ТАРИХ ӘДІЛДІКТІ ҰНАТАДЫ

Уақыты: 17.10.2022
Оқылды: 1635
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күнтізбеге қарасақ, былтырғы қазанның 25-ші жұлдызы қарапайым, әдеттегі күн еді. Ал биыл жай мереке емес, ұлттық мерекеге айналды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда 25 қазанға, яғни Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынған. Сол жиында: «Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Тәуелсіздік алуға үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек.  Ал 25  қазан еліміздің басты мерекесі ретінде егемендік күні болып аталып өтуі тиіс», – деген еді.
1990 жылы дәл осы күні Қазақстанның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Декларацияда алғаш рет ел аумағының тұтастығы, оған қол сұғылмайтыны, қазақ халқының және Қазақ-  стандағы басқа да этнос өкілдерінің төл мәдениетін, дәстүрін, тілін қайта түлету мен дамыту, ұлттық қадір-қасиетті нығайту секілді мемлекеттік қағидаттар бекітілді. Сонымен қатар, құжатта саяси, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді өз бетінше шешу принципі де жарияланды. ҚазКСР-і өзінің ішкі әскерін, мемлекеттік қауіпсіздік және ішкі істер органдарын құру құқығын алды. Ал Президент мемлекет басшысы, әкімшілік-атқарушы жоғарғы биліктің басшысы ретінде танылды. Шыны керек, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер қатарында еді. Алайда, 2009 жылы сол уақтағы Мемлекет басшысының Жарлығымен бұл тізімнен алынып тасталды. Республика күнінің күнтізбе парақшасынан мереке ретінде алынып тастауын көп сарапшы Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жариялануынан деп болжайды. Сонымен қатар, аталмыш құжатта декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Атаулы құжат Қазақ- станның халықаралық қатынастағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды.
«Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебесіне ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, сол декларацияның қабылдануы Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы жасалған алғашқы қадам. Сонымен Республика күні мемлекеттік емес, ұлттық мереке санатына енді. Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Ал Тәуелсіздік күні, Мемлекеттік мереке мәртебесіне ие болды. Бұл дегеніміз, қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған күндер.
Тарих әділдікті ұнатады. Республика күнінің мәртебесі қалыпқа келуі – уақыт тудырған үдеріс. Егемендіктің қазақ даласында алғаш қанат сермеуі ұмытылмауы керек. Ел болуға, тәуелсіз атануға ұмтылған Республика күні құтты болсын, отандастар!

 

Гүлнар ТОЙЛЫБАЕВА,
Жетісу облыстық
мәслихатының хатшысы