АЛҒЫС! ЖАНАРҒА ЖАС АЛМАЙ АЙТА АЛМАЙМЫЗ

Уақыты: 01.03.2023
Оқылды: 1004
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Апат айтып келмейді. Бір күнде 10 провинциямыз жойқын зілзаланың зардабын шекті. Есімізді жия алмай қалдық. Дәл осы сәтте бізге көмекке алғашқылардың бірі болып, қазақстандық бауырларымыздың келгенін жанарға жас алмай айта алмаймыз.

Бауырларымыздың қиын кезде далаға тастамайтынын сезіндік. Қазақстанның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия республикасының Қазақстандағы елшілігіне барып, мыңдаған адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.

Сондай-ақ, Қазақстанның бізге жан-жақты қолдау көрсететінін жеткізді. Алғашқылардың бірі болып, ҚР төтенше жағдайлар министрлігі мен республикалық жедел-құтқару жасағының арнайы техникалық жабдықтарымен бірге 41 адамнан тұратын халықаралық дәрежедегі құтқарушылар мен дәрігерлер мемлекетіміздің Газиантеп провинциясының әуежайына ұшып келді.

Көп ұзамай астана қаласынан қосымша көмек көрсету үшін ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің 2-эшелоны құтқару құрал-жабдықтарын тиеп тағы келді. Қазақстандық құтқарушылар тобы Газиантеп провинциясында 4 адам, ал Нұрдағы елді мекенде 3 адамды құтқарды. Алғысымыз шексіз.

Әр адамның құтқарылуы біз үшін үлкен қуаныш. Көптеген адам үйсіз қалды. Ата-анасыз қалған балалардың жай-күйін айтсаңызшы. Оларды өмірге ынталандырып, алдандырып, ойнатып, оқыту үшін арнайы жылы орын керек еді.

Осы кезде бауырлас қазақстандықтар 100-ден аса киіз үй жіберді. Қауіпсіз, сүйегі жеңіл үйлер балаларды паналатқанға таптырмас мекен. Онда ұстаздар ұл-қыздарды жинап, ойнатып, қуантты. Қазақстаннан келген киіз үйлер Кахраманмараш елді мекеніне жеткізіліп, «Кахраманмараш кылавузлу халық бақшасында» тігілді.

Гуманитарлық көмектер Қазақстанннан әлі де келіп жатыр. Мұнда шатыр, жылытқыш, жылы киім, көрпе-төсек, жамылғыш және басқа тұрмыстық заттар тоқтаусыз жеткізілуде.

Оқу орындары, жеке адамдардың бауырмалдығына тәнті болдық. Жан-жақты қолдау болған кезде қандай қиындықты да көтеруге болады екен. қазақстандық бауырларға мың алғыс!

Наджие Ата Йылдыз, Түркиядағы
Қажы Байрам Вели университетінің Еуразия
және Түркі әлемі ғылыми-зерттеу орталығының
төрайымы, профессор: