ЖОБА ЖЕҢІМПАЗДАРЫ МАРАПАТТАЛДЫ

Уақыты: 29.11.2017
Оқылды: 1186
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Күні кеше ғана пайдалануға берілген Талдықорған қаласындағы Көрме кешенінде облыстық «Бәсекеге қабілеттілік. Прагматизм. Сананың ашықтығы» атты үкіметтік емес ұйымдарының форумы өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында ұйымдастырылған айтулы шараға облыс әкімі Амандық БАТАЛОВ қатысты.

Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, халықаралық ҮЕҰ өкілдері және белгілі қоғам қайраткерлері қатысқан шараның әлқиссасы баспасөз отырысымен басталды. Онда «Enactus Kazakhstan» қорының президенті Альбина Ержанова, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Нұрлан Өтешов және Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қорының атқарушы директоры Ринад Темірбеков атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті. Келесі кезекте қатысушылар өңірде қызмет етіп жатқан әлеуметтік жобалардың көрмесімен танысып, арнайы түсірілген бейнероликке назар аударды. Форумды жүргізген облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар игі істің жаңашылдығы мен мәніне тоқталды. Осы арқылы қызметтік қарым-қатынас нығайып, әртүрлі жобалардың іске асуына зор мүмкіндік туатынын айтты. Ал өңір басшысы Амандық Ғаббасұлы әуелі жиынға келген қонақтарды жер жаннаты Жетісуға келулерімен құттықтады. 
– Демократиялық даму жолын таңдаған әрбір мемлекеттің қоғамдық-саяси өмірінде үкіметтік емес ұйымдардың маңызы зор. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанда азаматтық қоғам институттары қалыптасып, дамып келеді. Олар көптеген бастаманы іске асырып, маңызды мәселелерді шешуге атсалысып жүр. Бүгінде өңірімізде 388 ҮЕҰ бар. Оның 60 пайызы ауылдық жерде тіркелген. Халықтың әлеуетін арттыру, білім және спорт, жастар саясаты мен балалардың құқығын қорғау сынды бағытта 148 әлеуметтік жоба жұмыс атқаруда. Нәтижесі де жоқ емес, оның дәлелі Астана қаласында марапатталған 59 ҮЕҰ-ның 5-еуі Алматы облысынан, – деген Амандық Ғаббасұлы форум қатысушыларының істеріне сәттілік, еңбектеріне табыс тіледі. 
Әрмен қарай арнайы шақырылған спикерлер сөз алып, ойларын ортаға салды. Солардың бірі Альбина Мейірбекқызы «Enactus Kazakhstan» қорының атқарып жатқан жұмысын тілге тиек етіп, келешекте әріптестік орнатуға қашанда дайын екендігін жеткізді. Арнайы әзірлеген деректі фильм де көрсетілді. Спикер Ринад Сабырұлы болса Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия қоры тарапынан Алматы облысында жұмыс жасап жатқан жобаларды атап өтті. Осы форумнан кейін олардың саны артатынына сенім білдірді. Нұрлан Сүлейменұлы грант ұтып алу мәселесін кеңінен тарқатып айтты. «Грант тек мемлекет тарапынан емес, бизнес өкілдері мен халықаралық ұйымдар тарапынан да беріледі. Сондықтан ҮЕҰ-ның әлеуметтік, кәсіпкерлік бағыттағы үздік жобаларын ұтысқа қатыстырып, жұмыстарын жаңдандыруларына болады», – деді ол. Талдықорғандағы жеке жұмыспен қамту қорының басшысы Светлана Садвакасова сөз алып, өңірде мүмкіндігі шектеулі жандар да қажетті білім алып, жұмысқа орналасып жатқандығын мақтанышпен жеткізді.
Форум аясында 2017 жылы іске асырылған ең үздік әлеуметтік жобалардың 5 номинациясы бойынша өткізілген конкурста жеңіске жеткен ҮЕҰ-дар марапатталды. «Ардагерлер және қарттармен жұмыс» номинациясымен облыстық ардагерлер кеңесі, «Гендерлік саясат» номинациясынан «Жамбыл ауданының әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс» номинациясы аясында Кербұлақ аудандық «Қамқор» қоғамдық бірлестігі, «Азаматтық қоғамды дамыту» номинациясымен «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы» қоғамдық қоры және «Жастар саясаты» номинациясы бойынша Сарқан ауданының «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігі үздік деп танылып, ақшалай сый-сияпатқа ие болды. 
Шарада облыстық ішкі саясат басқармасы және облыстық Азаматтық Альянсы, Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы, Қазақстандағы Орталық Азияның Еуразия, «Enactus Kazakhstan» қорлары ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Облыстық Азаматтық Альянсы атынан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында рухани жаңару туралы Үндеу қабылданды.
Форумда Алматы облысының үкіметтік емес ұйымдарының консалтинг орталығы атқарып жатқан жұмыс та тілге тиек етілді. Орталықтың жетекшісі Елдар Сапаров қорытынды сөз сөйлеп, жиынға қатысқандардың барлығына алғыс айтты.

 

Мәулен Әнербай