НАЗАРБАЕВ ЗИЯТКЕРЛІК МЕКТЕБІНІҢ ОҚУШЫСЫ АМЕРИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТТЕН ШАҚЫРТУ АЛДЫ. ЖЕТІСУ ОБЛЫСЫ

Уақыты: 09.01.2023
Оқылды: 1442
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Адэля Балқашева Бостондағы Америка университетінің HULT халық- аралық бизнес мектебінен шақырту алды. Оған 10 000 долларлық грант берілді. 

– АҚШ-тың ірі қалаларының бірінде оқу мен үшін үлкен мүмкіндік. HULT-қа шақырту келген кезде қатты таңқалдым. Дегенмен, бұл жақсы жаңалық және де бұл бизнес пен технологиядан бастап, өнер мен музыкаға дейінгі соңғы идеялар мен ең заманауи трендтерді зерттеу мүмкіндігі болып табылады, – дейді Адэля.
Адэля мектептегі «Википедия» клубының белсендісі. Ол интернет-энциклопедияға қазақ тілінде 400-ден астам мақала жазған. Сондай-ақ Жетісу өңіріндегі ауыл балаларына, «Айналайын» балалар үйінде ағылшын тілінен сабақ береді.
– Мақсатым – қаржы саласында білім алу. Назарбаев зияткерлік мектебінен алған білімімнің арқасында мен әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттермен бәсекеге түсе аламын. Маған барлық есік ашық. Өйткені, әрбір оқушы, NIS түлегі – өз өмірінің, елінің көшбасшысы, – деген дарынды оқушы болашаққа деген жоспарымен бөлісті.
HULT халықаралық бизнес мектебі – Бостонда, Сан-Францискода, Лондонда, Дубайда және Шанхайда кампустары бар бизнес мектебі. Білім ордасы Англия жоғары оқу орындары, MBA қауымдастығымен аккредиттелген. HULT дипломдарын, сондай-ақ жоғары білім берудегі шетелдік дипломдарды аккредиттеу бойынша британдық кеңес мойындады.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"