандары мен Қонаев қаласындағы жеке тұрғын үйлерді қатты отынмен қамтамасыз ету деңгейі төмен. 
Мұндай кемшіліктер денсаулық сақтау саласы нысандарында да кездесіп отыр. Мәселен,ондағы қазандықтарды сұйық және қатты отынмен қамтамасыз ету деңгейі өте төмен, табиғи газ құбырына қосу жұмыстары да ұйымдастырылмаған. Бұл бойынша мәдениет саласында да орын алған кем-кетіктер бар. Аудан, қала әкімдіктерінің деректеріне сәйкес, қоймалар мен тұйықтардағы көмірдің орташа бағасы 13 000-17 500 теңге көлемінде. Ал «Ойқарағай» кенішінен 14000-15000 теңгеден жеткізілуде.
Жиын соңында қаралған мәселелердің бәрі назарға алынып, депутаттар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап қайтарылды. Жылуға қатысты айтылған кемшіліктерге де мән беріліп, оны қалпына келтіру бойынша жұмыстардың бақылауға алынатыны ескертілді.   

 

Айгүл БАЙБОСЫНОВА,
Қарасай ауданы
Алматы облысы