КЕМЕЛ КЕЛЕШЕК КЕПІЛІ

Уақыты: 11.12.2022
Оқылды: 1724
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Әрбір мемлекеттің дамуы ашық саяси шараларға тікелей байланысты. Дамудың даңғыл жолына түскен елдердегі ашықтық, жариялылық талаптары көңілден шығып, халықтың қолдауына ие болады. Біздің еліміз де дамудың осындай жолынан сырт қалмай, кез келген саяси шараның ашық өтуіне мүдделі болып отыр. Оның мысалын биылғы кезектен тыс Президент сайлауынан анық байқадық.

Әрине, ел болған соң түрлі пікірлердің айтылуы, қарама-қайшы көзқарастардың тууы заңды құбылыс. Бірақ оның мемлекеттік ұстанымға тиімсіз жағын жасырып, жабу жақсылыққа апармайды. Ондайдан қоғамның тұрақсыздығы туындауы бек мүмкін. Осыны жақсы білетін мамандар халықтың көкірегінде жүрген ойлардың ашық айтылуына жағдай жасап, кейбір көлеңкелі тұстарға да көңіл аудара бастады. Бұл шынында адамзаттық дамудың нақты талабынан туындайды. Сондықтан мемлекетіміз адам баласына тән қасиеттер мен талаптарға мүмкіндік беруде. Биыл қыркүйек айының басында «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдау жариялаған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кезектен тыс Президент сайлауын өткізу керектігін алға тартып: «2023 жылдың ортасында Президент, Парламент, Үкімет сияқты негізгі саяси институттардың бәрі қайта жаңғырып, жаңарады. Біз ашық бәсекелестік орныққан және бәріне тең мүмкіндік берілетін Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Ауқымды саяси өзгерістерді ашықтық, әділдік және өзара сенім арқылы жүзеге асыру аса маңызды» – деген болатын. Соған сәйкес сайлау да өтті. Саяси доданың ең ерекшелігі бюллетеньге «Бәріне қарсымын» деген графаның қосылуынан анық байқалды. Себебі, халықтың таңдау жасауына берілген мүмкіндік еді бұл. Сол арқылы сайлаушылар арасында осы графаны белгілеушілердің бар екені белгілі болды. Әрине, ел арасынан бәріне қарсылық танытушылардың шығуы да заңдылық. Есесіне, еркін ойлы еліміз әрбір бастаманың қарсыласы болатынын ұғынды. Сол арқылы әркім өз таңдауын қысылмай жасаудың еш сөкеттігі жоқтығын түсінді. Расында мемлекеттің дамуы ашық жолмен, әділетті ұстаныммен жүргенде ғана нәтижеге жететіні белгілі. Сол себепті, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әділеттілік принципін алға оздыру керегін алғаш сайланған сәтінен бастап айтып келеді. Соның ықпалымен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдасы жүзеге асып отыр. Оның мысалын көптеп келтіруге болар. Соның ішінде әдебиетсүйер қауымды таң қалдырған жайттың бірі, мемлекеттік сыйлықты беруге байланысты қабылданған шешімді ерекше айтар едім. Биылғы сыйлықты әдебиет пен өнердің жеті өкілі алды. Соның бірі жазушы Тұрысбек Сәукетаевқа алыста жатқан белгілі қаламгер Мұхтар Мағауиннің қолдау білдіруі мемлекет басындағы азаматтардың мемлекеттік сыйлықты беруге шешім шығаруына ықпал етті. Осының өзі еліміздегі өзгерісті, жаңашыл қадамның белгісін білдіреді. Ендеше оның жақсылығын қалай айтпасқа?! Міне, Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев көтерген әділеттілік ұстанымы кейінгіге осылайша әсер беріп, әрбір саланың тұла бойына қан жүгірткендей болып отыр. Шынында мемлекеттің тұрақты дамуы, қарқынды қуат алуы, өрісті өркендеуі – қоғамның, мемлекеттік жүйенің әділеттілігіне тікелей байланысты. Өзара тығыз қарым-қатынастың орталығына жататын салалардың жұмысында нәтиженің жоғары болуы да осындай ұстанымға тәуелді. Сондықтан оны жұрт болып қолдағанда ғана биік межелерді бағындырып, мол табысқа кенелеміз. Ұлт батыры Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін берік ұстансақ, мемлекеттің ішкі тәртібін нықтап, сыртқы күштердің ықпалын оңай еңсереріміз анық. Сол себепті, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын кезеңде қапы қалмауымыз керек. Әйтпесе, келешектің кемел болуына күмән бар. Бүгінгі ұрпағымыз әлеуметтік желілер, оның ішінде ютубпен, тик-токпен тәрбиеленіп жатқанын ескерсек, күмәніміз ұлғая түседі. Сондықтан әрбір азамат мемлекеттің тұрақты дамуы отбасындағы тәрбие мен тәлімге тікелей байланысты екенін ұғынатын уақыт жетті.

Әміре ӘРІН,
 Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері