"ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ": ӨЗ ТАҢДАУЛАРЫН ЖАСАДЫ

Уақыты: 20.11.2022
Оқылды: 856
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданындағы біз барған №788 сайлау учаскесінде ерекше мерекелік көңіл-күй ауаны байқалды. Участок қызметкерлері өз міндетіне асқан жауапкершілікпен қарауда. Дауыс беру учаскелерінде қауіпсіздік шаралары да жан-жақты ескерілген. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арнайы кабинка да қарастырылған. Бұл дауыс беру процесінің қалыпты жағдайда өтуіне септеседі.
- Еліміздің жарқын болашағы үшін сайлауға бей-жай қарамай, өз дауысымды беруге келдім. Жалпы, әрбір адамның сайлауда белсенділік танытып, саяси науқанға қатысуы келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілігі деп санаймын. Себебі бүгінгі тарихи күн келешек ұрпақтың тағдырына да тікелей әсер ететін маңызды сәт, - дейді №788 сайлау учаскесіне таңдау жасауға келген Константин Банахович.
Сарқан қаласында орналасқан №788 сайлау учаскесінде ең бірінші болып келіп қала тұрғыны, Чернобыль апатына қатысушы ардагер Әлібек Ерболаев өз дауысын берді. Қаламыздың ғасыр жасаған тұрғыны Белдеубай Алтынхан апамыз да сайлаудан тысқары қалмайды. Сондай-ақ Ұлы Отан соғысының ардагерлері, өңіріміздегі белгілі мәдениет, спорт, білім салаларының өкілдері, қоғамдық жұмыстардың белсенділері өз таңдауларын жасады.
№788 сайлау учаскесі комиссиясы төрағасының орынбасары Ерболсын Тоқжігітов халықтың белсенділігі жоғары екенін, ешбір заңбұзушылықтың орын алмағанын айтады.
Сарқан аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Мұратбек Естеуовтың айтуынша жалпы аудан бойынша 26992 мың сайлаушы бар. Аудан көлемінде барлығы 33 сайлау учаскесі болса, оның 3-еуі жабық, оның біреуі ауруханада орналасса, екеуі шекара бекеттері. Сағат 10-00-дегі жағдай бойынша сайлаушылардың 25,5% пайызы өз таңдауын жасап үлгерген. «Ауыл», «Аманат» партияларынан, партиялық емес байқау орталығынан, «Талдықорған аймақтық әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық бірлестігінен, Талдықорған өңірлік жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоғамдық қоры сынды ұйымдардан бақылаушылар келді.

 

ӨЗ ТІЛШІМІЗ