САЙЛАУ УЧАСКЕСІНЕ САҒАТ 7:00 БОЛМАЙ ЖАТЫП ЖИНАЛҒАНДАР ҚАРАСЫ КӨП

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 760
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жерінің маңызды бөлшегі саналатын Кербұлақ ауданында 58 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Солардың қатарындағы №1044 сайлау учаскесі кезектен тыс Президент сайлауына асқан дайындықпен кірісті. Күреңбел орта мектебінің директоры Айман Қожабергенованың айтуынша, таңнан дауыс беруге келген тұрғындардың белсенділігі жоғары.

Айман Мелсқызының өзі де Президент сайлауына биыл 7-ші рет қатысып отыр. Оның төртеуінде саяси шараны сайлау учаскесінің мүшесі ретінде өткізсе, үшінші рет төраға ретінде халыққа қызмет көрсетіп отыр. Сайлау учаскесіне 1234 адам тіркелген. Олардың басым бөлігі таң мезгілінде келіп, өз таңдауын жасапты.
– Ауылымыздың тұрғындары кез келген шарадан сырт қалған емес. Әсіресе, биылғы кезектен тыс Президент сайлауына асқан құлшыныспен, ерекше көңіл-күймен келді. Бүгін таңғы сағат 6.00-ден жұмысымызды бастадық, – деген сайлау учаскесінің төрайымы дауыс берушілердің ықыласы жоғары екендігін атап өтті. – Сағат 7.00-ден бастап жасы егде кісілер мен жастар араласа келіп, дауыс беріп кетті. Ең алдымен келген кісілерге арнайы сыйлық беріп, шығарып салдық. Көпшіліктің ішінде кішкентай балалары мен немерелерін ертіп келушілер де болды. Бұл өскелең ұрпақтың бойына саяси науқан ұғымын біртіндеп сіңіре беруге септігін тигізеді. Сол арқылы ата-анасының дауыс беруге белсенділікпен қатысқанын көрген бала келешекте саяси шаралардан тыс қалмайды.
Айман Қожабергенованың пікіріне қарағанда ауыл тұрғындары көбіне түске дейін жаппай келіп, дауыс береді. Әлдебір шаруасы шығып қалған жандар түс ауа келеді.
 

Мәди ӘСЕТҰЛЫ,
Кербұлақ ауданы