"КӨШБАСШЫ – 2022": ЖЕТІСУДА СЕГІЗ ЖАС ЛЕУРЕАТ АТАНДЫ

Уақыты: 11.12.2022
Оқылды: 2134
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Алдыңғы буын ағалардың жолын лайықты жалғастырып, өздерінің сенімді ізбасар екенін дәлелдеп келе жатқан жастарға қашан да қолдау керек. Осыдан 20 жыл бұрын алғаш жалауын желбіреткен «Көшбасшы» жастар сыйлығы бүгінге дейін сан талантқа қанат бітіріп, шабытына дем берді.
Сан сала бойынша өздерінің іскер де білікті һәм білімді екенін дәлелдеп, биік белестерге құлаш ұрып келе жатқан дарынды жастар Б. Римова атындағы драма театрында бас қосты. Олар Жетісу облысы әкімінің «Көшбасшы – 2022» жастар сыйлығын еншілеп, қазақ жұртына қатари-хәлдің келгенінше еңбек ететінін жеткізді.
Алдымен өнер ошағында өткен салтанатты шарада Жетісу облысы әкімінің орынбасары Рустам Әли сөз алды. 
– Мемлекетімізде жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Оның айқын дәлелдерін күнара көріп, біліп отырмыз. Бұл салтанатты шараны көруге келген көрерменнің басым көпшілігі мектеп оқушылары мен колледж, университет студенттері. Сондықтан, ел Президенті техникалық бағыт бойынша білім алатын жастарға 5 мың грант тағайындағанын айта кеткен жөн. Бұл игілікті іс бойынша бүгінге дейін облысымызда 90 грант бөлініп келсе, келер жылдан бастап облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлының қолдауымен 100 грант бөлінеді, – дей келе, мемлекетімізде ғылымға да ерекше басымдық беріліп отырғанын, шәкіртақы мөлшері 2 есеге ұлғайғанын жеткізді. Жалынды жастарға мемлекет көлемінде жан жақты қолдау барын айрықша атап өткен Рустам Әлиұлы, әрбір азамат өзінің саласы бойынша биік белеске көтеріліп, еңбегін елге танытып, терсіңді һәм тегеурінді жұмыс нәтижесінде ұлт айналасына өнеге шашып, шарапатын тигізуі керек деп атап өтті.
Аймақ басшысының орынбасары рухты сөзінен кейін аталым бойынша «Көшбасшы» сыйлығына лайық деп танылған жалынды жастарды марапаттады. Атап айтсақ, Талдықорған жоғары политехникалық колледжінің 4 курс студенті Шарай Саматқызы «Үздік жас білімгер»,  Көксу ауданы Жылқайдар Егінбаев атындағы интернаты бар орта мектептің биология пәнінің мұғалімі Ұлан Уәлиев «Үздік жас ұстаз», Көксу аудандық орталық емханасының жалпы практика дәрігері Әсем Бейсембекқызы «Үздік жас дәрігер», Қазақстан Республикасының Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Бекарыс Садуақас «Үздік жас спортшы», Панфилов аданының өрені Ақжол Ұлдақан «Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы», Талдықорған қаласының «Sportivki.TDK», «AN» бренд-дүкенінің құрушысы және меңгерушісі Айберген Сұраншы «Үздік жас кәсіпкер», Нұрсұлтан Баймұхамбетов «Үздік жас батыр», Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мади Шәкенов «Үздік жас көшбасшы» аталымы бойынша «Көшбасшы – 2022» сыйлығының лауреаты атанды. Әр аталым бойынша жүзден жүйрік шыққандар арнайы статуэтка, диплом және 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
Марапаттау рәсімінен кейін «Үздік жас көшбасшы» аталымы бойынша лауреат атанған Мәди Шәкенов сөз алып, жалынды жастардың рухына күш беріп, ісіне қолдау білдіріп келе жатқан мемлекетке, өңірге мыңнан тұлпар шыққан әрбіріміз лайықты еңбек етіп, оның гүлденуі жолында бар күш-жігерімізді сарқуымыз керек деген жалынды пікірін арнады.
Өз кезегінде облыстық филармонияның өнерпаздары мың бұрала билеп, асқақ ән әуелетті.
 

 

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ,
Жетісу облысы