Қатаң бақылау тапсырылды

Уақыты: 09.12.2017
Оқылды: 1263
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмаларын орындау, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы және азаматтардың өтініштеріне қатысты мәселелерді талқылау бойынша партиялық актив жиналысы өтті. «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Әбдірахымов, облыс әкімінің орынбасарлары, облыстық партия филиалының Саяси бюро мүшелері мен партияның Саяси кеңес мүшелері, аудан, қала әкімдері, аумақтық партия филиалдары төрағаларының бірінші орынбасарлары, облыстық департамент, басқарма басшылары қатысқан жиында Жетісу жеріндегі жетістіктер сараланып, кеткен кемшіліктерді түзеу мәселелері қаралды. Алқалы жиынды облыс әкімі, партия филиалының төрағасы Амандық Баталов ашып, жүргізіп отырды.

Күн тәртібінде қаралған төрт мәселеге орай Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы Темірлан Бектасов, облыстық білім басқармасы басшысы Дәурен Жүнісов, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Эльмира Ахметова кезекпен мінберге көтеріліп, осы салалардағы жұмыстарға тоқталды. Барлық саланың жетістігі көңіл көншітерлік, тіпті, бар салада мұндай өсім бұған дейін болмапты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жұмысы өркендеп, құрылысы қарқындап дамып жатыр. Алайда баяндамашыларға қосымша сұрақ қойған партия хатшысы Ғабидолла Рахматоллаұлы облыс үшін жайсыз мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, құрылысы 2015 жылы басталып, аяқсыз қалған Талдықорған қаласындағы 300 пәтерлік 5 тұрғын үйдің қазіргі кебі, облыс орталығының «Шығыс» шағын ауданындағы тұрғындардың ауызсудың жоқтығына қатысты шағымдануы, биыл жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс алайда, мерзімінен кешіккен Іле ауданы Төле би ауылындағы 300 орынды орта мектептің күйі, облыс оқушыларының Ұлттық бірыңғай тестілеуден 4 жыл бойы соңғы орыннан көрінуі, мүгедектерге көрсетілуі тиіс медициналық көмектің кешігуі, әлеуметтік қолдаудың жоқтығы сынды өзекті мәселелерді алға тартқан «Нұр Отан» партиясының хатшысы:
– Бүгінгі отырыстың нәтижесі бойынша Үкіметке сұрау саламыз. «Бәйтерек-девелопмент» АҚ-на қатысты мәліметтерді өзім тікелей жеткіземін. Өйткені осындай түйткілді мәселелердің жылдам шешілуін халық күтіп отыр. Оның үстіне, «Нұрлы жол» бағдарламасын Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ұсынғандықтан мерзімінде бітуін қадағалауымыз керек, – деп «Нұрлы жол» бағдарламасымен бөлінген қаржының мақсатты жұмсалуын «Нұр Отан» партиясы өз бақылауынан түсірмейтінін жеткізді. – Партия қатарындағы мәслихат депутаттарының қаланың көркеюіне үлес қосуын ойластыру керек. Өйткені, депутаттар сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстары кезінде көпшілікке көптеген шаруаны уәде етеді. Алайда депутат болған соң бітті, жекебастарының мәселелерінен өзге ештеңені шешпейді. Сондықтан қазір еліміздің барлық облыстарына шыққан сайын мәслихат депутаттарының жергілікті билікке, әкімдерге «Нұр Отан» партиясы жариялаған бағдарламалардың жүзеге асуына көмектесуге міндетті екендігін айтып жүрміз. Еліміздегі депутаттардың 90 пайызы «Нұр Отан» партиясының мүшесі. Олар халыққа сайлау кезінде берген уәделерін орындауға борышты. Егер уәдесінде тұрмаса партия оларды мүшеліктен шығару туралы мәселені қарастыруы керек. Сол себепті, осы өңірден шығып, кәсібін дөңгелеткен кәсіпкерлер өзі тұратын қаланың өркендеуіне үлес қосуы тиіс. Ең болмағанда ауланы көріктендіруге қатысуы керек. Сол кезде ғана бюджет қаржысын үнемдеп, халықтың игілігіне жұмыс істеуге болады.
Бұдан кейін мінберге көтерілген облыстық білім басқармасының басшысы Дәурен Жүнісовтің бұл қызметке келгеніне көп болмағанын ескерген астаналық құзырлы қонақ Жетісу жерінен белгілі ғалымдар, ақын-жазушылар, қайраткерлер көптеп шыққанын, әсіресе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың туған өңірі барлық сала бойынша алдыңғы орыннан көрінуі керектігін алға тартып, білім саласының қожырауы жақсы еместігін ескертті. Сонымен қатар, жалпы елімізде үш ауысым да сабақ беретін мектептер саны 119 екендігін, оның 31-і Жетісу жеріне тіркелгенін еске салған «Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла Рахметоллаұлы Ұлттық бірыңғай тестілеу бойынша Алматы облысы қатарынан ең соңғы орынды 4 жыл бойы бермегендігінің себебін сұрады. Нақты жауап болмағандықтан облыс әкімі Амандық Баталовқа қарата білім саласына түбегейлі реформа жасау қажеттігін ескертті. Осыған орай өңірдегі мектеп директорларының, мұғалімдерінің кәсіби біліктілігін арттыруды үдетіп, білім ошағының жетекшілігін арнайы іріктеуден өткен мамандарға беру қажеттігін айтқан Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласында әкім болған кездегі тәжірибесімен бөлісті. Әсіресе, баланың сабаққа қатысуын ұдайы қадағалау үшін сынып журналын электронды үлгіге ауыстырудың тиімділігін әңгімеледі. Оның айтуынша, электронды журнал әрбір ата-анаға баласының сабаққа қатыспағанын мұғалімнен бірден біліп отыруға мүмкіндік береді.
Бұдан соң денсаулық сақтау саласына қатысты мәселелерді талқылаған Ғабидолла Рахматоллаұлы мен облыс әкімі Амандық Баталов жауапты мамандарға нақты тапсырмалар беріп, жиынды қорытындылады.
«Нұр Отан» партиясының хатшысының ресми сапары бұдан соң Жастарға қызмет көрсету орталығында жалғасып, Жетісу жерінің жастарымен ашық әңгімеге ұласты. «Асар» реабилитациялық орталығының жетекшісі Елдос Баялышбаев, Сарқан аудандық «Жас Отан» жастар қанаты бөлімшесінің төрағасы Аслан Көбентаев, Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Данияр Жаныс,      І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің 2-курс студенті Айзада Оразалы сынды жастар өз сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін талқыға салды.
*  *  *
Елбасы тапсырмасының орындалу барысын бақылау мақсатында өңірлерді аралап жүрген «Нұр Отан» партиясының хатшысы Көксу ауданына да табан тіреп, қос бірдей нысанның қызметін тексерді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша салынып жатқан Алматы – Өскемен тас жолы жұмысын анықтап, Көксу қант зауытына бас сұғып, біріне налып, бірінен қуанып қайтты. 
Халық қалаулысы болған «Нұр Отан» партиясының хатшысы жергілікті тұрғындардың хатына орай, өтініштеріне мән беріп республикалық жол жұмысын тексеруді жоспарлапты. Жол жұмысының созылып кеткендігіне ел наразылығы артуының себебін анықтауға арнайы ат басын бұрған. Ұзындығы 240 шақырым құрайтын Алматы – Талдықорған тасжолының 18 шақырымына бола барлық жұмыс тоқтап, пайдалануға берілу уақытынан әлдеқайда асып кеткен. Осыған орай қойылған сұраққа жергілікті атқарушылар жылдың соңына шейін қозғалысты қамтамасыз етеміз деп жауап берді. Сондай-ақ, осы құрылыс барысында биылғы жылы өңірімізде мыңнан аса адам жұмыспен қамтылған. Республикалық жолдың қазіргі таңда 90 пайыз жұмысы бітіп тұр, тек  2,3 шақырымға асфальт төсеу ісі  ғана аяқсыз қалған. Және де көшенің электр тораптарын тартып, жарықтандырып, тротуарларын төсеу керек. Алғашқы кесте  бойынша 2015 жылы бітуі керек жол жұмысы бөлінген қаржының кешігуіне байланысты былтырғы  жылдың соңына шегерілген екен. Жол айрығы Бақтыбай ауылында елді мекеннің ішінен өтетін болғандықтан ауыл тұрғындарының наразылығына байланысты жобаға өзгеріс еніп, жоспар бір жылға  шегерілген. Нақты айтқанда, осы жылдың желтоқсан айына дейін барлық жұмыс бітуі тиіс еді. Ал қазіргі барысына қарайтын болсақ кешіктірілген жоспардың орындалар түрі жоқ. Бірақ жолға жауапты мердігерлер қазір ауа райының қолайсыздығына қарамастан, ыңғайын тауып арасында асфальт төсеп жатыр. Осыдан кейін былтыр бітуі тиіс жол құрлысының тағы бір жылға шегерілуіне кім жауапты екендігі анықталды. Бұған үш себепті тізіп берген жергілікті атқарушылар бетонның жетіспеушілігі бастысы екендігін айтқанымен ақтала алмады. Былтырғы жылы барлық қажетті дүниемен қамтылса да, биыл кейбір құрылыс заттары келмей қалғандығы тағы бар. Анығын айтқанда, 240 шақырым жолды ұстап тұрған 18 шақырымның жұмысына жауапты «Прогресс» компаниясы. Бақтыбай ауылы тұрғындарының аталмыш компанияға сенім артпауы да жұмыстың кешігуіне түрткі болған. Облыстық атқарушы орындардың халыққа түсіндіруінен кейін ғана жол құрылысы іске асқан. Кешіктірген компанияның сөзіне жүгінсек тапсырыс алушылар ақшасын уақытылы аудармаған, ал тапсырыс қабылдаушылар уақытында қаржы бөлгендігін айтқан. Жергілікті жол қызметіне жауаптылар негізгі жұмыстардың біткендігін тілге тиек етіп, осы айда Бақтыбай жолын ашатындығын айтты.        
 Бұдан соң Көксу қант зауытына бас сұққан Ғабидолла Рахматоллаұлы мұндағы жұмыстарға тәнті болып қайтты. Қант зауытының іші-сыртын аралап, жұмыстарымен танысып, көңіл көкжиегі кеңіді. Өңірді алға сүйреп келе жатқан зауыттың жұмысына керемет  деген баға беріп, ескі болса да жұмысы өнімді ғимарат жайында айтып өтті.
*  *  *
«Нұр Отан» партиясының хатшысы Ғабидолла ӘБДРАХЫМОВТЫҢ Шеңгелді ауылына іссапармен келуіне байланысты кездесу өтті. Ел арасындағы өзекті мәселелерді жіті қадағалап отыратын партияның кезекті жиынын облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ғалиасқар САРЫБАЕВ ашып, жүргізіп отырды.
Кіріспе сөзде ол биылғы 10 айда жалпы облыстық партия филиалы мен аумақтық партия филиалдарының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 5181 өтініш түсіп, оның 1534-і оңтайлы шешім тапқанын тілге тиек етті. Аталған өтініштердің ішінде денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсыздандыру және құқық қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтар тіркелген. Солардың қатарында Қосқұдық ауылындағы ауызсу мәселесі бар. Жергілікті тұрғындар талай жылдан бері жер қазып, құдық суын пайдаланып отыр.
Аталған мәселеге орай жауап берген Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қайнарбековтің айтуынша, шалғайда орналасқан ауыл мен Қапшағай су қоймасының солтүстік жағалауындағы демалыс орындарын сумен қамтамасыз ету үшін, зерттеу жұмыстары басталып кеткен. Сол аймақтан табылған екі ескі су құбырын толық жөндеу арқылы тек ауылды ғана емес демалыс орындары мен шаруашылық нысандарын да ауызсумен қамтуға болады. Сондай-ақ, ауылды үлкен жолға қосатын айналмалы жолдың тозып кетуіне байланысты күзде, қыс пен көктемде көлік қатынасы қиындайтынын алға тартып, мәселенің қашан шешілетінін сұраған тұрғындардың сауалына жауап берген қала әкімі көше жолдарын жаңарту, жарықтандыру, көгалдандыру жоспарын алдағы жылы қолға алатынын нақтылап айтты.
Осындай мәселелердің шешілуін партия назарында ұстайтынын ескерткен Ғабидолла Рахматоллаұлы Елбасы, Партия төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Партия халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуы керек» – деген тапсырмасының айқын дәлелі екенін айтып өтті.

 

Мәди АЛЖАНБАЙ,
Құралбек СӘБИТОВ,
Мақпал МЫСА.