МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙДЫ

Уақыты: 11.12.2022
Оқылды: 1552
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев «Қытай – Қазақстан халықаралық өнеркәсіп қаласы» ЖШС басшылығымен онлайн режимде кездесу өткізді. Жиында «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында индустриалды парк салу жобасы талқыланды.

Облыс әкімінің айтуына қарағанда, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев маңызды бұл жобаны дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. – Мемлекет басшысы маңызды жобаны дамытуға ерекше назар аударып, біздің өңірге жасаған сапары кезінде шекара маңындағы ынтымақтастықты дамытуды ерекше атап өткен болатын. Бүгінгі отырыста қол қойылатын меморандум осы бағытта атқарылуы тиіс болған іс-шаралардың қайта жандануы және «Қазақстан – Қытай халықаралық өнеркәсіптік қаласы» жобасын іске асырудың жаңа кестесін бекітуге мүмкіндік береді. Жоба біздің өңірлеріміз үшін көрші елмен жемісті өзара экономикалық ынтымақтастық орнату үшін елеулі әсер ететіндігіне сенемін. Қазіргі уақытта біз «Қорғас» арнайы экономикалық аймағы қызметінің түрлерін кеңейту бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз, – дей келе тығыз қарым-қатынас орнатып, қажетті қолдау көрсетуге әзір екенін жеткізді. Қазақстан – Қытай халықаралық индустриалды қаласы басқармасының төрағасы И. Фацзюнь жоба бойынша компаниялардың тізімі нақты жасалғанын, бірақ пандемияның салдарынан кездесулер әзірге онлайн режимде ғана болатынын жеткізді. Сондай-ақ, желтоқсан айының соңына дейін Жетісуға барып, жеке кездесу барысында барлығын егжей-тегжейлі талқылауға қатысты үмітін білдірді. Осыдан кейін «Fujian Dazhuo Group» төрағасы Линь Сяову сөз алып, жобаны жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Облыс басшысы «Қазақстан – Қытай индустриалық қала» жобасы екі ел арасындағы сауда-экономикалық ғана емес, сонымен қатар технологиялық салаМеморандумға қол қойды лардағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын айтты. – Болашақ логистикалық технопарк құрамына жаңа өндіріс орындары, дамыған инфрақұрылымдар, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу кәсіпорындары, сауда және ойын-сауық орындары және тағы басқалар кіреді. Бұл жаңа жұмыс орындары ашылып, заманауи технологиялар дамиды деген сөз. Әрине, облыс бюджетіне түсетін салық түсімдері де маңызды, – деді Бейбіт Өксікбайұлы. Жиын соңында қос тарап ұзақмерзімді ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Жалпы инвестиция көлемі 1 трл. теңгеден асады. Бұл – облыстың 3 жылдық бюджетті. Айта кетейік, биылғы қыркүйек айының басында «Қазақстан Республикасы мен Қытай арасындағы ынтымақтастық жөніндегі достық диалог» онлайн кездесуі аясында Шыңжаң өлкесі мен Жетісу облысы арасында бауырлас қала қатынастарын орнату туралы хаттамаға қол қойылған болатын. Жетісу облысы әлемнің 99 мемлекетімен сауда және серіктестік қарым-қатынаста.

Айдар ҚАЛИЕВ,
Жетісу облысы