АЛҒЫС! МЕМЛЕКЕТКЕ ЗАР БОЛҒАН ҚАНШАМА ҰЛТ БАР

Уақыты: 01.03.2023
Оқылды: 1339
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алдымен алғыс деген сөздің түбіріне үңілер болсақ, шүкіршілік шығады. Орыстың «благодарность» сөзімен үндеседі. Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Шүкір етсең маған, тағы берем саған!» – дейді. Сондықтан бүгінгі біздің еліміздегі Алғыс айту күнінің негізгі мағынасы Жаратушыдан келген болады.

Жаратқан Алла Тағала қасиетті кітабында барша мұсылманға «жақсылыққа да, жамандыққа да шүкір етіңдер» деп бұйырады. Өйткені, адам баласы пенде болғаннан кейін көп нәрсеге шектеулі көзбен қарайды. Тіпті, жақсылыққа шүкір-шүкір деп, қиындыққа келгенде шүкір айтпай, керісінше ренжиміз, қайғырамыз, қасірет шегеміз. Осыны жақсы білген Жаратушы: «Неліктен әділетсіздік жасайсыңдар?! Сендер жақсылыққа да, жамандыққа да шүкіршілік етіңдер! Себебі, әр жамандықтың артында жақсылық бар. Оны көрмейсіздер. Сондықтан әділетті болыңдар», – деген бұйрық райда сөз айтады. Сол себепті қазақтың мінез-құлқы Құранмен үндеседі деп айтуға болады. Қиналып жүрген қазақтан жағдайын сұрасаң: «Шүкір!» дейді. Осыны байқадыңыздар ма?!
Жалпы, шүкіршілік табыстың көзі, сәттіліктің бастауы. Шүкірлікті көп айтқан сайын адамның асыл қасиеттерін арттырады. Яғни, халқымыздың ұғымындағы «ер» сөзі – көп шүкіршілік айтатын адам дегенді білдіреді.
Енді алғыс айту, рахметін жеткізуге келсек, құдайға шүкіршілік етудің бірнеше сатысы барлығын байқаймыз. Қазақтың: «Аллаға алғысы жоқтың, адамға рахметі жоқ» – деген сөзі осыны меңзесе керек. Яғни, адамға ризашылық білдіру арқылы сол пендені жаратқан Құдай тағалаға алғыс айтылады. Шынында алғаусыз пейілмен рахмет айту, риясыз пейілмен алғыс білдіру кісінің көңіл-күйін көтереді, көкірегі ғаламдық қуатқа ашыла түседі. Егер керісінше өкпелеп, реніштен көңіл бұзылса жабылып, құдайлық нығметтен сырт қалады. Рахмет айтқан сайын ырыздық толассыз келеді. Құдайдың жаратылыстарына, адамдарына ризашылық білдіріп, тіршілікке үнемі рахмет айтып жүрсең Алла ризық-несібеңді үздіксіз береді.
Сондықтан алғыс айтуды бір күнмен шектемей әр күні, әр сәтте айту керек. Қалың ұйқыдан оятқанына, төсектен аман-сау тұрғызғанына, әлдебір жәндік емес адам қылып жаратқанына шүкірлік қылу қажет. Деніміздің саулығына, бала-шағамыздың амандығына, отбасымыздың бүтіндігіне, жұмысымыздың жүріп тұрғанына, еліміз, жеріміз, мемлекетіміздің барлығына шүкірлік болсын айтамыз. Бұл өмірде ауру-сырқаулы, жалғызбасты, отбасын құрай алмаған, жұмыссыз қалған қаншама пенде бар?! Бір мемлекетке зар болған қаншама ұлт бар?! Солардың басындағы жағдайды ойлап, қолдағы барға шүкірлік ету дұрыс болар еді.
Кейде халқымыздың санасы әлі де жетілуі керек секілді көрініп кетеді. Оған ел ішіндегі әсіре ұлтшылдардың: «Өзге ұлттар қазаққа алғыс айтуы керек» – деген пікірі әсер етеді. Меніңше ұлт деген сөзді біз сонау кеңестік кезеңнен қалған этностық деңгеймен түсініп жүргендейміз. Негізі әлемде ұлт, nation, нация – азамат деген мағына береді. Сол арқылы мемлекеттің беріктігін нығайтады. Адамның этникалық шығу тегі кейін қалып, алдыңғы орынға мемлекеттің азаматтығы шығады. Сондықтан бізде де бәрі қазақ азаматы атануы тиіс. Өйткені, осы жердің суын ішіп, ауасын жұтып жүрсің. Бұл кейде орын алып қалатын, «сен қазақсың, орыссың, ұйғырсың» деген бөлінуге апармауы тиіс. Неге? Себебі, халқымыздың «ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» – деген сөзі үлкен сабақ болуы қажет. Оның үстіне қазіргідей геосаяси жағдай шиеленіскен кезеңде бізге бөліну емес, бірігу керек. Бірлігі мықты елді іштен дау, сырттан жау алмайтынын тағы да айтқан халқымыз. Сондықтан Қазақстанда өмір сүріп жатқан кез келген этнос өкілдері осыны жақсы білуі тиіс. Бұл әлемнің АҚШ, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Италия сынды елдеріне тән құбылыс. Мысалы, Түркияда тұратын күрд, грузин, грек, армян ұлттарының өкілдері мемлекеттік мүддеге келгенде бірауыздан түрікпіз дейді. Азамат ретінде Түркияның жерін пайдаланып, суын ішіп отырғандықтан азаматтық ұстанымды берік ұстануға мәжбүр. Бұл бізге де керек.
Ал қазақы ұғымда азамат дегеніміз –  қарынның, құлқынның қамынан көтеріліп, елдің, жердің, мемлекеттің қамын ойлайтын деңгейге жеткен адам. Еліміздегі ұйғыр, дүнген, өзбек өзін Қазақстан азаматы сезінгенде ғана ісі мен күшін мемлекеттің дамуына береді. Егер өзге елдің азаматымын десе, бар күшін қазаққа бермейді, бір тиынның өзін сыртқа жібереді. Сондықтан біз әркімді жақын тартып, бауырымызға басуымыз керек. Ол үшін алғыс айтуды әркім есте ұстағаны жөн. Себебі, ол адамның мықты денсаулығы, түгесілмес байлығы, бәле-жаладан амандығы үшін қажет екендігін ұмытпаған жөн.

Омар ЖӘЛЕЛҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты, 
абайтанушы