ҚАРАҚАТ ӘБДЕН СИНТЕТИКАЛЫҚ ЕСІРТКІНІҢ ЗАРБАДЫ ЖАЙЛЫ МӘСЕЛЕ КӨТЕРДІ

Уақыты: 14.11.2022
Оқылды: 618
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Президенті лауазымына кандидат Қарақат Әбден әлеуметтік желідегі парақшасында ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе – есірткі проблемасы жайында жазды.


Ол мамандардың дабыл қағып жатқанына назар аударады. Айтуынша, қазір ине ұстаған нашақорлардың емес, синтетикалық есірткінің заманы. Арзан әрі қолжетімді бұл есірткінің зардабы - өте ауыр. Есірткіге тәуелді болғандардың арасында жастар көп. Синтетикалық есірткіні қолданатындардың қатарында тіпті мектеп оқушылары да бар.

Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, полицейлер заңсыз айналымдағы 12 тоннаға жуық есірткіні, соның ішінде оның 212 кг синтетикалық түрлерін тәркіледі. 36 есірткі зертханасы мен 43 есірткі каналы жойылды, есірткілерді жарнамалайтын 1 900 сайт бұғатталды. Министрлік нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы үш жылға арналған Кешенді жоспар әзірлеп жатыр.

Еске салсақ, елімізде 20 қараша күні кезектен тыс президент сайлауы өтеді. Үміткер Қарақат Әбден ел аймақтарын аралап, 13 қала мен бірнеше ауылдық елді мекенде 20-дан астам кездесу өткізді. Алдағы уақытта ол Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Жамбыл облыстарының сайлаушыларымен кездесу өткізеді.