АНДАС ӘУЛЕТІ «JETІSÝGA» 30 ОҚУШЫНЫ ЖАЗДЫРДЫ

Уақыты: 07.01.2023
Оқылды: 1300
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бейсен Құранбек атындағы журналистер үйінде Жетісу облыстық білім басқармасы, «Казпошта»АҚ Алматы облыстық филиалы және «Мерейлі отбасы – 2022» Ұлттық байқауының жеңімпазы Андас әулетінің ұйымдастыруымен мәдени, тағылымды шара өтті. Оған облыстағы аудан-қаладан білімге құштар, өнерге бейім, ұлттық құндылыққа жаны жақын 30 оқушы мен олардың жетекшілері қатысып, өнерін көрсетіп, өрлігін танытты.

Шараны облыстық «Jetisy» газеті бас редакторының орынбасары, ақын Жұматай Әміре жүргізіп, алдымен аталмыш шараның мән-мағынансын түсіндірді:
– Ғасырдан ұзақ тарихы бар облыстық «Jetіsý» газетінің қазақ руханияты үшін сіңірген еңбегі ерен. Қазақ әдебиеті мен мәдениетінде орны бөлек кешегі Ілияс, Мұхтар, Мағжандар бастаған ұлы көштің бәрі де «Jetisy» газеті арқылы танылып, есімі тарихта қалды. Одан кейінгі сан буынды тәрбиелеуде де басылымның орны ерекше, беделі биік болды. Міне, бүгінде сол дәстүрді Андас әулеті жалғастырып, облыстың аудан-қаласынан 8-10-сынып аралығында оқитын 30 оқушыны «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында қарашаңырақ газетке жаздырып, демеушілік танытып отыр. Әрине, білімге, ғылымға, руханиятқа жасалған демеушіліктің бағасы үстем болатыны анық, – деп атап өтті.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлытауда өткен Ұлттық кеңесте берген тапсырмасы аясында жүзеге асуда. Облыстық білім басқармасының бас маманы Руслан Арсыланов аталған жоба аясында облыста қандай шаралардың атқарылып, нендей жетістіктерге жеткені туралы баяндаса, «Казпошта» АҚ Алматы облыстық филиалының жетекшісі Айбол Таңжарбек оқушыларға поштаға жазылған түбіртегін табыс етті.
Келесі кезекте Андас әулетінің отанасы, «Парасат» орденінің иегері, «Алтын алқалы» ана Әуесхан Мажайқызы балалардың болашағына сәттілік тілесе, осы әулеттің ұлы, әріптесіміз Қажет Андас әулет құндылығы туралы айта келіп, тарихшы, айтыс және жазба ақын Андас Омарақынның «Тарих талғарында», «Дода», «Жылдар ізі» атты 3 томдық еңбегін таныстырып, оқушыларға сыйға берді. Сондай-ақ, облыстық білім басқармасы мен Андас әулеті бірлесе отырып, алдағы жарты жылда «Оқуға құштар мектеп» жобасы негізінде жүргізілетін «Андас Омарақын оқуларының» ережесімен таныстырды.
– Жаңа бастама бүгінгі шараға қатысқан 30 оқушының арасында, алғашқы жарты жылдықта сынақ ретінде өтеді. Ол «Тарих талғарында» жас өлкетанушылардың ғылыми жұмыстары байқауы, «Дода» атты жас айтыс ақындарының айтысы және  «Жылдар ізі» атты жас жазба ақындар мүшәйрасы сияқты үш бағытта жүргізіледі. Әр номинацияға дайындалған оқушылар еңбегінде Андас Омарақын шығармашылығын үлгі етуі керек. I, II, III дәрежелі орын алған үміткерге облыстық білім басқармасының Алғыс хаты мен Андас отбасы атынан қомақты ақшалай жүлде тағайындалады. Үш номинация бойынша І орын алған оқушылар оқитын мектепке облыстық білім басқармасының  «Оқуға құштар мектеп» атты көшпелі туы тапсырылады,  – деді ол.  
Келесі кезекте әр өңірден келген оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, өлең оқып, айтысқа түсіп, шараның шырайы ашыла түсті. 

Серік ҚАНТАЙ