"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ": ТОЙ ҮСТІНДЕГІ ТАҢДАУ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 901
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданының орталығы Үшарал қаласында некелерін енді қиып, мейрамханада тойын өткізгелі жатқан жас жұбайлар сайлау учаскесіне арнайы келіп, ел болашағы үшін таңдау жасады.
Үшаралдық Асхат Несіпбек пен Әсем Дәуренқызы өздерінің өмірлеріндегі ең бақытты сәттің осындай маңызды күнмен тұспа-тұс келгеніне қуанышты. Жеке ғұмырларының алғашқы баспалдақтарын аттаған қос ғашық ел бастар тұлғаның да «Жаңа Қазақстанды» құруға өздеріндей пәк көңілмен, шынайы ниетпен келеді деген сенімде.
Ақ көйлек киген қалыңдық пен қара костьюмді күйеудің сайлау учаскесіне келуі өзге тұрғындарды да таңғалдырды. Айтулы күні уақыттарын бөліп, бұқарамен бірге дауыс берген бұларға халық та тәнті болғандай.
«Бұл күн біздің жаңадан құрылған отбасымыз үшін аса маңызды. Сонымен қатар, халықымыз үшін де өзекті сәт. Осы күннің біздің ғұмырымыздың ғана емес, еліміздің де іргетасы қайта қалануда. Сондықтан да, қалың қоғамнан қалыс қалмай, кемел келешек үшін дауыс бердік»,- дейді, отағасы Асхат Несіпбек.

 

Алмат ЕСЕНБЕКОВ,
Алакөл ауданы,
Жетісу облысы.