«АЛАТАУ АРАЙЫНА» АҚ ЖОЛ

Уақыты: 09.01.2023
Оқылды: 2211
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысының Жарлығымен Алматы облысы екіге бөлінді. Өзендер өрнектеген өлкенің бір пұшпағы Жетісу облысының еншісіне берілді. 
Осы тұста 100 жылдан аса тарихы бар қазақ баспасөзінің атасы «Jetіsý» газеті жаңадан құрылған облыстың ақпарат айдынына айналып, орталығы Қонаев қаласы болған Алматы облысынан «Алатау арайы» деген жаңа газет өмірге келді. Ұзақ жыл бір басылымда еңбек еткен ұжым да бөлінуге тура келді. Қызығы мен қиындығы қатар жүретін журналистика саласында бір сапарлас болған әріптестеріміз жаңадан ашылған «Алатау арайы» газетінің көш-керуенін бастады. Төрт ай ата басылым «Jetіsý»-дың құшағында оқырманымен қауышып келген «Алатау арайы» еншісін алып бөлініп шыққан үлкен ұлдай өз шаңырағын көтерді. Керегесі кең, уығы бекем, шаңырағы биік болсын руханият ордасының. Қарымды қаламгер әріптестеріміздің оқырманы көп болғай! 
Облысымыз бен газетіміз бөлінгенмен мақсатымыз бір, тілегіміз ортақ. Бүгін барыс жылының соңғы саны оқырманға жол тартады. Осы тұста «Алатау арайына» ақ жол тілеп, бірауыз ілтипатымызды білдіргіміз келеді. Өздеріңізді қанаттандырған «Jetіsý»-дың жасын берсін, қадірлі әріптестер!

 

«Jetіsý» газетінің ұжымы