ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫНЫҢ ӨҢІРЛІК ТӨЛТАҢБАСЫ

Уақыты: 17.10.2022
Оқылды: 1759
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының заманауи, ерекше, оңай танылатын өңірлік гербі конкурс нәтижесінде іріктелініп, анықталды. Конкурсқа  суретшілер, фотографтар, дизайнерлер, архитекторлар және қарапайым қала  тұрғындары да қатысты. Жалпы 17 үміткерден 55 эскиз түсті.

Өлкенің тарихи-мәдени және географиялық ерекшеліктерінің көрсетілуі, жоғары көркемдік деңгейі, бірегей дизайндық шешім,  түстердің үйлесімділігі мен геральдика талаптарының сақталуы бағаланды.
Конкурстық комиссия мүшелерінің шешімімен  Жетісу облысы Талдықорған қаласының қорғаныс істері жөніндегі басқарма бастығының әскери патриоттық жұмыс және  Қарулы Күштер ардагерлерімен жұмыс жөніндегі көмекшісі,  сонымен бірге, ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Көркем академиясының корреспондент мүшесі, вице президенті Есет Дәуренбаевтың эскиз  жобасы бірауыздан  таңдап алынды.
Өңірлік төлтаңба Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі  Мемлекеттік рәміздер және геральдикалық белгілер мәселелері жөніндегі сараптама кеңесінде сараптамадан өтті  және облыстық мәслихатпен келісілді.
Жер жаннаты – Жетісу облысының гербі шеңбер ішінде орналасқан, Мемлекеттік Тудың көк және  алтын түсіне  негізделіп құрылды.
Негiзгі нышандардың бірі – шаңырақ, Жетісу жерінің асқарлы, биік таулары, Талдықорған  қаласының  символы «Жетісу монументі», Ұлы Жібек жолының нышаны – керуен көші, жеті өзен, Балқаш, Алакөл көлдерінің айдыны бейнеленген.

"ЖЕТІСУ - АҚПАРАТ"